Шегенделген шекара
Шегенделген шекара
259
оқылды

Ата-бабаларымыз қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын ұлан-ғайыр Ұлы Даланы қорғап, ұрпа­ғына мирас етті. Ал Тәуелсіздік жылдарында Елба­сымыз Н.Назарбаевтың көшбасшылығымен қазақ­стан­дықтар әлемдегі тоғызыншы территорияның шекарасын ха­лықаралық құжаттармен ресми рәсімдеді.

Осы арқылы шекара үнемі ши шығатын шиеленіс ошағы емес, ұлысымызды ұйыстыратын, мем­лекеттілік тұғырын мығым ететін ұстынға айналды. Шекараны ше­гендеу жаңа дәуірдегі жас қазақ мемлекеті үшін шыңдалу мектебі болды. Сөйтсек, бұл тіпті кең ты­нысты, кәрі жілікті мемлекет­тер­дің көбі ешқашан шыға алмаған шырқау шыңдардың бірі екен.

Тәңірдің тілегімен қоңсы қон­ған елдердің тату көршілік қа­рым-қатынасы халықтардың бейбіт тіршілігі үшін ғана емес, сондай-ақ теңқұқылы келісімдер жасап, өзара тиімді сауда-сат­тық­ты өркендетуге, мол табыс әкелер транзитті арттыруға, эконо­ми­каны гүлденту үшін инвестиция тартуға да қажет.

 

Қазақстан – ҚХР шекарасы

Азаттық алған тұста ұзындығы 1 783 шақырымдық Қытаймен арадағы мемлекеттік шекарада даулы учаскелер көп болды. Ке­ліс­сөздер тығырыққа тіреледі. Ма­мандар ортақ шешімге келе ал­маған. Мәселе ең жоғарғы дең­гейге шығарылады.

– Сол кезде ҚХР төрағасы Цзян Цзэминь маған аудармашы арқылы: «Нұрсұлтан, мен саған дос есебінде қараймын және ашық айтам. Егер бұл мәселені қазір шешпесек, болашақта оның шешілуі қиынға соғады» деген еді. Мен оның не айтқалы тұрға­нын жақсы түсіндім. Әңгіме ша­ғын ғана даулы аймаққа бай­ланысты еді. Дегенмен Қазақстан жағының пайдасына қарай шеші­летін нұсқа символдық тұрғыда маңызды еді. Мен мынадай ше­шім ұсындым: даулы аймақтың 53% – Қазақстанға, 47% – Қы­тай­ға тиесілі болсын. Жүзін суыт­қан Цзян Цзэминь қатқылдау да­­уыспен: «Не, бұл сен үшін прин­­ципті түрде маңызды ма?» деп сұрады. Мен де сондай қатқыл дауыспен: «Иә!» дедім. Қазақ хал­қының тарихи жады өте тереңде жатыр. Менің халқымның ұлттық көңіл күйі дәл осы мәселенің ше­шіміне байланысты. Өз сарап­шы­ларымен ақылдасқан ол ақыры: «Жарайды, онда қол қояйық» деді. Ратификациялық грамоталар алмасқаннан кейін 1995 жылдың 15 қыркүйегінде, Қазақстан–Қытай мемлекеттік шекарасы туралы келісім күшіне енді, – дейді Елбасы.

Шекарасы аспан астындағы барлық аумаққа таралады деп есеп­тейтін шың елімен мұндай келісімге КСРО да қол жеткізе алмаған.

«Патшалық Ресей мен Қытай арасында қол қойылған 1860 және 1885 жылғы келісімдерде Алтай өлкесінің солтүстік бөлігіндегі шекараға қатысты тек сол екі елдің мүдделері ескерілген. Қазақстан ХІХ ғасырда бодан ел ретінде шекара бөліске қатыс­ты­рылмады. Сондықтан 90-жыл­дардағы қазақ-қытай келіссөз­деріне мемлекетіміз білікті кар­тографтарды, жер мамандарын, дипломаттарды тартты. Нәти­же­сінде, 1994 жылы Н.Назарбаев пен ҚХР премьері Ли Пэн шека­раның алдымен 94 пайызын қам­тыған келісімге қол қойды. Қал­ғаны даулы учаскелер деп таныл­ды», – дейді Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов.

Ол КСРО мен ҚХР осы учас­келерге бола кезінде соғыса жаз­дағанына назар аудартты. Оған дайындық ретінде Алматыда алды­мен Түркістан әскери округі, кейін бүкіл өңірді жұмылдыру үшін Ортаазиялық әскери округі құрылған. Оған 1 миллиондай жа­уынгер мен орасан зор әскери ресурс, ұрыс техникалары кірді.

– 1969 жылғы наурызда Ре­сейдің Қиыр Шығысындағы Да­манск аралында шекара үшін кеңес-қытай қақтығысы орын алғаны, онда ондаған жауынгер қаза тапқаны белгілі. Артынша 1969 жылғы 13 тамызда қытайлық батальон Қазақстандағы Жала­ңаш­көлге баса-көктеп кірді. Бі­рақ ол кезде КСРО қару-жарағы Қытайдан қуаттырақ әрі заманауи болатын. Соның арқасында бас­қыншылардың беті қайтарылды. Осы есінде болса керек, көрші екі ел арасындағы даулы учаскелер жайында сөз бола қалса, қытай­мен келіссөздер тұйыққа тіре­летін. Содан Кеңес Одағы тұ­сында мұндай келіссөздердің 400-ге жуық раунды өтті! Тараптар бәрібір мәмілеге келе алмады. КСРО бұл ауыр «мұраны» тәуелсіз Қазақстанға қалдырды. Ақыр со­ңын­да жаңа Қытай тәуелсіз Қа­зақстан ұсынған ымыра фор­ма­тына илікті, – дейді Қ.Сұлтанов.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың мәмілегерлік қабілеті арқасында қос мемлекет «даулы учаскелер» терминінен бас тартты. Тарихта тұңғыш рет Қытаймен арада әлем мойындаған, құжатпен бекітілген мемлекеттік шекара – бейбітшілік пен әріптестік шекарасы пайда болды.

 

Елбасы.JPG


Қазақстан – Ресей шекарасы

Қазақ елі бастапқыда кейбір хандардың сұрауымен бодан­дық­қа кіріп, кейін қару күшімен толығымен отарланғаннан кейін, патша өкіметі 1867-1868 жылғы реформалары аясында біржақты түрде бүкіл Қазақстан жерін Ре­сей империясының меншігі деп жариялады. Бұл шешімді, әрине қазақ халқы мойындамады. Отар­шылдыққа қарсы ұлт-азаттық көтерілістердің дүркін-дүркін көтеріліп, күндей күркіреп өтуі­нің бір себебі осы. Әділеттілік Ре­сей империясы жойылғанда емес, тек ХХ ғасыр соңында Ке­ңес Одағы күйрегенде ғана қал­пы­на келді.

Елімізді солтүстігі мен баты­сында қоршай орналасқан Ре­сей­мен арадағы 7 591 шақырымдық шекара «бүкіл әлемдегі құрғақ­тағы ең ұзын үзіліссіз шекара» болып есептеледі.

КСРО Төтенше жағдайлар жө­ніндегі мемлекеттік комитеті (ГКЧП) Мәскеуде «Тамыз бүлі­гін» жасауы қарсаңында, 1991 жыл­ғы 17 тамызда Алматыға Борис Ельцин келеді. Ол кезде одақтың әр тұсында – Таулы Қарабақта, Оңтүстік Осетияда, Приднестровьеде, Ошта шекараға қатысты қарулы қақтығыстар өрши бастаған. Сонда Нұрсұлтан Назарбаев РСФСР президентімен Қазақстан және Ресей өз елдері­нің аумақтық бүтіндігін сақтай­тыны, күштеп тартып алуға бар­майтыны жөнінде келісіп, әу бас­тан мәселенің басын ашып алды. Әйтпесе, қазақ елінен бес об­лысты тартып алу туралы ұран­дар солтүстік көршіде жер жарып тұрған-тын.

Елбасының айтуынша, Қазақ­стан – Ресей келіссөздерінің ал­ғаш­қы кезеңі 1999 жылдың тамыз айында басталды. Қазақ ССР-і мен РСФСР арасындағы әкім­ші­лік шекара, Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, бұлдырлау рәсімделгені бірден анықталған.

– Мұндай әдеттен тыс жағ­дай­да Ресейдің жаңа басшылы­ғымен арамыздағы сенімнің жо­ғары деңгейі айрықша рөл атқар­ды. 2000 жылдың маусым айын­дағы алғашқы біріккен декла­ра­цияда мемлекет басшылары екі­жақты делимитациялау проце­сінің қарқынын арттыру қажетін айтты. Мемлекет үшін шекараның маңызын ескере отырып, жағ­дайды ушықтырмай шешу үшін табандылық таныттық, – дейді Н.Назарбаев.

Қазақстан мен Ресей арасын­дағы келіссөздер 2004 жылдың соңына дейін жалғасты. Шекара сызығын сызу үшін 50-ден астам келіссөз раундын өткізуге тура келген. Қостанай облысындағы тұрғындарының барлығы РФ азаматтығын алып қойған «Огне­у­порный» кенті көршіге беріліп, оның орнына Ресей сол кент аумағына сайма-сай 520 гектар шұрайлы жерін барлық инфра­құрылымымен қазақ тарапына табыстады.

Атырау облысының Құрман­ғазы ауданы мен ресейлік Астра­хань облысының Краснояр ауда­ны ортасында жатқан «Има­шев­ское» атты жер екі ел арасында бұрыннан қызу айтыс-тартысқа арқау болыпты.

– Құмы бораған, жалпы аума­ғы 23 400 гектарлық осы шөлде газ кен орны барын білсеңіз, себебін түсінесіз. Анығы, бұл бұ­рыннан Ресейге қараған жер. Толығымен! Оны көптеген құжат дәлелдейді. Бір ғажабы, ұлтжанды азаматтарымыз араласса керек, 1947 жылы шектес облыстардың «землеустроительдік қызмет­те­рінің» өкілдері осы жерді картаға Қазақстан меншігі ретінде тіркеп жібереді. 1949 жылы Астрахань облысының облисполкомы оған қарсылық білдірген. Алайда Ор­талық КартГеоФонд «Астрахань және Гурьев облисполкомдары бір шешімге келгенше, жаңа карталарды өзгерісімен уақытша баса беретінін» хабарлайды. Екі облыс исполкомдары 1950 жылы, кейін 1960, 1980, ең ақырында 1990 жылы келісімге келуге талап қылады. Бірақ ортақ тоқтамға келмеген, – деді Қ.Тоқаев.

Келіссөзшілер парадоксты жағ­дайға килігеді: Астрахань да, Атырау да осы жер өз аймақтарына қосылып көрсетілген карталарды ұсынады. Ұзақ керіс пен нәтиже­сіз келіссөздердің шекара белгі­леуді тағы да ондаған жылға кейін қалдыруға соқтыратынын бай­қап, екі жақ ақыры қос шарттан тұра­тын байламға тоқтады: бірін­ші­ден, осы жер Қазақстан мен Ресей арасында қылдай тең бө­лінеді. Екіншіден, ондағы газ кені тек өзара бірлесіп қана өндірілуге тиіс.

2005 жылдың 16 қарашасында мемлекеттер арасындағы уағда­лас­тық бойынша Қазақстан мен Ресей заң шығару органдары бір мезгілде «ҚР – РФ мемлекеттік ше­карасы туралы шартты» құ­пта­ды. Бірінші кезекте Н.Назарбаев пен В.Путиннің берік келісімі, сонымен қатар сол кездегі «Отан» республикалық саяси партиясы (қазіргі Nur Otan) мен парламент­тік басымдыққа ие «Единая Рос­сия» депутаттарының өзара іс-қимылы арқасында тарихи шарт мақұлданды. «Қазақстан–Ресей мемлекеттік шекарасы туралы» шарт 2006 жылдың 12 қаңтарынан бастап күшіне енді.

 

Қазақстан және Орталық Азия

Қазақ елі – Орталық Азия өңірінде делимитациялау мен демаркациялау мәселесін толық шешкен жалғыз мемлекет. Әрине, ол да оңайға түскен жоқ. Мысалы, қазақ-өзбек шекарасы 1956 жылы Бостандық ауданын өзбекке беру секілді жағдайлармен күрделен­дірілген.

Республикамыз Өзбекстан­мен – 2 351 шақырым, Қырғыз­станмен – 1 242 шақырым, Түр­кіменстанмен – 426 шақырым шекара арқылы шектеседі.

Қазақстан – Қырғыз Респуб­ли­касы және Қазақстан–Түркі­менстан шекараларын делими­тациялауда еліміз бұрын Қырғыз КСР-імен және Түрікмен КСР-імен келісілген әкімшілік-аумақ­тық бөліну сызығын негіз етіп алды. Яғни, көп дау туа қоймаған.

2001 жылғы 5 шілдеде елор­дада «Қазақстан – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы туралы», ал 15 желтоқсанда «Қазақстан –Қырғыз мемлекеттік шекарасы туралы» шартқа қол қойылды.

9 қыр­күйегінде «Мемлекетаралық шекараның жекелеген бөліктері туралы» ақырғы шарт бекітілді.

Осы арқылы қазақ елі тек өз шекарасын ғана шегендеп қой­май, бүкіл өңірдегі осы үдеріске оң серпін берді. 2019 жылғы 10 қа­занда Қазақстан, Түрікменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлері мемлекеттік шека­ра­лардың «Түйісу нүктесі туралы келісімді ратификациялау тура­лы» хаттамаға қолтаңбаларын түсірді. Құжатқа сәйкес осы үш мемлекет араларындағы шекара бір-бірімен Үстірт ауданында қа­бысады. Осылайша, үш ел ара­сындағы делимитация үдерісі аяқталды.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бүгінде Қазақ­стан­ның мемлекеттік шекарасында шектес елдердің шекараларымен төрт түйісу нүктесі бар. Соның ішінде Қазақстан – ҚХР – Ресей, Қазақстан – Қытай – Қырғызстан, Қазақстан – Қырғызстан – Өзбек­стан шекараларының түйісу нүк­те­сі туралы келісімдер күшіне енді.