Сапарбаев меморгандарды сынға алды: Қайғылы оқиғадан кейін қимылдаймыз
Сапарбаев меморгандарды сынға алды: Қайғылы оқиғадан кейін қимылдаймыз

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мемлекеттік және құқық қорғау органдары басшыларының, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің орынбасарларының қатысуымен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді. Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың берген мәліметіне сәйкес, осы жылдың 10 айында республикада кәмелетке толмағандарға қатысты 1931 қылмыс тіркелген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі деңгеймен бірдей. Өсім Алматы қаласында – 46,6%, Жамбыл – 27,8%, Атырау – 23% облыстарында байқалады.

Вице-министр балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларының бірі — білім беру мекемелерін бейнекамералармен жабдықтау екенін атап өтті. Осылайша, мектепке дейінгі мекемелердің 74,5%-ы және мектептердің шамамен 80%-ы бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған. Қамтамасыз етудің төмен пайызы Солтүстік Қазақстан облысында, Ақмола және Қостанай облыстарында байқалады.

Сонымен қатар, мектептердің 33% астамында аула дәретханалары бар. Атап айтқанда, Түркістан облысында мпектептердің 60,3%, Жамбыл облысында — 59,7%, Алматы облысында — 54,6%. Балаларды тасымалдау үшін қосымша 186 мектеп автобусы қажет

Шолпан Каринова балалар суициді, бала өлімі мен жарақаттануы туралы бірқатар сұрақтарға тоқталды. Осы проблемаларды шешу үшін кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және жасөспірімдер арасындағы суицидтік мәселелерін шешу бойынша Жол картасы жасалып жатыр.

Атап айтқанда, ата-аналардың жауапкершілігін және мектептегі психологиялық қызметтің жауапкершілігін арттыруды, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатайтуды, білім беру мекемелері мен балалар жаппай баратын орындардың жанында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты фото және видеоға түсірудің стационарлық жүйелерін қамтамасыз етуді қарастырады.

Ішкі істер министрінің орынбасары Арыстанғали Заппаров кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар 4%-ға, оның ішінде зорлау 40%-ға және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық 24%-ға өскенін атап өтті.

Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық қылмысының артуы БҚО-да 140%, Павлодар облысында — 75%, Қостанай облысында — 54%, Алматы облысында — 49%, Жамбыл облысында — 28%, Ақмола облысында — 17% құрап отыр. 

«Мұндай қылмыстардың 75%-ға жуығын жақын-жуықтары жасайды: өгей әкелері, әкелері, бірге тұрып жатқан адамы, туыстары, көршілері мен таныстары. Ал ата-аналар болса құқықтық салдарынан қашып, бұл фактілер туралы құқық қорғау органдарына хабарламайды»,– деді А. Заппаров.

Оның айтуынша, жасөспірімдер арасындағы қылмыс жыл сайын орта есеппен 6%-ға төмендеп келеді, ал биылғы жылдың өткен кезеңінде 9%-ға азайған. 

«Барлық қылмыстарды дерлік мектептер мен колледждердің оқушылары жасайды – 88%. Оқушылардың жасаған қылмыстарының өсуі Жамбыл облысында 30%, Маңғыстау облысында — 18%, Қызылорда облысында — 13% тіркелді. Оқу мекемелерінің қабырғасында 15 қылмыс жасалды»,– деді ол. 

Сонымен қатар А.Заппаров оқу мекемелерінде қауіпсіздік деңгейін арттыру қажеттігіне назар аударды. 

«Еліміз бойынша мектептердің тек 8% немесе 535 мектеп күзет фирмаларымен келісімшарт жасасқан. Қалған мектептерде күзет қызметін вахтерлер, ал көп жағдайда олар – зейнеткерлер, атқарған. Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары және Шымкент қаласында күзет фирмаларымен бірде-бір келісімшарт жасалмаған», – деді ол.

Жиналғандардың баяндамасын тыңдаған соң Бердібек Сапарбаев балаларға қатысты бұл қайғылы жағдайлардың жауапты мемлекеттік органдардың үйлесімді, алдын алу және жүйелі жұмыстардың жүргізбеуінің салдары екенін айтты. 

«Біздің балаларымыздың қауіпсіздігі біз үшін әрқашан бірінші орында. Мәселе мынада, біз өрт сөндіру командасы сияқты жұмыс істейміз, қайғылы жағдай орын алған соң барып қарбаласамыз. Ең қолайлы жауап – ақша жоқ. Бірақ, біздің проблемаларымызды шешкісі келмейтін басшылар ғана осылай жауап береді. Барлық әкімдерге келесі жылдың 1 қыркүйегіне дейін мектептерді жылы дәретханалармен және бейнебақылау жүйесімен жабдықтау, мамандандырылған арнайы күзетпен қамтамасыз ету тапсырылды», – деді Б. Сапарбаев.

Сонымен қатар 2020 жылдың 1 наурызына дейін Ішкі сітер, білім және ғылым министрліктеріне, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға мектептерді ішкі резервтер есебінен полиция инспекторларымен қамтамасыз ету мәселесін шешу тапсырылды. Вице-премьер электр желілері мен трансформаторларды қоршау, білім беру мекемелерінің периметрі бойынша қоршаулар орнату, жолдардағы балалар қауіпсіздігі шараларын күшейту, азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарындағы тұрғын үйлердің газ анализаторлары мен газ датчиктерімен жарақтандыру және т.б. мәселелерге назар аударды.

Сонымен қатар, кеңесте жалақы бойынша берешекті өтеу, әлеуметтік аударымдарды уақытылы қамтамасыз ету, медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмектердің сапасы мәселелері қаралды.