Қазақстан Президенті «Теңізшевройл» ЖШС-ның бас директоры Имер Боннерді қабылдады, деп хабарлады Ақорданың ресми сайты. Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Теңізшевройл» компаниясының өндіріс орындары мен «Теңіз» кенішіндегі короновирус індетіне қарсы күрес жұмыстары жайында баяндалды. Кездесуде көмірсутегі секторындағы инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуы және компанияның алдағы 3-4 жылдағы даму перспективалары туралы айтылды. Мемлекет басшысы «Теңізшевройл» компаниясы іске асырып жатқан жобаларда қазақстандық үлесті қамтамасыз етудің маңызды екеніне назар аударды. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Имер Боннерге Қазақстанның мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі және компаниядағы табысты жұмысы үшін ризашылығын білдірді.