Елорда әкімі тұрғындардың 90-ға жуық сұрағына жауап берді
Елорда әкімі тұрғындардың 90-ға жуық сұрағына жауап берді
Елорда әкімі Алтай Көлгінов бір аптаның ішінде 30 отбасын қабылдап, тұрғындардың 90-ға жуық сұрағына жауап берді.
"Бір аптаның ішінде азаматтарды екі мәрте қабылдадым. Бұл шамамен 30 отбасы, 90-ға жуық сұрақ түсті. Сұрақтардың дені баспана, медициналық көмек, жұмыспен қамту, тұрғын алаптарын дамыту мәселелеріне қатысты болды. Бізде 16 тұрғын алабы бар. Онда қаланың әр төртінші тұрғыны мекен етіп жатыр. Биыл осы тұрғын алаптарда бірқатар ауқымды жұмыс атқарылды: 100-ден аса көшеге асфальт төселіп, демалыс орындарын құру үшін 40 қоғамдық кеңістік пен аула абаттандырылды (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық, Интернациональный, Өндіріс және т.б.). Сонымен қатар Мичуринода кең мектеп ашылды. Бұрын бұл тұрғын алапта бірде-бір білім ошағы болмаған еді. Елді мекендерде әлі де мектеп, медициналық мекеме, денешынықтыру-сауықтыру кешендерін және тағы басқа нысандарды салып жатырмыз", -деп жазды қала әкімі Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ ол 13,5 шақырым инженерлік желі, 5 шақырымнан аса кәріз бен су құбыры, 3 шақырымнан аса нөсер кәрізі салынғанын атап өтеді.
«Инженерлік желісіз өркениеттің болмайтыны белгілі. Содан соң жылы аялдамаларды орнату және оны жарықтандыру, жаңа автобус маршруттарын іске қосу сияқты мәселелер тағы бар. Президенттің тапсырмасы бойынша келер 2021 жылы шеткі ай̆мақтарға ерекше көңіл бөлінедi. Қазір соның жобасы әзірленуде. Орынбасарларыма, аудан әкімдеріне және басқарма басшыларына жыл соңына дейін алдын ала қабылдауға жазылған азаматтардың кезегін тезірек жылжытуды тапсырдым», - дейді Алтай Көлгінов.