Қолжетімді деген баспанаға неге жастардың қолы жетпейді?
Қолжетімді деген баспанаға неге жастардың қолы жетпейді?
Қазақстан Халық партиясының Астана қалалық филиалында «Жастарға арналған қолжетімді баспана» тақырыбында қоғамдық тыңдау өтті. Іс-шараны ҚХП Астана қалалық комитетінің Жастар қанаты ұйымдастырды.
Қазақстанда мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары баршылық. Алайда жастарға қолжетімді баспана жоқ. Қоғамдық тыңдауға қатысушылар осындай қорытындыға келді.
– Жас мамандар жалақымен ғана шектелуге мәжбүр. Отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі қатар жұмыс істесе де пәтер немесе үй сатып алудың мүмкіндігі төмен, – деді ҚХП республикалық сайлауалды штабының төрағасы Олжас Сыздықов.
Әсіресе бұл проблема қазақстандық мегаполистерде өткір боп тұр. Ондағы тұрғын үйлердің бағасы бас айналдырады. Өкінішке қарай, мемлекет ұсынған бағдарламалар негізінен оң нәтиже бермейді. Мәселен, жас отбасыларға бес жылға жалға берілетін тұрғын үй бұл мәселені шешудің уақытша шарасы ғана. Осы уақыт ішінде жалақысы төмен қазақстандықтар пәтерге ғана емес, соған қажетті бастапқы жарнаны да жинақтай алмайды.
Теориялық тұрғыдан алғанда елде ипотекалық несие беретін екінші деңгейлі банктер бар. Ал іс жүзінде тұрғындар бір пәтерді өздеріне, екіншісін банкке сатып алады. Әзіл болса да, мұның астарында шындық жатыр. Несиенің пайыздық мөлшерлемесінің көптігі де өзекті мәселе. Амалы жоқтар ипотека алуға мәжбүр. Борышкер банкке алған ақшасын екі есе етіп қайтарады. Жас отбасылардың қаржылық мүмкіндіктерін ескерсек, кейде осының өзі мүмкін емес.
Қазақстандық жастар үшін сонда не қолжетімді? Әрине, тек жалға алу ғана. Тәжірибе көрсеткендей, бұл да мүмкін бола бермейді.
– Жас отбасының шығындары тамақ пен пәтер ақысын төлеуге ғана жұмсалады. Соның салдарынан отбасылық бюджетте береке болмайды. Ал пандемия кезінде жұмыстан айырылу жағдайды тіпті ушықтырып жіберді.  Күнделікті тұрмыстық және қаржылық қиындықтардан шаршаған ерлі-зайыптылар ақыры ажырасып тынады, – деді Олжас Сыздықов.
Елдегі ажырасудың көптігі бала туу деңгейіне кері әсер етіп, демографиялық жағдайды нашарлатады. Сондай-ақ ел экономикасы мен қоғамға зардабын тигізеді. Салдарынан жақсы өмір іздеген жастар шетел асып кетеді.