Табиғатқа қамқорлық артады
Табиғатқа қамқорлық артады
147
оқылды

Қазақстанда қоршаған ортаға зиян келтіргендердің жазасы күшейтілетін болады. Мысалы, депутаттар ағаштарды кесу үшін жазаны қатайтуды ұсынды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен палата отырысы болды. Жиында сенаторлар жаңа мәтіндегі Экологиялық кодексті бірден екі оқылымда қабылдады.

Құжат ережелері өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілігін қатаңдата түсуді көздейді. Енді олар келтірілген экологиялық залалды толығымен өтеуі тиіс. Олардан сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссияны төмендету мақсатында озық технологияларды енгізу де талап етіледі. Сенат Төрағасының айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарды ластаушы заттардың эмис­сиясын азайтуға, табиғатты қорғау шараларына ин­вестиция салуға ынталандырады. Сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге эко­логия мәселелері бойынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құ­қықбұзушылық  туралы кодексіне экология мә­селелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын да қарады. Жалпы, бұл түзетулерді енгізу экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауап­кершілікті күшейтеді. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Сенаторлар тиісті нормаларды пысықтап, заң жобасына енгізді. Соған сәйкес, ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есе көбейтіледі», – деді Сенат Төрағасы. Егер келтірілген шығын 100 АЕК-тен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауап­кершілікке тартылмақ. Түзетулерде ағаштарды кес­кені үшін әртүрлі деңгейде жауап­кершілікке тар­ту ұсынылады. «Мұндай құқықбұзушылық бір жылда қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға – 150, шағын кәсіпорындар мен коммерциялық емес ұйымдарға – 400, ірі кәсіпкерлерге 1 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенаторлар кодекске ілеспе заң жобаларын то­лықтырып, Мәжіліске қайтарды. Сондай-ақ олар «Кейбір заңнамалық актілерге экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да пы­сықтады. Ол пандемия кезеңінде экономиканың бірқатар секторларын ынталандыруға мүмкіндік береді, атап айтқанда халық пен бизнесті қолдаудың нақты шараларын көздейді. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен аза­маттардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қолдану құқығы белгіленеді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өзі бірлесіп жұмыс істейтін тараптың жағдайын анықтауға және іс-әрекетінің тәуекелін азайтуға мүмкіндік беретін бизнес-серіктестердің тізілімін дайындау қарастырылған», – деді палата Төрағасы. Сенаторлар заң жобасын түзетіп, Мәжіліске қайтарды.

Елдос СЕНБАЙ