Қазақстанда қоршаған ортаға зиян келтіргендердің жазасы күшейтілетін болады. Мысалы, депутаттар ағаштарды кесу үшін жазаны қатайтуды ұсынды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен палата отырысы болды. Жиында сенаторлар жаңа мәтіндегі Экологиялық кодексті бірден екі оқылымда қабылдады.
Құжат ережелері өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілігін қатаңдата түсуді көздейді. Енді олар келтірілген экологиялық залалды толығымен өтеуі тиіс. Олардан сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссияны төмендету мақсатында озық технологияларды енгізу де талап етіледі. Сенат Төрағасының айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс кәсіпорындарды ластаушы заттардың эмиссиясын азайтуға, табиғатты қорғау шараларына инвестиция салуға ынталандырады. Сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларын да қарады. Жалпы, бұл түзетулерді енгізу экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтеді. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Сенаторлар тиісті нормаларды пысықтап, заң жобасына енгізді. Соған сәйкес, ағаштарды кескені үшін салынатын әкімшілік айыппұл көлемі 5 есе көбейтіледі», – деді Сенат Төрағасы. Егер келтірілген шығын 100 АЕК-тен асып кетсе, онда заң бұзушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Түзетулерде ағаштарды кескені үшін әртүрлі деңгейде жауапкершілікке тарту ұсынылады. «Мұндай құқықбұзушылық бір жылда қайталанған жағдайда немесе ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы ағаштарды кескені үшін жеке тұлғаларға – 150, шағын кәсіпорындар мен коммерциялық емес ұйымдарға – 400, ірі кәсіпкерлерге 1 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады», – деді Мәулен Әшімбаев. Сенаторлар кодекске ілеспе заң жобаларын толықтырып, Мәжіліске қайтарды. Сондай-ақ олар «Кейбір заңнамалық актілерге экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да пысықтады. Ол пандемия кезеңінде экономиканың бірқатар секторларын ынталандыруға мүмкіндік береді, атап айтқанда халық пен бизнесті қолдаудың нақты шараларын көздейді. «Мемлекет басшысының тапсырмасымен азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға және емделуге жұмсауы үшін қолдану құқығы белгіленеді. Сондай-ақ кәсіпкерлерге өзі бірлесіп жұмыс істейтін тараптың жағдайын анықтауға және іс-әрекетінің тәуекелін азайтуға мүмкіндік беретін бизнес-серіктестердің тізілімін дайындау қарастырылған», – деді палата Төрағасы. Сенаторлар заң жобасын түзетіп, Мәжіліске қайтарды.Елдос СЕНБАЙ