Еуразиялық одақ неге кеңейіп жатыр?
Еуразиялық одақ неге кеңейіп жатыр?
173
оқылды
Келесі 2021 жылғы ма­мырда Қазақстанда Еу­ра­зиялық одаққа мүше мем­лекеттердің басшылары құ­рылтайға жиналады. Әри­не, егер жаһандық панде­мия­ның беті қайтса. Әзірге одақ ел­дерінің лидерлері тек  ин­­тернет төрінде ғана бас қо­сып жүр. Бірақ COVID-19 Еу­разиялық одақтың кеңеюі­не кедергі бола алмады: ұйым АҚШ-тың дәл іргесіне дейін қа­натын жайып отыр. Бұл оқиға таяуда өткен Жо­ғары еуразиялық эко­но­ми­ка­лық кеңестің отырысында бол­ды. Оған Жоғары еуразиялық кеңестің Құрметті төрағасы Н.На­­зар­баев пен Қазақстан Прези­денті Қ.Тоқаев, сондай-ақ ЕАЭО-ға кіретін тағы 4 елдің басшысы видеоконференция арқылы қатысты. Олар сонымен қатар араларына одақ жанындағы бақы­лаушы мемлекеттің басшысы ретінде Молдова президенті Игорь Додонды, Өзбекстан пре­зиденті Шавкат Мирзиёевті және Куба президенті Мигель Диас-Канельді шақырды. Және мұнысы бекер емес еді. Міне, дәл осы онлайн сам­митте Өзбекстан мен Кубаға Еу­разиялық одақ жанындағы ба­қылаушы мемлекет мәртебесі берілді. Шынын айтқанда, бұл жаңа­лықты қазақстандық және өзге елдердің қоғамы суық қабылдады. Тек ресейлік ақпарат айды­нын­дағылар жаппай шаттық тол­қы­нында шалқыды. Оны ресейлік БАҚ-тың «Сәлем, Америка!», «Ресей одақтастары: плюс екі», «Еуразиялық одақ жаһандық по­зи­циясын күрт күшейтті» се­кілді  тақырыптардан  аң­ғаруға  болады.

Қос ел одаққа неге қызықты?

Ресей президенті Владимир Путинге сенсек, қазіргі күйзелісті жағдай және КВИ індетінің та­ралуы елдерді бір-бірімен бі­рі­гуге, бірлесе қимылдауға итер­мелеуде. Шындық екеніне сену қиын, дегенмен РФ көшбас­шы­сының байламынша, COVID-19 дертімен күреске интег­рациялық үдерістер үлес қосты. Рас, В. Пу­тин мүше елде­рін қолдау үшін трил­лион­даған еуро шығындаған Еу­ро­­одақтай емес, Еуразиялық одақ­тың өзіне қатысушы елдерге, тіп­ті лайықты гуманитарлық кө­мек көрсете алмағаны туралы тіс жармады. Көмек Қазақстанға негі­зінен өзге шет мем­лекет­тер­ден келді. «Жұмыс коронавирус пан­демиясының жайылуы жағ­дайында жүргеніне қарамастан, біз тізе қоса отырып, көп нәрсеге қол жеткіздік, ЕАЭО аясындағы интеграциялық процестердің та­бысты дамуы жалғасын тапты. 5 мемлекет COVID-19 індетімен күресте тиімді ынтымақтастықты жолға қойды. Ресей серіктестеріне тест-жүйелерді табыстады. Меди­камент, жеке қорғаныш құрал­дарын жеткізді. Ресейлік ма­ман­дар бестік елдеріндегі әріптес­терімен үнемі байланыста. Бү­гінде Спутник-V ресейлік вак­цинасын одақ елдеріне жет­кізу мәселесі пысықталуда», – деді Путин. Сарапшылар Мәскеудің осы вакцинаны әзірлеу және ғы­лыми-зерттеу жұмыстарына одақ ел­де­­рі­нің ғалымдарын ара­лас­­тырмай қойғанын қаперге сала­ды. Сен­бегені, құпиямды сыртқа шашар дегені болар. Тек клини­калық сы­нақ сатысында ғана серіктеріне жүгінді. Кеше Қазақстанда көр­шінің вак­цина­сын шығаратын өндіріс ашылды. Әйткенмен, біздің ғалымдар Мәскеуге үміт артпай, өз бетінше отандық вак­цинаны жасауға кі­рісті, екі кли­никалық сынақ саты­сын абы­рой­лы ең­серді. Енді 2021 жылғы нау­рызда кең өн­діріске қоймақ. Одаққа бақылаушы мәр­те­бесінде кірген Куба да биылғы 24 тамызда төл вакцинасын сынауға кірісті. Жақында «бос­тандық ара­лы» COVID-19 виру­сына қарсы Soberana аталған екінші вак­цинасын тір­кеді. Ха­лықаралық ұйым­дардың және Еуропаның көме­гімен Өз­бекстан да қауіпті індет­пен табысты кү­ресуде. Ен­деше бұл екі елді одаққа коро­на­вирус итер­мелеп отыр­мағаны айқын.

Ең бастысы – экономика

Қазақстандық экономист Марат Ерғозин Өзбекстан да, Куба да ЕАЭО-ның экономикалық игіліктерін көруге ынталы екеніне екпін түсірді. «Қазір ешбір ел АҚШ-қа қарсы бағытталған одақ құрғысы келмейді: Вашингтон кез келген елдің омыртқасын опыр­ма­ғанымен, дамуда кенже қал­дыруға қабілетті, тегеурінді санк­циялар топтамасын енгізе алады. Еу­разиялық одақты саяси­лан­ды­руға, өзгеге қарсы қоюға Кремль көптен күш салып жүр. Алайда Қазақстанның табандауы арқа­сында одақ тек экономикалық ар­нада дамып келеді. Бақы­лау­шыға айналған осы екі елге кел­сек, бүгінде олардың эко­но­ми­касы, өндірісі құлдырауда, сырт­қы саудасы шектелуде. Тек ресми мәлімет бойынша өзбек елінің экономикалық белсенді тұрғын­­­дарының 10%-дайы жұ­мыссыз. Кубада жұмыссыздық деңгейі былтырмен салыс­тыр­ғанда екі есе өскен», – деді эко­номист. Демек, олар үшін бұл – төл экономикасын өркендетудің және тұрғындар тұрмысын жақсартудың қамы болса керек. Әйтпесе, жа­һан­дық күйзеліс пен эконо­ми­калық қиындықтар әлемде со­зылмалы сипатқа ие болады деген болжам бар. Экономист Өзбекстан мен Кубаның одаққа «мүше» болып кірмегеніне назар аудартты. «Ба­қылаушы» мәртебесі оларға ше­шім қабылдау кезінде дауыс бе­руге, «бестік» басшыларының жабық талқылауына қатысуға, күн тәртібін қалыптастыруға мүм­кіндік бермейді. Бірақ бақылаушы мәртебесі мүше елдермен сауда-эконо­ми­калық қарым-қатынасты өр­кендетуге жол ашады. Оның үс­тіне дәл осы саммитте мүше мем­лекеттер көшбасшылары Еу­разиялық интеграцияны да­мытудың 2025 жылға дейінгі стра­тегиялық бағыттарын бекітті. Құжат одақ ішіндегі тауарлар, қыз­меттер, капитал мен жұмыс күшінің ортақ нарығын, сондай-ақ бірыңғай цифрлы кеңістікті қалыптастыруды аяқтауды көз­дейді. Бұл жерде еңбек миг­рациясына жол ашылуы Өзбек­станға да, Кубаға да керек. Олар сондай-ақ одақтан капитал мен инвестицияның келуіне зәру. Мұның сыртында ЕАЭО-мен еркін сауда туралы келісім бекіту бойынша Иран, Үндістан, Ин­донезия мен Моңғолия келіс­сөз жүргізуде. Олардың бәрі одақтың пайдалы екенін түсінсе, ұйыммен одан әрі тығыз кіріге түсуі ғажап емес.

Үміт шырағданы алға бастайды

Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев айтқандай, әлемдегі те­ріс тенденциялар одақ ая­сын­дағы сауда-саттыққа теріс әсер етіп отыр. Еуразиялық эко­номикалық комиссияның дере­гінше, өзара сауда-саттық биылғы 10 айдың ішінде 11,6%-ға құл­дырап, небәрі 44 миллиард дол­ларды құрады. Салыстыру үшін айтсақ, одақ елдерінің өзге, үшін­ші елдермен тауар айналымы бұдан әлдеқайда көп: өткен 10 айда 501,6 миллиард доллар бол­ды. Ол 17%-ға төмендеген. Соның ішінде басым көпшілігі – 294 миллиарды – ЕАЭО экспорты. Бұл ретте Қазақстанның одақ­қа кірмейтін өзге мем­ле­кет­тер­мен алыс-берісі 70 мил­лиард 476,4 дол­ларды құрады (өткен жылдан 13,2%-ға кем). Мұндағы басым бөлігі – 39 миллиард 219 миллион доллары (-18,6%) қазақ елінің сыртқа сатқан экспорты. Тағы да салыстыра кетсек, биылғы 10 айда еліміздің одақтас 5 елмен тауар айналымы небәрі 15 миллиард 904 миллион доллар бол­ды. Мұндағы 4 млрд 459 млн доллары ғана – қазақстандық экспорт (13,1% аз). Қалғаны – одақтастан тасылған импорт. Ұйымның игілігін пайдаланып отырған ел – Ресей: ол 2020 жыл­ғы қаңтар-қазанда одақтастарына 27,2 миллиард доллардың өнімі мен қызметін жеткізді. Әділін айту керек, Еуразиялық интеграцияның оң ықпалы да бар. Мысалы, тұтастай алғанда, яғни ЕАЭО құрылған 2014 жылдан бергі кезеңде Қазақстанның се­ріктес елдермен өзара саудасы үш­тен бірге – 33%-ға ұлғайыпты. Соның ішінде осы елдерге жө­нелткен отандық экспортымыз 25%-ға өсті. Одақ елдерінен құйыл­ған инвес­тиция 6%-ға артты. Бірлескен кәсіпорындар саны 2 есе көбейіп, 13 мыңға жуық­тады. Қалай болғанда, Еуразиялық интеграция алдағы жылдары тың серпін алатынға ұқсайды. Ресей экономикалық даму министрінің бірінші орынбасары Михаил Бабичтің айтуынша, ЕАЭО-ның 2025 жылға дейінгі стратегиясы – «өте мазмұнды құжат» болып отыр. «Онда одақ дамуының шешуші бағыттары көрініс тапқан. Онда одақ сотының және комис­сия­ларының ұлтүстілік өкі­лет­тіктері, мүше елдің вето қоятын құ­қығын қол­дануы, ұйымды дамы­тудың институционалды шара­лары қа­растырылған. Еуразиялық комис­сия мен Еуразиялық сот пәрменді жұмыс істеуі үшін шынайы өкі­леттіктерге ие болады. Бұл одақ­тың өркендеуіне жаңа серпін береді», – деді М.Бабич. Стратегия жүзеге асса, ке­дергілер мен шектеулер жойылып, одаққа мүше және бақылаушы елдердің кәсіпкерлері ортақ эко­номикалық кеңістікте суда жүзген балықтай өзін еркін сезі­нетін жағдайға жетеді. Әзірге ол жоқ, әр ел импорт алмастырумен ай­на­лысып әлек.

АйханАйхан ШӘРІП