Осыдан 30-40 жыл бұрын өнер көрсеткен спортшы мен қазіргі спортшыны салыстыру қиын. Олардың жаттығу әдістері, көрсеткіштері, табысы, тіпті тамағы да басқаша. Қазір кейбір белгілі спортшылардың жаттығуын, денсаулығын, алаңдағы әдіс-тәсілін бақылауға үлкен команда жұмыс істейді. Оған қоса, қазіргі жаңа технологиялар адамның физикалық көрсеткіштерін жетілдіруге көп көмегін тигізіп жатыр.
1960 жылы Римде және 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жазғы Олимпиада ойындары өтті. Екі оқиғаның арасын 56 жыл бөліп тұр. Егер ХХ ғасырдың бел ортасындағы спортшылардың өнері таспаланған видеоны көрсек, әдепті сақтап, айырмашылық мол деп қысқа қайыруға тура келеді. Мәселен, гимнастшылар 2 сальто секіріп, медальға қол жеткізген. Ал 2016 жылғы Олимпиадада Симона Байлз секілді спортшылар әуеде бірнеше рет айналуына және жерде тағы да сан сальто жасауына тура келген. Мұндай өнердің өзі қазір алтын не күміс алқаны алуға кепілдік емес. Бәсеке жоғары. Бұдан бөлек, 100м, 200м, 5000м қашықтыққа жүгіруде жеңімпаз атанғандардың уақыт көрсеткіші басқа. Айталық, 1960 жылы 100 метрге жүгіріп, алтын медальға қол жеткізген Армин Хари мен соңғы Олимпиадада қарсыластарын шаң қаптырған Усейн Болттың жылдамдықтары әртүрлі. Мұндай айырмашылықты АҚШ-тағы баскетбол ойыншыларынан да байқауға болады. Мәселен, 1950-60 жылдары баскетболшылардың орташа бойының ұзындығы 6,4 фут (182 см) болса, 2010 жылдары 6,7 футқа (213 см) жеткен. Олардың орташа салмағы да артқан. Айталық, өткен ғасырдың ортасында бір баскетболшының орташа салмағы 90 келі болса, заманауи NBA ойыншысы 100 келіге жуық. Неге дерсіз? Адам эволюциясы жалғасып жатыр ма, әлде спортшыларға қойылатын талаптар жоғарылап келе ме? Дөп басып айту қиын. Себебі мұнда бірнеше факторды ескеру керек. Адамдардың жейтін тамағы өзгерді, қатардағы адамның бойы ұзарды, салмағы артты. Ал спорттың көптеген түрі құны бірнеше миллиард долларды құрайтын алып индустрияға айналды. Спорт медицинасы өз алдына үлкен сала болып дамып келеді. Осы және өзге де факторлар спортшылардың көрсеткіштеріне оң ықпалын тигізеді. Мәселен, АҚШ-тың астрофизигі Этан Зигельдің пікірінше, жеңіл атлеттер 1968 жылдан бері 100 метр қашықтыққа жүгіру көрсеткішін әр 10 жыл сайын 0,05 секундқа жақсартып отырған. Алайда Усейн Болт үздік нәтижені 1 жыл 3 айда 0,14 секундқа «жылдамдатып» жіберіпті. Яғни, ол 2009 жылы қол жеткізген 9,58 секунд әлем рекордын спортшылар жоғарыдағы есеп бойынша тек 2039 жылы ғана көрсетуі тиіс еді. Кейде тума таланттар тұрақты әрі кәсіби жаттығудың арқасында заманынан оза жетістіктерге жетіп жатады. Әр спортшының жеңіске жету жолы әртүрлі. Мәселен, ағайынды Кличколар тек қара күшке сүйенбей, ой қабілетін де арттырумен айналысқан. Бос уақытында қос боксшы да шахмат ойнаған. Қазір Киев қаласының мэрі қызметін атқаратын Виталий Кличко ара-тұра әлі де шахмат чемпиондарымен тақтаның басында кездесіп тұрады. Ұйқының орны бөлек. Ұйқысына ерекше мән беретіндер де аз емес. Мәселен, белгілі теннисші, Уимбилдон турнирін 8 рет жеңген Роджер Федерер мен атақты баскетболшы, биылғы NBA чемпионы Леброн Джеймс тәулігіне 12 сағат ұйықтайды екен. Велосипедші Рейн Таарамяэ, жеңіл атлет Усейн Болт, теннисші Винус Уильямс, Мария Шараповалардың ұйқысы 10 сағатқа созылады екен. Неге? Өйткені адам ұйықтағанда ағза өсу гормонын бөледі. Ол бұлшық етті өсіруге, ауыр жаттығулардан соң денені қалыпқа келтіруге көмектеседі. Бұдан бөлек, жаттығудағы жаңа әдістер де ұйқы барысында жатталады екен. Ұзақ ұйықтамаған адам жиі шаршап, ашушаң болатыны бұрыннан мәлім. Ал ұйқының жетіспеушілігі спортшылардың көрсеткішіне бірден кері әсер етеді екен. Мәселен, ұйқы процесін зерттеген NASA-ның бұрынғы қызметкері Марк Розекинд спортшы 8 сағат ұйықтаудың орнына 6 сағат мызғып алса, мүмкіндіктері бірден төмендейтінін анықтаған. Мысалы, егер баскетболшы 9 сағаттан кем көз ілсе, 11 пайызға ертерек шаршап, 4,3 пайызға баяу қимылдай бастайды екен. Сондай-ақ спортшы 4 күн қатарынан дұрыс ұйықтамаса, оның ауыр салмақ көтеру қабілеті 9 келіге кемиді. Бұл статистика алаңда, кортта ағзасының физикалық мүмкіндігін барынша қолданатын спортшылар үшін көп ұйықтау қаншалықты маңызды екенін дәлелдейді. Спорт-дерек. Бүгін технологиялық прогрестің жетістігін спорт саласында да кеңінен қолданады. Мәселен, әлемнің үздік футбол клубтарының ойыншылары кейде жаттығуда, кейде ойын барысында кеудесіне әйелдердің іш киіміне ұқсас қара киім киіп жүгіретінін көпшілік байқаған. Алыстан қарағанда ер адам үшін ерсіздеу көрінеді. Шын мәнінде, бұл ойыншының барлық физикалық көрсеткіші туралы ақпаратты жинайтын аппарат (Viper pod) тағылған киім. Девайстың өзі ойыншының екі жауырынының ортасында тұрады. Әлгі киім аппарат қозғалмауы үшін киіледі. Viper pod ойыншының қанша метр жүгіргенін, алаңда қай позицияда болғанын, салмақты қай аяққа көбірек салғанын, қанша рет жылдамдығын арттырғанын, қан тамырының соғуын, қаншалықты шаршағанын және басқа да көрсеткіштері туралы дерек жинайды. Ол мәліметтер бірден клуб жаттықтырушылары мен арнайы мамандардың ноутбугына келіп түседі. Деректердің негізінде жаттығу тәртібі түзіледі. Бұл аппарат – ирландиялық STATSports компаниясының өнімі. Бүгінде бұл девайсты «Арсенал», «Манчестер Сити», «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль», «Ювентус», «Рома» секілді футбол клубтары, «Хорнетс», «Уизардс», «Гриззлис» секілді баскетбол клубтары қолданады. Компанияның өнімін қолданған бір клуб бір жыл ішінде жарақат санын 44-тен 22-ге төмендетіпті. Яғни, нақты деректер спортшылар мен клубтардың көрсеткіштерін арттыруға көмектеседі. Дерек пен болжам. Бұл ауа райына қатысты ұғымдар емес. Бүгінде АҚШ-тың Peak Performance Project (P3) зертханасының қызметкерлері NBA баскетболшылары мен колледжде жүрген әуесқой студент-ойыншылардың дене қимылы туралы мәліметті жинайды. Ол үшін атлеттер жүгіреді, секіреді, доп лақтырады. Қорға түскен ақпарат негізінде кәсіби спортшылардың көрсеткішін жетілдіру жолдары ізделсе, ал студент-спортшылардың келешектегі кәсіби спорттағы карьерасына болжам жасалады. Кім үздік атанады, кім орта жолдан қайтады, қай студентті сатып алған абзал? Бұл сұрақтардың жауабын P3 зертханасының өкілдері түрлі девайс, датчиктер жинаған дерекке қарап береді. Осылайша, цифрлық спорттық сараптама дамып келеді. Келер жылы бұл саланың нарығындағы ақша айналымы 4,7 млрд долларға жетуі мүмкін деген болжам бар. Себебі табысы жүздеген миллион долларды құрайтын спорт клубтары енді тек жаттықтырушыларға үміт артып отыра алмайды, олар нақты дерекке сүйеніп, жеңіске жеткісі келеді. Ол үшін миллиондарын жұмсауға даяр екені белгілі. «Ауру – астан, дау – қарындастан» дейді қазақ. Спортшылар үшін артық салмақ та, төмен көрсеткіш те астан болуы мүмкін. Кезінде Уэйн Руни, бразилиялық Роналдо 30-дан асқан шағында семіріп, спорттағы жұлдызы тез сөнгенін көзіміз көрді. Сондықтан жылдық табысы бірнеше миллион доллар кәсіби спортшылар ас мәзіріне келгенде мамандардың кеңесіне құлақ түреді. Мәселен, Криштиану Роналду құрамында қанты көп тамақтан, арақ-шараптан бас тартқан. Кешкі асқа жеміс-жидек пен теңіз тағамын таңдайды. Өзге спортшылар секілді тауық етін көбірек тұтынады. Бәлкім осындай қатаң диета мен ауыр жаттығулардың оның ағзасындағы майдың үлесін 7 пайызға төмендеткен шығар. Мұны «Ювентус» клубының дәрігерлері анықтап, таңғалған. Ал ережесіз жекпе-жекте жеңіліп көрмеген Хабиб Нурмагомедов үшін ас пен салмақ ұғымы егіз секілді. Өйткені UFC-де төбелес алдында белгілі салмақтан асып кетпеу қажет деген талап бар. Ол үшін Хабиб тауық еті, жүзім, жаңғақ және судан тұратын қатаң диетаға көшеді. Себебі 70,3 келіден артық салмақ жинауға болмайды. Салмақ өлшейтін күн жақындағанда тәулігіне 8-10 литр су іше бастайды екен, кейін бірден кілт үзеді. Көп көлемдегі суға үйренген ағза адам бойындағы бүкіл суды сорып алады. Ал төбелестен кейін қалыпты диетаға көшкенде Хабиб әдетте 10-15 кг салмақ қосуы мүмкін. Алайда қатаң диетаны барлық спортшы сақтамайды. Қайта әдейі көбірек калория тұтынған спортшылар да болған. Мысалы, 23 дүркін Олимпиада чемпионы атанған Майкл Фелпстың саналы ғұмыры бассейндегі суда өткен соң оның көп тамақ жегені белгілі. Диетологтар оның дене бітімін (бойы – 193 см, қолдарының ұзындығы – 203 см), суда жүзу ұзақтығын есептеп, оның өзіне арнайы тәулігіне 12 мың калорияны құрайтын ас мәзірін даярлаған. Қатардағы ересек адам күніне 3 000 каллория тұтынса, семіріп шығуы бек мүмкін. Енді 12 мың калория ағза үшін қаншалықты көп екенін есептей беріңіз. Бірақ Фелпс үшін емес. Өйткені ол спорттағы карьерасын аяқтамай тұрғанда таңғы асқа жұмыртқа, құймақ, үш сэндвич жесе, түске таман жарты келі паста мен тағы бірнеше сэндвич, энергетик сусын тұтынып отырған. Кешке осы асты қайталап, қосымша пицца жеген. Әркімнің чемпиондыққа жетер жолы әртүрлі. Ортақ формула жоқ. Жыл сайын спорттағы көрсеткіштер жетіліп келе жатқанын сарапшылар да, жанкүйерлер да байқап отыр. Алайда технология, мамандар, инвестиция маңызды фактор десек те, барлығы спортшының өз ерік-жігері, еңбекқорлығына байланысты дегің-ақ келеді. Бұл тұжырымды «Милан» құрамында 24 ойында 20 гол салған 39 жастағы Златан Ибрагимович дәлелдеп жүр.