Еңбек адамының айқын үлгісі – Елбасы
Еңбек адамының айқын үлгісі – Елбасы
156
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Кәсіптік одақтар федерациясының ұйымдастыруымен жастар форумы өтті.

Форумға қатысушылар «Келешек» жастар кеңесінің өткен жылғы жұмысын қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын іс-шаралар бағдарын белгіледі. Оның негізгі мақсаты – Қазақстан жастарын Еңбек адамы идеясы аясында біріктіру.

Бұл шара тың идеялар мен тәжірибе алмасу үшін тиімді алаң болмақ. Оның жұмысына ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов, мемлекеттік органдар, салалық және жергілікті, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ жас кәсіподақ көшбасшылары мен еліміздің әр түкпірінен келген жас кәсіпкерлер, Алматы қаласының ЖОО және колледждердің студенттері қатысты.

Салтанатты сөз алған Ералы Тоғжанов Бірінші желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – еліміздің тарихында айрықша орын алатын күн екенін атап өтті.

«Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан бері қоғам игілігі үшін жүзеге асырылған барлық тарихи маңызды, әлеуметтік шешімдер Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты.

Елбасы бойындағы еңбекқорлық, отансүйгіштік пен өз халқына деген шынайы сүйіспеншілік қасиеттері қарапайым металлургты әлемдік деңгейдегі беделді көшбасшыға айналдырды. Еліміздің бүгінгі жетістіктері - осының нақты көрсеткіші!

Бүгінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Еңбек адамының айқын үлгісі болып табылады!» - деп атап өтті ол.  

Сонымен қатар, ҚРКФ басшысы жастар арасында жұмыссыздықтың жоғары деңгейі туралы сөз қозғады. Бүгінде елімізде 15-28 жас аралығында жұмыссыздар саны – 81 мың адамды құрап отыр. Осы ретте, ол Кәсіптік одақтар федерациясы жастарды мектептен бастап кәсіпке бейімдеу үшін ақпараттық портал құру жұмыстарын бастағаны туралы мәлімдеді. Бұл бастама осы жылы Қостанай облысынан бастау алған екен.

Оның айтуынша, осы бағытта жасалған басты қадам ҚРКФ Оқу орталығының «Келешек» кәсіподақ мектебі» жобасы. Жоба жастарға жеке, шығармашылық, кәсіби тұрғыда қалыптасуға көмектеседі, өзінің әлеуетін көрсетуге және кәсіподақ ұйымдарының басшылығына резервтегі лайықты кадр болуға мүмкіндік береді.

«Адамдардың үлкен мақсатқа жалғыз емес, бірлік пен ынтымақтастық арқасында қол жеткізетініне тарих куә. Бірлесіп үлкен мақсатқа қол жеткізудің ең тиімді әдісі – кәсіптік одақтарға бірігу», - деді Ералы Тоғжанов.

Форум аясында кәсіподақтар қозғалысының жас белсенділері Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының алғысхаттарымен марапатталды. Жас активистер жастар қойған мақсаттарға қолжеткізу үшін барлық мүмкіндікті қалыптастыруда Елбасы саясатының маңызды рөлі туралы айтты.

«Келешек» кеңесінің шешімімен форумға қатысушылар Елбасы – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа үндеуді бірауыздан қабылдады.