«Елбасының ерен еңбегін бағалап, ұғыну – міндетіміз» – Бердібек Сапарбаев
«Елбасының ерен еңбегін бағалап, ұғыну – міндетіміз» – Бердібек Сапарбаев
157
оқылды

Бердібек Машбекұлы, ел еге­мендігіне Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегінің арқасында қол жеткізгені даусыз. Тарихқа шегініс жасап, сол жылдарды еске бір түсірсек. Ата-ба­ба­ларымыз армандаған Тәуелсіздіктің ақ таңы атқанда қандай сезімде болдыңыздар?

Тәуелсіздік қазақтың сан мың жыл­дар бойғы арманы болды. Жасы­ратыны жоқ, еліміз азаттыққа елең-алаң шақта, қым-қиғаш қиындықтар мен қай­шы­лықтарға толы уақытта қол жеткізді. Тәуел­сіздік алған жылдары елімізде тұ­ратын қазақтардың үлесі 40 пайыз­дың ар жақ, бер жағында бол­ғанын ойласаңыз, қандай ұлы іске тәуекел етіп, қандай ұлы ерлікке бар­ғанымызды анық аңғаратын едіңіз. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы қазақты сан мың жыл бойғы арманына жеткізді. Тәуелсіз мем­лекет орнатты. Сол 90-жыл­дардың басында Қазақстан егемен, тәуел­сіз, өз алдына еркін ел болып кетеді де­генге сенбей­тін­дердің қатары көп бол­ғанына еш күмәнім жоқ. Алайда біз азат­тықтың алғашқы жыл­дарындағы қиын шақтан абыройлы өте алдық. Бабамыздың қаны­мен, ана­мыздың жасымен жеткен осынау құн­дылықтың бағасын парықтай білу – бүгінгі біздің мерейлі міндетіміз. Осыдан дәл 29 жыл бұрын азаттыққа қолы жеткен жас мемлекетіміз содан бері сан соқпақтан сүрінбей өтіп, еңсесін тіктеп, ертеңіне нық қадам ба­сып келеді. Азаттықтың алғашқы жылдары әлі есімде. Бәріміз ерекше толқынысты, тебіреністі әсерді бастан өткердік. Рас, бұл күйді тілмен айтып жеткізе ал­маймыз. Бі­рақ өз еліміз, өз жеріміз, тәуел­сіз мем­леке­тіміз үшін өгіз қара күшімізді жұм­сайтын күн туғанын анық түсіндім. Сол үшін де уақыттың әр минутын осындай ортақ мұратқа жұм­сауға бел байладық. Бұл бүкіл ел, ұлт үшін мақтаныш сезім, бо­лашаққа үлкен үміт сыйлаған кезең бо­латын. – Сол тұста өзіңіз министрлік пен Пре­зидент аппаратында қызмет еттіңіз. Сол жылдардағы жылы естеліктермен бөліссеңіз. Елбасының сіздің өміріңізде алар орны қандай? – Нұрсұлтан Әбішұлының менің еңбек жолымда алар орны бөлек. 1993-1994 жылдары Қазақстан Президенті және Қазақстан Министрлер кабинеті аппа­ратының қаржы, еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау бөлімі мең­ге­ру­шісінің орынбасары болып еңбек еттім. Бір жолы басшылар телеарнаға ба­рып, шахтерлердің ереуіл кезінде та­­­лап етіп қойған мәселелері бойынша жауап беруімді тапсырды. Менің бағы­ма орай сол сұхбатты Елбасының өзі көріп, менің сөз саптасымды, жауап­та­­рымды ұнатыпты. Кейін Үкі­меттің ап­­­­па­­­рат басшылығына та­ғайындал­ғанымда сол сұхбат туралы өзіме айтып бергені бар. Нұрсұлтан Әбішұлы 1990 жылы Үкі­метті басқарған кезде мені Білім ми­нистрінің орынбасары етіп та­ғайындады. Бұл мен үшін күтпеген жаңалық, тосын тағайындау болғаны рас. Бір жағы бұл тағайындау маған үлкен сенім, жауап­кершілік жүктеді. Содан Елбасының се­німін ақтауға бар күш-жігерімді салдым. 90-жылдардың аяғында Нұрсұлтан Әбішұлы Германия мемлекетіне іс­са­пар­лап, делегация құрамында мен де бол­дым. Ол кезде Германияның ас­танасы Бонн қаласы болатын. Канцлер Г.Кольдің қаты­суымен Бун­дестагта депутаттармен кездесу өтті. Сол жиын­да бұрынғы Сыртқы істер ми­нистрі, белгілі қайраткер Г.Геншер: «Құр­метті, Президент мырза! Біз немістер ас­танамызды Боннан Берлинге ауыс­тыруға ойланып, қорқып жүрміз. Сіз әдемі, әсем Алматыдан белгісіз Сары­арқада ор­на­ласқан Ақмолаға ауыс­тыруға шешім қа­был­дадыңыз. Осындай сіздің жүрек­тілі­гіңізге қайран қалдық, үйрену қажет», – деген еді. – «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» деген қанатты сөз бүгінгінің ұранына айналды. Десе де, бұқара Тұңғыш Пре­зиденттің еңбегін толықтай бағалай алды ма? – Егемендік жылдарындағы әрбір елеулі сәттер, атқарылған сансыз шаруалар Елбасының ерен еңбегін паш етіп тұрғаны анық. Біз келер жылы тарихи датаны, яғни тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Иә, осыдан 29 жыл бұрын әлем картасында тәуелсіз жас Қазақстан Рес­публикасы деген мемлекет пайда болды. Еліміз осы аз ғана мерзім ішінде бірнеше ғасырға татитын жолды жүріп өтті. Бүгінгі Қазақстан — әлем таныған, аяққа нық тұ­рып, экономикасы қарыштап да­мыған, қуатты мемлекет. Бұл ең ал­дымен сол қиын-қыстау сәтте ел тіз­гінін ұстап, эко­номикалық ты­ғы­рықтан шығарып қана қоймай, барша қазақ­стандықты бір мақсатқа жұ­мылдыра білген Нұрсұлтан Әбіш­ұлының орасан зор еңбегінің, са­рабдал саясатының арқасы. Тәуел­сіз­діктің алғашқы жыл­дары өте ауыр болғаны бәрі­мізге мәлім. Сол кездің өзінде мем­лекеті­міздің болашағы жарқын бо­ла­тынына жұртты сендіре білген Ел­басымыз өзі үлгі көрсете жүріп, ха­лықтың сана-сезімін жаңа дәуірге сай өзгертіп, бәсекеге қабі­летті етіп сомдай білді. Бүгінгі ұрпақ осыны жете түсініп, саналарына сіңіруі тиіс. «Тәуелсіздікті сақ­тап қалу, оны алудан да қиын» деп Нұрсұлтан Әбішұлы өзі айтқандай, азат­тыққа қол жеткенімен, бүгінгідей еңсе­лі елге айналу жолында талай то­ларсақтан саз кешіп, сан соқпақтан өткеніміз белгілі. Бұл тұрғыда Ел­басының ерең еңбегін ұғынып, оны лайықты бағалау – мерейлі міндетіміз. Әлбетте, солай боларына се­немін! – Бүгінгі ұрпақ осындай бейнетпен жеткен Тәуелсіздігіміздің, жетіс­тік­теріміздің қадіріне жете алып жүр ме? Сіздіңше, Тәуел­сіздік жылдары қол жеткізген ең басты та­бысымыз қайсы? – Жасыратыны жоқ, қазір Тәуел­сіздіктің, берекелі де бейбіт өміріміздің қадіріне жете алмай жүрген жандар көп. Неге? Жәй ғана айналамызға зер сала қа­райықшы. Әрине, еліміздің әрбір тұр­ғыны бай-бақуатты өмір сүруді ар­ман­дайды. Яғни, жаңа заманға сай өмір сүргісі келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы­ның «Алдымен экономика, содан соң саясат» деуі бекер емес. Ал мемлекет өз азамат­тарының әл-ау­қатын көтеру үшін барлық жағдайды жасауда. Қазір кәсіп игеріп, тірлік істеймін деген жандарға берілетін несиенің түр-түрі бар. Бұған ауылдағы ағайын да, қаладағы тұрғындар да қол жеткізе алады. Былайша айтқанда, кәсіп бастаймын деген адамға ешқандай кедергі жоқ. Мемлекет «Еңбек ет, тіршілік жаса, қалталы бол» деп отыр. Бірақ адамдар әлі де болса сенбейді, тәуе­кел етпейді, жү­рексінеді. Сосын ал­дарына нақты жоспар, мақсат қоя білмейді. Негізі, мемлекеттің қолдауын ел тұрғын­­дары тиімді пайдалануы тиіс. Адамның еркі мен еңбегі ғана небір кереметтерді жасайды. Өздері жасай алмаған соң әртүрлі әңгі­мелерге, пі­кір­лерге ерік беретіні бар. Яғни, баяғы ескі сана әлі де болса кей адамдардың кең қанат жаюына мүм­кіндік бермеуде. Осы ел, осынау тәуелсіздік өзі­міздікі екенін ұғына алмай жүргендейміз. Содан соң қадірін қайдан білеміз?! Ба­балары­мыздың арман-мұратына айналған Тәуел­сіздіктің қадірін нақты ісімізбен, нәтижелі әрекетімізбен көрсетсек деймін. Әркім өзі үшін аян­бай тер төксе, елге қызмет еткені болар еді. Сон­дықтан біз еңбек етуді, кәсіп меңгеруді насихаттауды бір сәт те тоқ­татпауымыз қажет. – Егемендік жылдарындағы Тұңғыш Президенттің ең айтулы жобалары деп нелерді айтар едіңіз? – Нұрсұлтан Әбішұлының айтулы жобаларының бірі әрі батыл да сәтті шеші­мі деп астанамыздың Алматыдан сол кез­дегі Ақмолаға көшірілуін айтар едім. Бү­гінде Нұр-Сұлтан қаласы ата­нып, сән-салтанаты жарасқан шы­райлы шаһарға қарап Елбасының бір кездегі тәуекел еткен шешімі нағыз көрегендік екеніне көзіміз жетеді. Бұ­дан басқа да, еліміздегі көптеген ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында топ­тастырған Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сының құрылуы, Ядролық қарудан бас тартуы сынды ол кісінің тарихи шешімдері бар. Тағы бір ерекшелеп айтатын еңбегі тарихымызда бірінші рет шекараны халықаралық шарттармен құжаттап бе­кіткені болды. Жасыратыны жоқ, шека­раны шегендеп алу мәселесін ертеңге ысыра беріп, уақыт өткізіп алып, бүгінде бармағын тістеп отырған мемлекеттер аз емес. Кешегі Кеңес Одағының шекпенінен шыққан тәуел­сіз мемлекеттердің ара­сында шекара үшін соғысып жат­қан­дары да бар. Аллаға шүкіршілік, бұл жағы­нан Қа­зақстан бәрінен ертерек қамданды. Тұңғыш Президентіміз әлемдік аре­нада да қазақ елінің беделіне оң әсер еткен баянды бастамаларымен таныла білді. Осы орайда оған дәлел ретінде Семей ядролық сынақ полигонын жабу, Қазақстанды яд­ролық қаруды таратпау ісінде көшбасшы мемлекетке ай­налдыру, халықаралық, өңірлік ұйым­дардың құрылуына ұйытқы болу, көп­тен тоқырауда тұрған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйы­мының саммитін қайта жандандыру, Си­рия шиелісін шешуге ұмтылу, түркі жұртын ортақ идея төңірегінде топ­тастыру ба­ғытында атқарған ерен еңбегін айрықша атап өтуге болады. – Бүгінде Жамбыл облысын басқарып отырсыз. Тәуелсіздік жылдарында Жам­был өңірі қаншалықты өзгерді? Аймақтың бола­шағын қалай елестетесіз? – Тәуелсіздік жылдары мемлекет қам­қорлығымен еліміздің барлық өңі­рінде жарқын жобалар қолға алынып, өз жемісін беруде. Тәуелсіздікті ны­ғайтуға барша қазақстандықпен бірге Жамбыл облы­сының тұрғындары да лайықты үлес қосты десек артық айт­паймыз. Бүгінде Әулиеата өңірі серпінді даму жолына түсіп, өзінің әлеуетін тиімді пайдаланып келеді. Көр­сет­кіш­тер жыл сайын өсіп, халықтың жағдайы жақсарып келе жатқанын аңғаруға болады. Биылдың өзінде үш тоқсанның қорытындысымен об­лыс­тың эконо­микалық өсімі 2,3 пайыз болды. Сондай-ақ осы жылдың үш тоқ­санында 433,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді десек, бұл жоспардан 9,5 пайызға жоғары. Бұдан бөлек, 230,3 миллиард теңге ин­вестиция тартылып, өсім 8,2 пайызға жетті. Биыл өңірде 257,6 шақырым жолды салу мен қайта жаңартуға 8,3 мил­лиард теңге бөлінді. Нәти­жесінде, биыл облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін жақсы және қана­ғаттанарлық жағдайын 90 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы, Тәуелсіздік жылдары өңірде барлығы 300-ден астам білім, 217 ден­саулық сақтау нысаны бой көтерсе, 500-ден аса спорттық нысандар са­лынды. Ауызсу және көгілдір отынмен қамту шаралары да қарқынды жүзеге асып жа­тыр. Айталық, облыстағы төрт қалада 394 мың тұрғын немесе 88 пайыз орта­лық­тандырылған ауызсумен қам­тылған. Ал облыстың ауылдық елді мекендеріндегі тұрғындардың 75 пайыз­­дан астамы орта­лықтандырылған ауызсуға қосылған. Биыл 50 ауызсумен жабдықтау нысанының құрылысына 17 миллиард теңгеден астам қаржы бө­лінді. Өткен жылмен салыс­тырғанда ауызсумен қамту саласындағы жұ­мыс­тардың көлемі 2,5 есеге артып отыр. 30 елді мекенде жаңа ауызсу құбырлары салынып, 10 ауылда қол­даныстағы су құ­бырлары жөнделуде. Жыл соңына дейін ауыл тұрғындарын орта­лық­тандырылған сумен қамту деңгейі 75,2-ден 82,8 пайызға жететін болады. Жал­пы, өңірлік жоспарға сәйкес 2025 жыл­ға дейін облыстағы қала және ауыл тұрғындарын 100 пайыз ауыз­сумен қамту көзделуде. Сондай-ақ бүгінгі таңда облыстағы 371 елді мекеннің тек 192-сі газ­дандырылып, барлығы 900 мыңға жуық тұрғын газбен қамтамасыз етілген. 2020-2027 жылдары қалған 179 елді мекен газбен қамтылады деп жос­парлануда. Биыл 42 елді мекенге газ беру жоспарланған. Оның нәтижесінде облыстың тағы 94 мың тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізбек. Қазір облыста жалпы қуаттылығы 268,7 МВт құрайтын 12 нысан жаңар­тылатын энергия көздерін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіруде, бұл респуб­ликалық көрсет­кіштің 19  пайызы. Жамбыл өңірі жаңартылатын энергия көздерін пай­далану жағынан алдыңғы қатарда екенін айрықша атап өткім келеді. – Биыл Қордай ауданы айрықша жаң­ғырып, түлеп жатқанынан баршамыз хабар­дармыз. Ондағы құрылыс, жөндеу жұ­мыс­­тары ауқымды. Сол туралы айтып өтсеңіз? – Биыл Қордай ауданы алып құ­рылыс алаңына айналды. Алғаш рет ауданды жеке дамытуға қосымша 35 миллиардтан астам теңге бағытталды. Қарастырылған қаржыға ауданда биыл 392 жоба бойынша жұмыстар қолға алынды. Жобалар «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дарламалары аясында жүзеге асы­ры­луда. Мектептер, тұрғын үйлер, мәдени және спорт мекемелері, ден­саулық сақтау нысандары, жолдар салынуда, инженерлік-ком­муни­кациялық ин­фра­­­­құрылымдар тар­тылып, ауылдар газ және су жүйелеріне қосылуда. Баспана мәселесі де шешімін тауып жатыр. Аудан бойынша 1 524 тұрғын үй кезегінде тұр десек, бес көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Тағы екі үйдің құ­рылысы аяқталуға жақын. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 үй салынуда. Бір сөзбен айтқанда, Мемлекет бас­шысының қолдауының арқасында қор­дайлық әлеуметтің әлеуеті ай­тарлықтай артты. Аудан тұрғындарының 95 пайы­зынан астамы газбен қам­тамасыз етілсе, 88 пайызы орта­лық­тандырылған таза ауызсуға қол жеткізді және жергілікті маңы­зы бар жолдардың жақсы және қана­ғат­танарлық деңгейдегі үлесі 90 пайызға жетті. Ең бастысы – ұлтаралық бей­бітшілік пен келісімді сақтауда қыруар тірлік ат­қарылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба береді. – Уақыт бөліп, өткен күннен есте­ліктер айтып, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Саятхан САТЫЛҒАН