Шымкенттіктердің назы көп
Шымкенттіктердің назы көп

Жұма күні Шымкент қаласының әкімі М.Әйтенов өзінің Instagram  парақшасында тікелей эфирге шығып, қала тұрғындарын мазалаған сауал­дарға жауап берген-ді. Жұртшылықты толғандырған мәселе көп. Кейбірі «Төлем» картасы жүйесіне қапалы, ал кейбірі қоғамдық көліктердің ескір­генін айтады. «Нұрсәтте» табиғи газ жоқ, «Жаңа-Шахардағы» аспалы көпірдің де шикілігі бар.  Интернеттің сапасы сын көтермейді, жаңа мектеп тағы қажет. Әкімге қойылған сауал көп, жауабы бар ма?

Еліміздегі эпидемиялық ахуал бо­йынша Шымкент қаласы «жасыл аймақ» қатарына жатады. Қалада осы уақытқа дейін вирус жұқтырған 5 417 адам тіркелген.  5 254 адам емделіп шығып, өкінішке қарай 78 жан бақилық болыпты. Өткен бір тәу­лікте 7 адам тіркеліп, бүгінде қала ем­ханаларында 85 адам емделіп жатыр. Әкім­дік қорында дәрі-дәрмек жеткілікті. Айтқандай, Шымкент қаласы бас сани­тарының қаулысы бойынша азық-түлік дүкендері және базарлар, сауда, ойын-са­уық орталықтарының жұмысы, кино­театрлар мен қоғамдық көліктердің жұмыс уақыты ұзарды. Енді базарлар мен сауда, ойын-сауық орталықтары шектеу шара­лары арқылы демалыс күні де жұмысын жалғастыратын болды. Кинотеатрларға келушілердің саны 50 пайыздан аспау сағат 9.00-ден 23.00-ге дейін ұзартуға шешім қабылданды. Алайда әлі де той-жиын, ұжымдық  корпоратив, банк­еттерге рұқсат жоқ. Осындай мәліметтерді жеткізген шаһар басшысына тікелей эфирге қатысып отыр­ған тұрғындар тарапынан да түрлі сауал қойылды. Қала әкіміне қойылған сауал­дардың басым бөлігі қарашада қолданысқа енген «Төлем» электронды жүйесіне қа­тысты болды. Қолданысқа енгеніне 1 айдан асса да, әлі күнге дейін шикі тұстары көп «Төлем­нің» жыры бітер емес. Күн сайын қо­ғамдық көлікке мінсеңіз де, осы мәселеге тап келесіз. Қашан көрсеңіз, кондуктор мен жолаушылардың бір-бірімен ұрсысып жатқаны. Тұрғындардың бірі «Төлем картасы қашан реттеледі? Күнде жұмысқа барамыз, халықтың 90 пайызында төлем картасы бар. Картаны алып, халықты үйреттіңіздер. Енді неге өздеріңіз то­лыққанды дұрыс жұмыс істемейсіздер? Мәселен, таңертең жұмысқа бара жатқанда жолақыны картамен төлейміз,  кешке автобустардың төлем қабылдайтын кар­тасы істемей қалады, қолма-қол ақы тө­леуімізді талап етеді. Одан бөлек, кешке кептеліс дейді де, өздеріне ыңғайлы, қо­лайлы көшелермен жүріп бағытты өзгерте салады» деп ашынды.  Одан кейін тағы бірі: «Төлем картамыз жоқ болса немесе картада ақшамыз таусылып қалса, 100 теңге тө­леуімізді талап етеді. Алайда автобустарда үнемі валидаторлар істен шығып қалады. Жолаушылар тарапынан кеткен қателік кешірілмейді де, өздеріне келгенде барлығы кешірімді ме? Бұл қашан рет­теледі, әкім мырза?» деп сауал тастады. Кейбіреулер қалтасындағы соңғы тиынына дейін «Төлем» картасына аударып қоя­тынын, соған сеніп қоғамдық көлікке мінгенде кондукторлардың «валидатор жұмыс істемей тұр» деп, қолма-қол ақша талап ететініне шағымданды. Әйтенов бұл сауалдарға жаңа жүйе енгізілгенде алғашқы кездері қиындықтың болатынын, бәрі реттелгенше шыдам­дылық таныту қажет екенін айтты. Шыны керек, қоғамдық көліктердегі осынау «қақтығыс» қашанға созылатыны белгісіз. Алғашқы күндері «Төлем» кар­тасының тұрғындарға жетпей, таусылып қала беретіні шу болса, енді төлем ап­параттарының істемей тұратыны дауға ай­налған. Кондукторлардың өздері «вали­датордың істемей қалуынан шаршадық» дейді. Алайда біз жасырын сөйлескен №65 бағыттағы кондуктордың айтуынша, барлық төлем картасы жұмыс істеп тұр. Қоғамдық көлік иелері өздеріне ақша түспей жатқандықтан, осындай қулыққа барады. «Біз күн сайын өз есебімізден 12 мың теңгеге жанар-жағармай құюымыз керек. Қазір ондай ақша болмаған соң таңнан бері  2 000 теңгеге, одан соң 1 000 теңгеге бөліп-бөліп май құямыз. Бұрын 12 мың теңгеге бірден толтырып алатынбыз. «Төлемдегі» күндік жоспар – 15 мың теңге. Егер осыған жеткізе алмасақ, қалтамыздан төлейміз. Көптеген автобустың төлем аппараты істемей тұр дейтіні содан. Тіпті, біразында аппараттың қуаттағышы жоқ болғандықтан да, уақытша істен шығып қалады», – дейді ол. Тұрғындар тікелей эфирде миллион тұрғыны бар үшінші мегаполистің қоғамдық көліктерінің ескіргеніне, лас­тығына, тарлығына және бір бағыттағы авто­бус­тардың жүру уақытының тым ұзақтығына қынжылыс білдірді. Әкімге қойылған сауал­дардың тағы бір өзектісі – тұрғын үй кезегінің жылжымауы. Кей­біреулер кезек­тің жылжымақ түгілі, кері қарай шегініп жатқанын айтып ашынады.  Мұнда жем­қорлықтың көп екені, қатаң қадағалау қажет екені де ескертілді. Арен­далық тұр­ғын үй кезегіне қол жеткізе алмай жүрген бірнеше мүмкіндігі шектеулі азамат пен жалғыз­басты ана қатты күйі­нетінін айтты. Сондай-ақ жылу мәселесінің де кезек күттірмейтін тұстары айтылды. Тұран және Қайнарбұлақ шағынаудандарынан ха­барласқандар су мен газдың, жол мен жарықтың қашан болатынын сұрады. Ал «Ынтымақ-3» елді мекен тұрғындары  су, жарық, жол және ең бастысы мектеп қажет екенін еске салған. Үлкен жолдың бойында орналасқан елді мекен тұсына бағдаршам да керек. «Шымкенттің түбінде тұрып, көштен қалып отырмыз. Қашан ел қатарлы өмір сүреміз?», – дейді. Ал «Нұрсәтте» тұ­ратындардың біразында әлі табиғи газ жоқ. Қызылжар шағынауданының тұрғын­дары «қолқаны қабатын иістен тұншығатын болдық» деген базынасын жеткізіпті. Еңбекші ауданына қарасты «Шаңырақ» елді мекені тұрғындары көшені жарық­тан­дыруға барлық құжаттың жасалып қой­ғанын, алайда уәде етілген жарықтандыруды бір жылдан бері күтіп шаршағанын айтады. Шаңырақтықтар балалар мен қарттардың қараңғы көшеде жүргеніне алаңдайды. Тағы бір тыңдарман интернет сапа­сының төмендігінен  бір аптадан бері дәрігерге жолдама ала алмай отырғанына налиды. Медицина саласының да қиын­дықтарын жасырмады. Ал  қаланың қақ ортасындағы сақалды көпір атанып, 10 жылға таяу уақытта бітіп, пайдалануға берілген «Жаңа-Шахар» ауданы аума­ғындағы аспалы көпірдің де бір шикілігі шығыпты. Қала тұрғыны осынау көпірдің өте биік, баспалдақтарының тар екенін, лифтінің тек мүгедектерге арналғаны, ал қариялар мен денсаулығы дімкәс жандар­дың жолдың келесі бетіндегі дәріханалар мен аялдама­ларға өтуге мүмкіндігі бола бермейтінін айтады. Уәде етілген эска­латорды сапалы етіп, ертерек құрып беруін сұрайды. Алайда 160 сауал қалдырған тұрғын­дардың жанына батқан сұрақтардың еш­қайсысына да қала басшысы тарапынан жауап берілмеген. Тіпті, біреулері «са­уалымызға жауап бермесеңіз, несіне жеке парақша аштыңыз, мұның бәрі көз­бояу­шылық па?» дегендей сенімсіздік біл­­діріпті.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы