Пандемия басталғалы тұралап қалған бокс спорты жылдың соңында қайта жанданды. Осы ретте отандық боксшылар да кезекті айқасын өткізіп үлгерді.
Өткен аптада АҚШ-та үш бірдей боксшымыз шаршы алаңға шықты. Ең алдымен Лос-Анджелесте Мадияр Әшкеев пен америкалық Чарльз Конуэлл арасындағы жекпе-жек өтті. Бұған дейін кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген отандасымыздың бокстағы кезекті жорығы сәтсіз болды. Мадиярдың араға бір жыл салып, шаршы алаңға шыққаны жекпе-жек кезінде анық байқалды. Ал қарсыласы Чарльз екі ай бұрын рингте отандасы Уэнди Туссейнтпен жолығып, тоғызыншы раундта нокаутпен жеңіске жеткен болатын. Сондықтан да шығар 23 жастағы америкалық боксшы алғашқы минуттардан-ақ ширақ қимылдап, үстемдік танытты. Мадияр болса, көбіне қорғана жүріп, ара-тұра шабуылға шығып жүрді. Бір сөзбен айтқанда, қарсылас әр раунд сайын шабуылын үдетіп, басымдығын айқындай түсті. Осылайша, жекпе-жек жоспарланған он раундқа жетпей, ерте аяқталды. Тоғызыншы раундтан кейін Әшкеевтің бапкерлері шайқасты жалғастырудан бас тартты. Кездесу толықтай Конуэллдің басымдығымен өтті. Мадияр мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Ертесіне спорт жанкүйерлері асыға күткен GGG мен Шеремета арасындағы бокс бәсекесін көрермендер қызыға тамашалады. Әу бастан польшалық боксшының Головкинді тізе бүктіреді дегеніне сенгендер аз болды. Бұл айқаста отандасымыздың шеберлігіне ешкім шек келтірмеді. Гонг үні естілісімен Гена басымдықты бірден қолға алды. Қарсылас қанша алға ұмтылып, жеңістен дәмесі бар екенін аңғартуға тырысып баққанымен, Геннадийдің жойқын соққылары Шереметаны көктен жерге түсірді. Жеті раундқа дейін төрт рет нокдаун алған Шереметаның дәрменсіз күйін көрген бапкерлер штабы жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Осылайша, орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин кәсіпқой рингтегі 41-ші жеңісіне қол жеткізді. Сондай-ақ қазақстандық боксшы бұл жекпе-жектен кейін орта салмақта титул қорғау бойынша рекордты жаңартты. Бұған дейін америкалық Бернард Хопкинс әлем чемпионы титулын 20 рет қорғап, рекорд қойған еді. Ал Головкин өзінің бұған дейінгі титулдарын 21 рет қорғап қалды. Жекпе-жек аяқталысымен спорттық басылымдар Канело Альвареспен үшінші кездесу туралы жарыса жазды. Ертесіне мексикалық боксшы Калум Смитті 12 раундтың қорытындысы бойынша ұпай санымен жеңді. Бұл мексикалық боксшының кәсіпқой бокстағы 54-жеңісі, ал Смит алғаш рет жеңіліске ұшырады.Мен үшін бұл үлкен тосын сый болған жоқ, бұл кәсібиліктің жоғары деңгейі. Камил Шеремета – өте жақсы боксшы. Мен өзімді жайлы сезінудемін, себебі көп жұмыс істедім және оған менің уақытым болды
– Гена да, Канело да шеберлігі жоғары даңқты боксшылар. Екеуі де ұзақ үзілістен кейін кездесулерін сәтті өткізді. Айқастан соң Сауль Альварестің жаттықтырушысы әрі менеджері Эдди Рейносо шәкіртінің алдағы жоспарларымен де бөліскен болатын. Жаттықтырушының айтуынша, Канело келесі жекпе-жегін үш айдан кейін өткізуді жоспарлап отырған көрінеді. Қарсыласы не WBO чемпионы Билли Джо Сондерс не IBF чемпионы Калеб Плант болуы мүмкін екен. Рейносо бұған дейін Геннадий Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуге қарсы емес екенін де айтты. Ал The Athletic спорттық басылымы көктемде Геннадий Головкиннің тағы бір мексикалық Хайме Мунгиямен кездесуі мүмкін екенін жазды. 24 жастағы боксшы 36 жеңісінің 29-ын уақытынан бұрын аяқтаған. Егер Хаймемен Генаның жолдары түйіссе, керемет бокс кеші болғалы тұр, – дейді спорт журналисі Фараби Әбдіхалық. Қазақстандық боксшының промоутері Эдди Хирн де ESPN-ге берген сұхбатында Головкиннің осы кездесуден кейін қарсыласын өзі анықтайтынын атап өтті. Головкиннің өзі де жанкүйерлерін келесі жекпе-жегін бұдан да мықты, азулы қарсыласпен өткізетініне сендірді: «Мен үшін бұл үлкен тосын сый болған жоқ, бұл кәсібиліктің жоғары деңгейі. Камил Шеремета – өте жақсы боксшы. Мен өзімді жайлы сезінудемін, себебі көп жұмыс істедім және оған менің уақытым болды. Менің қасымда көптеген жақсы адамдар бар. Мен өз командаммен мақтанамын! Маған сеніңіздер, келесі жолы біз ең керемет жекпе-жек өткіземіз», – деді ол. Бәрінен бұрын бокс сарапшылары мен жанкүйерлері үшін Головкин мен Шереметаның андеркартында жұдырықтасқан Әли Ахмедовтің жеңілісі тосын оқиға болды. Ахмедов кейінгі екі жекпе-жегін үшінші және бірінші раундтарда аяқтаған. Бұл жолы да сол ойын жүзеге асырғысы келді. Гонгорамен шайқаста да қарсыласын жылдам құлатуды көздеген Әлидің әрекетінен еш нәтиже шықпады. Ашық айқас кезінде отандық боксшымыз өзіне бірнеше ауыр соққыларды дарытып алды. Оның үстіне, Гонгора төртінші раундтан бастап қарқынын күшейтіп, бірінші нөмірмен жұдырықтасуға көшті. Рингте оның жекпе-жекке тыңғылықты дайындалғаны, Әлиді әбден зерттегені байқалды. Кездесу аяқталар тұс таяған сәтте құр сүлдері қалған Ахмедовты эквадорлық боксшы нокдаунға түсірді, кейін бірнеше минуттан соң иектің астынан жойқын соққы бағыттап, нокаутқа жіберді. Сөйтіп, ел мақтаған Әли Карлос Гонгорадан жеңіліс тапты. Алғашқы титулдық жекпе-жегі сәтсіз аяқталып, IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына қол жеткізе алмады. Бір қызығы, жекпе-жек алдында ол айқын фаворит саналды. Оның жеңісіне букмекерлік кеңселер 1,09 коэффициент, ал Гонгораның жеңісіне 9 коэффициент берді. Алайда шаршы алаңда жағдай басқаша өрбіді. Отандасымыз кәсіпқой бокста алғаш рет жеңіліп отыр. Бұған дейін 16 кездесуде жеңіп, оның 13-ін мерзімінен бұрын аяқтаған еді. Қош, сонымен үш боксшымыздың екеуі сынақтан сүрініп, маңызды бәсекеде білгендерінен жаңылды. Жалғыз Головкин ғана ел үмітін ақтап, чемпиондық титулдарын сенімді түрде қорғай алды. Келер жылы бұдан да мықты қарсыластармен жолығып, Канеломен де жолдары қайта түйісуі мүмкін. Бұл кездесу төңірегінде барлық шетелдік, отандық спорт басылымдары жарыса жазып жатыр. Бастысы, GGG кәсіпқой бокстағы жеңісті жолын жалғастырып, спорттық мансабын ойдағыдай аяқтаса дейсің. Спортшы үшін бұл да маңызды әрі ең үлкен жеңіс.