Нұр-Сұлтан: Көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы пәтерлерге құжат қабылдау басталды
Нұр-Сұлтан: Көпбалалы отбасылар үшін жалдамалы пәтерлерге құжат қабылдау басталды

«ҚазАқпарат» zhilfond.kz-ке сілтеме жасай отырып, Нұр-Сұлтан қаласында «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардан сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге құжаттарды қабылдау басталғанын хабарлады.

Нұр-Сұлтан қаласының «Тұрғын үй қоры» КММ сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтерге құжаттарды қабылдай бастады.

Бұл бағдарламада «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар санаттағы тұрғын үй кезегіндегі көпбалалы отбасылар қатыса алады. Барлығы 251 пәтер, оның 184-і үш бөлмелі (65-85 ш.м.), 67-сі екі бөлмелі (60-70 ш.м.)

Құжаттарды 1 желтоқсан мен 6 желтоқсан аралығында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ Р. Қошқарбаев даңғылындағы 39 үйде қабылдайды.

Мекеме құжаттарды 1-2 желтоқсанда сағат 10.00-дан 16.00-ге дейін, 3-6 желтоқсан сағат 8.30-дан 17.00-ге дейін қабылдайды. Үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін.

 Тұрғын үйге үміткерлер келесі құжаттарды тапсыруы керек:

Өтініш; өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;

неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы ХҚО-нан анықтама;

өтініш берушінің және онымен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелерінің Қазақстан Республикасының аумағы бойынша меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;

жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар.

Сонымен қатар, көпбалалы ана кітапшасы (егер бар болса көшірмесі) болуы тиіс.