Павлодарда 1 млрд теңге ұрлаған ер адам ұсталды
Павлодарда 1 млрд теңге ұрлаған ер адам ұсталды
Павлодарда 1,2 миллиард теңге бюджет қаржысын ұрлауға қатысы бар деген күдікпен ер адам ұсталды. Ақша су құбырын салуға бөлінген болатын, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан. Бюджет қаржысын ұрлау фактісін Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті анықтады. Бірлескен шараға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаменті де қатысты. "Қазіргі кезде күдікті ұсталды. Павлодар қаласының мамандандырылған тергеу соты оны қамауға алуға санкция берді", – дейді құқық қорғаушылар.   Ресми мәліметке сәйкес, Қылмыстық кодекстің 189-бабы - "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу" бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Осы бапқа сәйкес, қылмыс дәлелденсе, 7-12 жылға бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сотталушының мүлкі тәркіленеді. Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан да өмір бойына айырылады.  "Қазіргі тергеу шаралары аясында қылмыстың мән-жайы және оған қатысы бар басқа да адамдар анықталып жатыр", – дейді тәртіп сақшылары.