Ақылы марапат алуға асықпаңыз

Ақылы марапат алуға асықпаңыз

Білім және ғылым министрлігі жал­ған марапаттарды оңды-солды сатып алып жатқан педагогтерге ес­кер­ту жа­са­ды: ақылы конкурстардың мара­­паттары ұстаздарды аттестаттау ке­­зін­­де назарға алынбайды. Бұл – алаяқ­тық.

«Қазақстанда жеке тұлғалар педагогтерге арнап жалған наградалар жасап, оңды-солды сатып жатыр. Күмәнді ақылы конкурстарға қатысу нәтижесінде алынған наградалар мен дипломдар педагогтерді аттестаттаудан өткізу кезінде ескерілмейді. Жалған ақылы награ­далардың дизайны мен безендірілуі ресми ведомстволық награ­даларға ұқсатып жасал­ған. Кейбір мұға­лімдер білмегендіктен, кей­бірі біле тұра күмәнді ақылы жарыстарға қатысады. Сатып алынған марапат – марапат емес. Егер бұл қоғамдық марапат болса, ол ақылы болмауы тиіс. Осы ақпаратты көпші­лікке жеткізу керек!», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. Оның айтуынша, министрлік тек «Ы. Ал­тынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Еңбек ардагері» төс­белгілерін, «Құрмет грамотасын» және «Алғыс» грамоталарын ресми марапат деп таниды. Пандемия күмәнді ақылы онлайн кон­курстар мен олимпиадалардың көбеюіне әсер етті. Мұғалімдер мен оқушылар жеке ұйымдар ұйымдастырған іс-шараға онлайн да, барып та белсенді түрде қатысып жатыр. БҒМ педагогтерді, ата-аналарды жеке тұл­ғалардың алдауына ермеуге шақырды: «Олардың көздегені заңсыз ақша жинау және бұл қаржылық алаяқтық болып есептеледі». «Бөгде тұлғалар ұйымдастыратын оқу­шылар мен педагогтер арасындағы ақылы олимпиадалар және конкурстар ресми түрде танылмайды. Күмәнді ақылы конкурстардың марапаттары мен грамо­талары педагог пен білім беру ұйымының беде­ліне нұқсан келтіреді», – деді Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова. Білім және ғылым министрлігі ата-ана­ларды ақылы негізде өткізілетін кон­курстар мен олимпиадаларды таңдауда мұқият болуға үндеді. Мектептерде ақылы олим­­пиадалар өткізуге қатаң тыйым салын­ған. Алайда көптеген мектеп дирек­торы мен мұғалімдер ақылы конкурстарды ата-аналар арасында өздері жарнамалап жүретіні де жасырын емес.

Е.СЕНБАЙ