Дағдарыс пен пандемия салдарынан алаяқтық белең алып барады. Мысалы, Павлодар облысы аумағында жыл басынан бері алаяқтық бойынша 1 543 қылмыстық іс қозғалған, оның 1 003-і интернет пен әлеуметтік желіні пайдалану арқылы жасалған. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
«Соңғы кезде алаяқтық деректері жиілеп кетті, олардың санаты әртүрлі. Алаяқтар күн сайын жаңа схема ойлап табады, ал одан азаматтар зардап шегеді», – дейді Павлодар облысы Полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасының бастығы Балғабай Қапаров. Тәртіп сақшыларының айтуынша, соңғы кездері өңірде күшік сатумен айналысатын алаяқтар көбейген. Мысалы, бір қыз «Шпиц» тұқымды қымбат күшікті сату туралы жарнамаға жолығып, сатушыға телефон арқылы хабарласады. Иттің сипаттамасы мен дағдыларын талқылағаннан кейін жәбірленуші алаяқтың есепшотына аванс аударған. Ақша есепшотына түскен соң алаяқ байланысты бірден үзіпті. – Қазір алаяқтар оңай ақша табудың жолына түсіп кетті. Кең таралған алаяқтықтың бір түрі – келісімшартқа отырып, артынан міндеттемелерін орындамау. Азаматтар пластик терезелер, темір есіктер, домофондар және басқа да заттарды орнатуға келісімшарт жасасады. Алайда олар алаяққа жем болады, – дейді Балғабай Сағындықұлы. Оның айтуынша, алдаудың тағы бір түрі – біреуге оның жақын туысының қиын жағдайға тап болғаны туралы хабарлама жіберіп, одан бөгде біреудің есепшотына ақша аударуға мәжбүрлеу тәсілі әлі күнге танымал. Жәбірленуші тарап «қиын жағдайға тап болған» туысына қоңырау шалып тексермейді, алаяқтардың құрбанына айналады. Сондай-ақ азаматтар интернет дүкендердегі жеңілдіктер мен акциялар туралы хабарламаға сеніп, алдын ала төлем жасайды. Бірақ уәде етілген теледидар, тоңазытқыштарына қол жеткізе алмайды. Полицейлер интернетте әлденеге тапсырыс бермес бұрын сайтты мұқият зерттеуге, ол дүкеннің қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанына, жұрттың пікіріне, ағымдағы шотының көрсетілгеніне назар аударуға кеңес береді. Банк картасының кодын және бірреттік құпия сөзді ешкімге айтуға болмайды. Интернеттегі күмәнді транзакциялардан бас тарту қажет. Өзіңіздің қырағылығыңыз ғана алаяқтар қармағына ілікпеуге мүмкіндік беретінін есте сақтаңыз.Елдос СЕНБАЙ