Жалғызбасты зейнеткерлерді қуантпақ
Жалғызбасты зейнеткерлерді қуантпақ
5,109
оқылды

Волонтерлер өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жалғызбасты қарттарды қолдау акциясы басталғанын хабарлады. Алматыда «Ғажайып аяз ата» мерекелік акциясы аясында 59 жастан асқан 700-ден астам зейнеткерге жаңажылдық сыйлық табысталады.

Волонтерлердің айтуынша, акцияға кез келген адам үлес қоса алады. Еріктілер 23-25 желтоқсан аралығында қайырымды жандардан азық-түлік пен мерекелік сыйлықтар қабылдайды. Сыйлықтарды реттеген соң 30 желтоқсанға дейін тарату жұмысына кіріседі. Айта кетерлігі, сыйлықтар жалғызбасты қарияларға беріледі. Акция ұйымдастырушылары жүдеген көңілді жаңажылдық сыйлықпен аулағысы келетіндерін айтады. Сондықтан қала жастары мен азаматтарын қарттарға қуаныш сыйлауға шақырады. Волонтерлер 59 жастан асқан 700-ден астам жалғызбасты зейнеткерге сыйлық үлестіруді жоспарлап отыр. Егер акцияға демеу көрсететін азаматтар көп болса, зейнеткерлердің санын да көбейтеді. Ал сыйлықтар мен азық-түліктерді Байтұрсынов көшесі, 22 мекенжайында қабылдайды.

Айбике ЖАНАСЫЛ