Біліксіз заңгер министрлікті заржақ етеді
Біліксіз заңгер министрлікті заржақ етеді
230
оқылды

Заңгерлер мен адвокаттар арасында элита саналатын, ат тө­белін­дей шоғыр бар, бұлар – заң кеңесшілері. Кү­реп табыс та­­батындар да – осылар. Қорғаушылар мен қатардағы заң­герлер оларға тым көп құқық берілген деп шағымданып жүр. Бұларға Әділет министрлігінің де көңілі толмайды. Арасында алаяқтары да жетерлік. 763-і салалық палаталар қа­тарынан қуылғаны анық­талды.

Сан сапаға ауыспады

Бизнесмендер, компания бас­шылары әдетте адвокаттарға, заң­герлерге жалдамалы қыз­мет­кер ретінде қарайды. Ал заң кон­суль­танттары одан жоғары: серіктес саналады. Сондықтан әлем­дік және отандық тәжірибеде бұл маман­дардың ең біліктілері, тіпті кәсіп­орынның тең құрыл­тайшы­сына, үлес­кер акционеріне айналатын кезі сирек емес. Қазақстанда бұл саланың дамуы біраз кенжелеп қалды. «Заң кон­сультанттары» деген ұғым ұлттық заңнамада екі жыл бұрын ғана пайда болды: 2018 жылғы 5 шілдеде «Ад­вокаттық қызмет және заң көмегі туралы» жаңа заң олардың қызметін көлеңкеден күнгейге шы­ғарып, рег­ламенттеді. Қызметінде ұқсастық көп бол­ғандықтан, бұлар адво­каттардың нанына ортақтасты, сөйтіп солар­дың қырына ілікті. Қорғаушылардың байламынша, заңнамада «юркон­сультанттарға» тым көп құзыр бе­рілген, ал жауап­кершілік аз жүк­телген. Мысалы, заңгерлік жоғары білімі және 2 жыл заңгерлік жұмыс өтілі бар, заң кеңесшілерінің пала­тасына мүше болып кірген кез кел­ген адам осы мәртебеге ие бола ала­ды. Бұған қоса, сала монополия­ланды­рылмауы үшін бұл мамандарға әртүрлі палатаға бірігуге рұқсат етілді. Тек бір палатада 50-ден аса мүшесі болса жеткілікті. Бұдан не шықты? Қазіргі кезде Қазақстанда заң консультанттарының 86 палатасы құрылған. Оған 8 726 заңгер мүше. Алайда сан сапаға ауыспады. Біріншіден, статистикаға жү­гінсек, палаталардың басым көп­шілігі – 60%-ы қос мегапо­листе, Нұр-Сұлтан мен Алматыда ғана шоғырланған. Ауыл-аймақ, со­ның ішінде инвесторлар көп мұнайлы және өнеркәсіптік өңірлер жете қамтылмаған. Екін­шіден, пала­талардың 73%-ының немесе 86-сы­ның 63-інің мү­шелері өте аз: 80-нен аспайды. Және қатары шағын па­латалар алыс өңірлерде, қияндағы аудан­дарда емес, елі­міздің ірі қала­ла­рында тіркеліпті. Әділет департаменттерінің аты­на 2018-2020 жылдары заң консуль­танттарының теріс іс-әрекетіне қа­т­ысты 206 жеке және заңды тұл­ғадан шағым түсті. 21 заң кон­суль­танты заң бұзғаны үшін пала­тадан шығарып тасталды. Адвокат заң бұзса, лицензиясынан айыры­ла­тыны мәлім. Ал алаяқ заң кеңес­шілері палатадан аласталумен құтылады. «Рас, адвокатура – лицен­зияланатын, мемлекет реттейтін сала. Ал заң консультанттары өзін-өзі реттейтін ұйымдарға қарайды. Дегенмен қазіргі заманда заңгерлік бизнес өзгеруде. Корпоративті заңгерлер мен инхаус-қорғау­шылар арасындағы аражік бірте-бірте жойылуда. Әмбебап заң­герлер алға озуда. Олар компа­нияның бар құпиясын біледі, оның бүкіл жұмы­сына заңгерлік қолдау көрсе­теді. Осылайша, компания басшы­сының серіктес-әріптесіне айна­лады. Сан­кциялық шайқас­тар, экспорт­тық шектеулер және басқа кедер­гілер өрістеген шақта «юркон­суль­танттарға» артылатын жүк ұл­ғаю­да, олардың әр саладағы бел­сенділігі өрістеуде. Нәти­же­сінде, олар «ком­пания ішіндегі ком­па­нияға» ай­нал­ды» деп тү­сіндірді заң кеңесшісі Валерий Смирнов.

Мүшелері менсінбейтін ұйым

Әділет министрлігі жүргізген талдау көрсеткендей, мүшелерінің және олардан түсетін жарнаның аздығы палатаның тиімді қызмет ат­қаруына мүмкіндік бермейді. Мүшесі аз палаталарда ұйым­дас­тырушылық жұмыстар лайы­қты жолға қойылмаған, басқару орга­нының қызметі сын көтер­мейді. Тіпті, өз мүшелерімен қа­рым-қа­тынасы, кері байланысы жоққа тән. Заң консуль­тант­тарының тек үштен бір бөлігіне жуығы (35%-ы) немесе шамамен 3 мыңы ғана мүшелері 200-ден асатын ірі па­латаларға кіреді. Ұсақ палаталарда «өлі жандар» тіркелгені әшкереленуде. Үнемі ақша жинайтын ұйымнан қайыр болмаған соң заң кеңесшілері олар­дан жаппай кетіп жатыр. Бү­гінде 700-ден астам заңгер мүшелігін өз еркімен тоқтатқан. заңгер «Мысалы, Алматы облысының палатасында мүшелердің жалпы санының 39-ы не 28%-ы өз мү­ше­лігін тоқтатты. СҚО-да Zanger палатасынан 22 адам, яғни 41%-ы кеткен. Ал Қарағанды облы­сындағы 6 палатаны шамамен 200 мүшесі (26%-ы) тастап шыққан. Іс жүзінде мүшелердің аз болуы басқару орган­дарының қызметін тиісті деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Материалдық-техни­ка­лық базасы­ның әлсіз болуы сал­да­рынан пала­та­лар өз мүшелерін ат­тестаттауды сапалы өткізе алмай­ды, сондай-ақ өз заң консуль­тантта­ры­ның білікті­лігін жүйелі негізде арт­тыруға қау­қарсыз», – деді Әділет министрлігі. Соның кесірінен, шетелдік ком­паниялар түгіл отандық биз­нес­мендер мен ұлттық ком­па­ниялар заңгер-кеңесшілерді сырт­тан ша­қы­руға бейім. Ведомство «жекелеген пала­талар мүше санын арттыру үшін оларды аттестаттауды атүсті, фор­малды өткізеді», – дейді. Үміт­кердің біліктілік талаптарына сәй­кестігі де тексерілмейтін кө­рінеді. «Бұл теріс салдарға соқтырады. Мұндай жағдайда осы кәсіпті одан әрі дамытудың еш перспективасы жоқ. Осыған байланысты палата­лардағы заң кеңесшілерінің ең аз санын көбейтуді ұсынып отыр­мыз», – деді Әділет мемор­ганы. Осы орайда, «министрлік бұрын қайда болған?» деген заңды сауал туады. Әділет министрлігі 2018 жы­лы салалық заңды әзірлеу кезінде «палата мүшелерінің саны кемінде 300 заң консультантынан құралуы тиіс» деп ұсынғанын, оған Ұлттық экономика министрлігінің оң қо­рытындысы мен қолдауын алғанын жеткізді. Бірақ сала өкілдерінің ұстанымын жақтаған депутаттар мұны қолдамай қойыпты.

Бір «одаққа» біріктіреді

Жыл өткен сайын деградацияға ұшырап, дағдарыс тұңғиығына батқан саланы құтқару ісін мем­лекет өз қолына алмақ. Әйт­песе, әлеуеті зор бұл нарықты ресейлік, ук­раиналық, батыстық мамандар жайлап алмақ. Салаға қатысты жаңа заң жо­басы әзірленіп отыр. Оған сәйкес, заң консультанттары пала­­­та­ла­рының қызметін үйлестіру және олардың бәсекеге қабілет­тілігін арт­тыру мақсатында осы пала­таларды біріктіретін және қызметін орталықтан үйлестіруді жүзеге асы­ратын «Заң консуль­танттары пала­таларының респуб­ликалық қауым­дастығын» құру ұсынылады. Бұл ұйым сонымен бірге мемор­ган­дарда, шетелде және халықаралық ұйымдарда отандық заң консуль­танттары мүдделерін білдіретін бо­лады. Өздеріне қатысты заң жо­балары мен нормативтік-құқық­тық акті­лерді әзірлеуге қатысады. Заң кө­мегі мәселесі бойынша салаға қажетті әдістемелік материалдар әзір­лейді. Қауымдастықтың жоғары бас­қару органы – палата өкіл­дерінің съезі болады. Бұл идеяны талқылаған сала мамандары мен сарапшылар билік­тің республикалық қауым­дастықты құруы – заңгерлердің тәуелсіздігіне қолсұғушылық еке­нін алға тартуда. Себебі қауым­дастық палаталарға өз саясатын таңуы, заң кеңесшілерінің қыз­метіне араласуы ықтимал. «Қауымдастықтың құрылуы тәуел­сіздік қағидатына қайшы келмейді. Өйткені меморгандарға, өзге де ұйымдар мен лауазымды тұлғаларға өзін-өзі реттейтін ұйым­дардың қызметіне араласуға тыйым салынған. Сондай-ақ бұл түзетулер заң консультанттары үстінен қосар­ланған бақылаудың орна­тылуына әкеп соқпайды: оларды бақылау палаталардың құ­зыретінда қалады» деп жауап қайырды министрлік. Заң кеңесшілерінің әрқайсысы осы қауымдастыққа 1 АЕК (2021 жылы 2 917 теңге) жарна төлеп тұруға міндеттелмек. Бұл, әрине осы қалталы заңгерлер үшін қомақты сома емес. Дегенмен жаңа рефор­маға деген олардың қарсы­­лығын жұмсарту үшін Әділет ми­нистрлігі осы жарнаны жеке төлеттірмей, палатаға төлейтін жарнасынан ұс­тауды ұсынды. Айта кетсек, заң консуль­тант­тары жыл сайын өз пала­таларына 15 АЕК-тен (41 670 теңгеден) 75 АЕК-ке (208 350 теңгеге) дейінгі көлемде жарна аударады. Келесі жылы айлық есептік көрсеткіштің қазіргі 2 778 теңгеден 2 917 теңгеге дейін көтерілуі нәтижесінде бұл жарна 43 755-218 775 теңгеге дейін өседі. Жаңа заң жобасындағы өзгеріс­тер сала өкілдерінің қарсы­лығына тап болды. Дегенмен бұл жолы әді­лет ведомствосы табан­дылық та­нытуға ниетті.

АйханАйхан ШӘРІП