Ұстазға сыйақы төлене ме?
Ұстазға сыйақы төлене ме?
743
оқылды

Тәуелсіздік мерекесі қар­саңында ара-тұра жұмыс бе­рушілердің сыйақы тара­татыны бар. Бірақ ұстаздар қауымы мұндай сыйға іліге бермейтін. Биыл мұғалімдер­ден «сыйақы алдық» деген ха­бар жетті. Алайда кейбір ұс­таздар «лексиконымызда сыйақы деген сөз жоқ» деп назын айтты. Осы жайдың ақ-қарасын ажыратқымыз келді. Сонда сыйақы қалай бөлінеді? Талабы қандай?

Алғаш рет сыйақы алдым

Алдымен еліміз бойынша сыйа­қы алған өңірлерді білу мақ­сатында сауалнама жүргіздік. Мұ­ғалім­дерді жиі мазалайтын сұ­рақ болған соң ба, сауалымызға 300-ге жуық мұғалім жауап берді. Кей тұста «мұғалімдердің шы­рыл­дайтын жөні бар екен» деген ойға қалдық. Сонымен, сыйақы алып, бір марқайып қалғандар­дың ара­сында Ақтөбе облысы, Алматы об­лысы, Батыс Қазақ­стан облысы, Нұр-Сұлтан, Тал­ды­қор­ған, Петро­павл, Қараған­ды, Теміртау қаласы бар. Мұғалімдердің айтуынша, сыйа­қы мөлшері әртүрлі. Бір өңір 1 айлық есеп көрсеткіші бо­йынша алса, кейбірі 10 мың тең­ге­ден 65 мың  теңгеге дейін  сыйа­қы үлестірген. Мысалы, Ақ­төбе облы­сы Мәртөк ауданын­да тұратын ұс­таз Жазық Жанаева 26 жыл еңбек өтілінде алғаш рет сыйақы алғанын айтты. Мектеп мұғалімдеріне сыйақыны 1 айлық есеп көрсеткіші бойынша төле­ген. Әрі мектептің барлық қыз­мет­керіне, соның ішін­де техни­калық қызметкерлер де сыйдан «дәм татқан». «2016 жылдан бері сыйақы аламыз. Теміртау қаласында №2 мектепте жұмыс істеймін. Менің білуімше, әр мектепке жыл ба­сын­да белгілі бір қаржы бөлінеді. Егер сол қаржыны үнемдей алса, үнем­делген ақшадан мұғалім­дерге сыйа­қы таратады. Мұның қанша­лықты рас, өтірігін білме­дім. Бізге солай түсіндірген-ді»,–дейді тарих пәні­нің мұғалімі Сәуле Темір­болатова. Жалпы, ұстаздар қауымы Тә­уел­сіздіктің 25 жылдығы қар­саңында сыйақы алғандарын «са­ғынышпен» еске алады. Мұны жауаптарынан байқадық. Өйт­кені сауалнамада көбі 2016 жылы ғана сыйақы алып, содан бері мұндай «батпанқұйрықты» көр­ме­генін нұсқаған. Сондай-ақ олар Тәуел­сіздіктің 30 жылдығы қар­саңында 5 жыл бұрынғы сце­нарий қайта­ланып, баршаның жүзіне қан жү­гіре­тінінен үмітті.

Арнайы сыйақы қарастырылмайды

Дегенмен тиісті органдардан сұрап, мәселенің басын ашып ал­ғымыз келді. Себебі әлеуметтік же­ліде осы тақырып кеңінен тал­қыланып, ұстаздар түсінбей әлек болған-ды. Мәселен, «Педагог мәртебесі» туралы заңда 9-бап бар. Мұнда педагогті көтер­ме­леу­ құқығы арнайы қарас­тырыл­ған. Аталған дау туралы Білім министр­лігіне жүгінсеңіз де, осы заң тарма­ғын алға тар­татыны анық. Құжатта «халық­ара­лық олимпиадалардың, кон­курстардың және спорттық жа­рыс­тардың жеңімпазын, жүлде­герлерін дайындаған педагогке тиісті мемлекеттік білім беру ұйымының қызметі бойынша үнемдеу есебінен үш лауазымдық айлықақы мөлшерінде біржолғы сыйақы төленеді» деп жазылған. Әрине, барлығы білім беру сала­сындағы уәкілетті орган айқын­дайтын тізбе бойынша  жүзеге асады. Олар кімдер дерсіз. Біл­уіміз­ше, сыйақыны жергілікті әкім­дік пен Білім басқармасы қарас­тырады. «Мұғалімдерге мереке қар­саңын­да беріледі дегендей арна­йы сыйақы  қарастырылмайды. Кейбір мұғалімдерге Тамыз кең­ес­інде ақшалай сыйлық беріледі. Мұны неге сүйеніп береміз? Әртүрлі жарыста жеңімпаз атан­ған тә­жірибелі ұстаздарға үлес­тіреміз.  Мәселен, Шығыс Қазақ­стан облысын­да  Үштілділік ке­шендік жоспары бар. Соған бай­ланысты пәндерді ағыл­шынша оқытып, тіл курстарынан өткен, халықаралық сертификат­тары бар мұғалімдерге сыйақы береміз. Олардың шәкірт­тері де халықаралық байқаулардан жүлдегер болған.  Облыс сондай жетіс­тігі бар педагогтерге 2 жыл­дан бері 170 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін сыйақы таратады»,– дейді Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының басшысы Сайран­гүл Ахметкәрімқызы. Демек, бастапқыда айтқан­дай, сыйақы үнемделген қаржы­дан бе­ріледі. Яғни, педагогтердің мар­қаюы басшының қаржыны қалай жаратқанына байланысты. Біразы биыл сыйақы үлестіруін заңды деп отыр. Білім басқар­масының бас­шысы да елдегі ка­ран­тин шара­ларына байланысты мектеп басшы­лығы іс-шараға бөлінген қаражатты үнемдеуі мүмкін екенін айтады. Ал сый­ақының мөлшеріне келсек, оған да қойылатын талап пен заңды мөлшері жоқ. Сондай-ақ әлеуметтік же­лі­ден «кәсіподақ сыйақы табыс­тады» дегенді көзіміз шалды. Содан рес­публикалық Білім кә­сіподағынан мән-жайды сұра­дық. Олар да сыйақыны тек жұ­мыс беруші бере алатынын алға тартты. Ал кәсіподақ өз кезегінде мерекеге орай ұстаз­дар­ды мара­пат­тайды. Марапаттың түрі мен көлемі әр аймақта әртүрлі екен.

Жалақыны уақытында төлесе болды

Жоғарыда жазғанымыздай, сыйа­қы беру  басшының сая­сатына, кіріс-шығысына тәуелді екен. Бұған тек мектеп басшысы ғана емес, жергілікті әкімдік пен Білім басқармаларының үлесі бар. Мысалы, Атырау облысы мұ­ғалімдері экс-әкім Бергей Рыс­қалиев тұсында 50 мың теңге ынталандыру сыйақысын алға­нын, одан кейін осындай сипат­тағы көтер­мелеудің бетін көрме­гендерін айтады. Таңғаларлығы, педагог­тердің арасында әлі күнге айлықты үш бөліп алатындар, кезекші топқа төленетін жала­қы­сын алмағандар бар екен. Олар «сыйлық ақшаны қойшы, табан­ақымызды уақытын­да төлеп, кешіктірмесе болды» деп отыр. Мәселен, мұғалім Ұлан Айт­мырза 3 айдан бері кезекші топ­тың ақшасын алмаған. Бұлардың қатарында ұстаз Балғын Мыңбай да бар. «Кезекші сыныпқа қазан айынан бастап ақша төленеді деген еді. Соны алсақ та жетіп жатыр»,– дейді ол. Күнбала Мұхташова болса, сыйақы түгілі ақпанда бар­ған курстың іссапар ақшасын төлей алмай отырғанын айтады. Ол да «айлық жалақы­мызды зорға алып отырмыз» деп ағынан жарылды. Гүлмира Ес­мырза да әріптесінің сөзімен ке­лісіп, «кезекші топта екі мезгіл оқытамыз. Оның ақшасын да алмадық», – дейді. Тізе берсек, мұндай мысал көп. Байқасақ, әлеуметтік желіде ұс­таздарға «ақшадан басқа әң­гіме­лерің жоқ екен» деп жекіген­дер бар.  Сонда педагогтердің төмендегі жауабында ащы шын­дық бары білінеді. «Бұрынырақта еңбекақы айлап кешіктірілген кезде де ұстаздар жасымай еңбек еткен. Қазір еліміздің кей облыс­тарында, аудан мен қаласында сыйақы бе­ріліп жатқасын, еңбе­гіміз еленсе деген мұғалімдер базы­на­сын айтып жатыр емес пе? Ме­реке алдында  аспаннан мара­пат «жауған кезде» де мұғалімдер еленбеді». Расымен,  марапат алғандардың ішінде ұстаз­дар бар ма екен?

АйзатАйзат АЙДАРҚЫЗЫ