Мүлікке қарсы қылмыстардың ішінде автокөлікке қатысты қылмыс екіге бөлініп қарастырылады. Ол – көлікті айдап әкету және ұрлау. Екеуінің бабы мен жазасы екі бөлек. Елімізде жыл өткен сайын дерек саны азайып және қылмыстың ашылуы арта түскеніне қарамастан, мұндай қылмыс түрлері қоғамдық резонанс тудыратын оқиға ретінде қалып отыр.
Қызығушылық пен пайдакүнемдік
Көлікті айдап қашушыларға еліміздің заңнамасында екі түрлі бап қарастырылған. Оның бірі – айдап әкету болса, екіншісі – ұрлау. Яки, көлікті пайдакүнемдік мақсатпен емес, жәй ғана қызығушылықпен айдап әкету оқиғалары кездесіп тұрады. Бірінде баласы әкесінің көлігін айтпай мініп кетсе, енді бірінде көлік жуу, жөндеу стансаларына келген көлікті мініп қашып кететіндер бар. Олардың жазасы жеңіл. Ал ұрлықтың аты – ұрлық. Мұнда, әдетте көліктерді сатып жіберу үшін немесе бөлшектерін алу үшін қолды етеді. Қаншама адамның ақадал дүниесі осылай оңай пайда іздеген сұғанақтардың олжасына айналады. Соңғысының жазасы да қатаңдау екені белгілі. Өйткені ұрлық түбі – қорлық! «ТМД-ның кейбір елдерінің тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, бұл проблеманың шешімі – ең бірінші кезекте заңды қатаңдата түсуде. Осы ретте Ішкі істер министрлігі көлік айдап әкету мен ұрлау бойынша бірқатар заңнамалық және ұйымдастырушылық іс-шараларды жүзеге асырды. Біздің бастамамызбен Қылмыстық кодекске «бірнеше мәрте» және «заңсыз кіру» сияқты саралау белгілерін қылмыстың ауыр түріне жатқызу бойынша өзгерістер енгізіліп, бұл күдікті тұлғалардың татуласуға байланысты жауапкершіліктен сытылып кету мүмкіндігін шектеді», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қуандық Алпыс. Бұдан өзге «Ішкі сауда ережелеріне» енгізілген өзгерістерге сәйкес, автокөліктердің қосалқы бөлшектерін сату тек мамандандырылған дүкендерде және міндетті түрде келісімшарт жасасу және сол бөлшекті фотосуретке түсіру арқылы жүзеге асырылады. Болмаған жағдайда сатушыға 65 АЕК түрінде айыппұл салуды қарастыратын жекелеген норма енгізілді.Бір айдан асты, хабар жоқ...
17 қараша күні Ақтау қаласы 12 шағынауданы 56 үйдің алдынан Toyota Cаmry маркалы автокөлік ұрланады. 2017 жылғы қара түсті 55-ші модельді көлікті таңғы 04.00 шамасында белгісіз біреулер айдап әкетіпті. Содан бері көрдім-білдім деген ешкім жоқ. «Айдаладағы ауыл емес, білдей облыс орталығында самсап тұрған бейнебақылау камераларының қырағы күзетінен қара үзіп кететіндей бұл ұрылар кім болды екен?» деген сұрақ істі жүргізіп жатқан тергеушілерден бұрын көлік иесін көбірек мазалайтын сияқты.Қылмысты ашу көрсеткіші – 81 пайыз
«Ішкі істер органдары қызметкерлері ұрланған көліктерді немесе олардың бөлшектерін табу үшін, сондай-ақ осындай қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық және іздестіру іс-шараларын ұдайы жүзеге асырады. Соның ішінде, гараж кооперативтеріне, ақылы тұрақтарға, ТҚТС, автомобильдерді бөлшектейтін жерлерге және автобөлшектерді өткізу орындарына тексерулер жүргізеді. Осындай шаралардың нәтижесінде жыл басынан бері қылмыс жасаған 1 223 адам ұсталды. Олардың ішінде 45-і топ болып әрекет еткен. Мәселен, жыл басында Алматы қаласы мен облысында Toyota Cаmry маркалы автокөліктің тек 50 және 55 модельді түрлерін айдап әкетумен айналысқан 4 адамдық топты ұстадық. Тамыз айында Қарағанды және Павлодар облыстарының аумағында Toyota Land Cruiser Prado маркалы жол талғамайтын көліктерді айдап әкетуді ғана кәсіп еткен топ құрықталды. 6 адамнан тұратын бұл ұйымдасқан қылмыстық топ 2019 жылдың наурыз айынан бері көлік ұрлаумен шұғылданған. Айта берсе, мұндай мысалдар көп», – дейді ІІМ Криминалдық полиция департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Қуандық Алпыс. Полиция қызметкерлері мүлік ұрлығының алдын алу үшін көлік иелерін қарапайым ғана қауіпсіздік ережелерін сақтап, өте мұқият болуға шақырады. Аз ғана уақытқа шығып кеткен жағдайда да автомашинаны ашық және кілтін ішінде қалдыруға болмайды. Көлікті түнгі уақытта жабық гаражға немесе күзетілетін тұрақтарға қойған абзал. Ал ең дұрысы, оны айдап кетуге қарсы GPS-маяктары бар кешенді қондырғылармен жабдықтау керек. Көлікті сатып алу кезінде де құжаттарының дұрыс екеніне әбден көз жеткізіңіз. Болмаса, қылмыс тізбегіне ілігіп, көлігіңізден айырылып қалуыңыз да ғажап емес.Нұрлан ҚОСАЙ