COVID-19: Қордайдағы вакцина зауыты індеттен құтқара ма?
COVID-19: Қордайдағы вакцина зауыты індеттен құтқара ма?
123
оқылды

Алты құрлыққа ауыз салған коронавирус індеті алпауыт мемлекеттердің  экономикасын шатқаяқтатқаны жасырын емес. Пандемия салқыны егеменді елімізге де ауыр сезілді. Әсіресе, алғашқы толқыны талай жанның өмірін қиып, фармацевтика саласындағы кемшіл тұстарымызды көрсетті. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысы  Қордай ауданы  Гвардейский ауылында  Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты жанынан  вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысы қолға алынды. Бүгінде мұнда негізгі жұмыстар аяқталып қалды. Алайда аталған вакцина зауыты коронавирус кеселіне тосқауыл бола ала ма?

Жалпы, аталған елді мекен әскери горнизон аумағында ораналасқандықтан, онда сақтық шаралары күшейтілген. Құпия­лыққа байланысты халық пен әскер  санын нақты айту мүмкін емес. Ал ғылыми-зерттеу зерт­ханасы мұнда кеңестік кезеңнен бері жұмыс істеуде. Биыл Үкімет осы зертхана жұмысын кеңейтіп, зауыт салуда. Жобалық құны  6,9 миллиард теңге құрылыс жұмыс­тарына 30 техника мен 145 адам тартылған.  Биологиялық қауіпсіз­дік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарьянің айтуынша, зауыттың құрылысы биыл жел­тоқсан айының соңына дейін  толықтай аяқталады. Одан кейін шетелдік мамандар құрылғыларды орнату жұмыстарымен айналыспақ. – Биыл институтымыз  меди­цина мен ауыл шаруашылығы са­ласына  қажетті 67 түрлі вакцина жасап шығарды. Одан бөлек,  Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырысы бойынша  ең қауіпті саналатын 6  ауру  түріне қарсы 27 миллион вакцина дайындадық.  Медицина бағытында да қолға алған жоспарлы жұмысымыз көп.  Алайда зауыт құрылысы толық аяқталмағандықтан,  діттеген меже­мізге жете алмадық. Дегенмен өндіріс орны іске қосылғанда  корона­вирус індетінен бастап түрлі ауруларға қарсы вакцинаны көптеп шығаратын боламыз, – дейді инсти­туттың бас директоры. Зауыт құрылысын «Ка-Строй ЛТД» ЖШС қолға алып, жоспарлы жұмысты мерзімінде аяқтауға жақын. Бұдан бөлек, мұнда инсти­тут мамандарына арналған тұрғын үй құрылысын  «БазисДорСтрой» ЖШС жүргізуде. Құрылысқа қа­жетті  барлық инфрақұрылым би­лік тарапынан тартылған. Алайда көптің көкейінде «Ғы­лы­ми-зерттеу институты корона­вирусқа қарсы вакцинаны қалай жасайды? Мұнда өзге елдердің тәжірибесі қолданылып жатыр ма?» деген сауал  маза бермей тұр­ғаны анық. Бұл мәселеге қатысты институт басшылығы әзірге еш ақпарат таратпауда. Десе де, зауыттың аз уақытта  салынғанын ескерсек, мамандардың күні бұрын ойластырған жоспары бар секілді. Нұр-Сұлтан қаласында «Орта­лық коммуникациялар қызметі» алаңында  өткен баспасөз мәсли­хатында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та зауыт жұмысына қатысты ойын айтқан болатын. – Қордай ауданындағы Гвар­дей­ский ауылында биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының базасында құрылған отандық иммундық препараттар шығаратын зауыт құрылысының монтаждау  жұмыстары биыл аяқталады. Зауыт өз жұмысын келесі жылдың бірінші тоқсанында бастап,  мұнда әлемдік стандарттар бойынша иммуно­биологиялық препараттар, оның ішінде коронавирус инфек­циясына, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерма­титке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығарылатын болады. Жыл сайын биопрепараттардың 30-60 миллион дозасын  дайындау  жоспарланып отыр. Сонымен қатар  институт ма­ман­дары мен зауыт  қызметкерлері үшін 60 пәтерлі тұрғын үй салынып жатыр. Тағы екі үйдің құрылысын жүргізу жоспарда бар, – деді Бердібек  Машбекұлы. Қазір зауыттың қоршаған ортаға келтірер зиянына қатысты да көп мәселе айтылуда. Алайда кеңестік кезеңнен бері жұмыс істеп келе жатқан ғылыми-зерттеу зертханаларынан осы күнге дейін бір қауіп төнген емес. Оған қоса өндіріс орны орналасқан алаң әскери горнизонының маңында  болғандықтан мұнда артық адам кіріп-шыға алмайды. Зауытты дәл осы аймақтан салудың да сыры осында жатқан секілді. Одан бөлек, билік өкілдері өндіріс орны соңғы технологиялармен жабдықталып, қауіпсіздік қондырғылары да барлық талапқа сай орнатылғанын айтуда.  Ал зауыт келер жылы іске қосылғанда онда шығарылған вакциналар талай адамның өмірін сақтап қалуда негізгі күшке айналады деп күтілуде. Әсіресе, қара халық коронавирус індетіне қарсы дәрінің шығарылуын асыға күтіп отыр. Әйтеуір, Орта Азияда баламасы жоқ өндіріс орнына  баланған зауыт сенім үдесінен толықтай шығады деп сенеміз.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы