Сағынтаев Алматының мұз айдындарын тексерді
Сағынтаев Алматының мұз айдындарын тексерді
5,125
оқылды

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жұмыс барысында қаладағы мұз айдындарының дайындық барысын тексерді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Биыл қалада төрт тегін, яғни «әлеуметтік» мұз айдындары ашылады. Атап айтқанда, 28 панфиловшылар саябағында, Тұңғыш Президент бағында, сондай-ақ Наурызбай мен Түрксіб аудандарында, «MART» ойын-сауық орталығында іске қосылады.

Бақытжан Сағынтаев дайындық жұмыстарының барысын тексеріп, мұздың сапасы мен ілеспе сервис инфрақұрылымын дұрыстау жөнінде бірқатар ескерту жасады.

«Мұздың сапасын ретке келтіріп, конькиді жалға беру мен тамақтанатын орындарды дұрыс жолға қойып, демалу орындары мен санитарлық аймақтарды ойластыру керек. Мұз айдыны кез-келген жастағы келушілер үшін қауіпсіз және ыңғайлы болуы тиіс»,– деді мердігер компания өкіліне сын айтқан Б.Сағынтаев.

Қала әкімі «әлеуметтік» дегеніміз сапасыздық емес екенін ерекше ескертіп айтты.

Мұз айдынының жалпы ауданы 12 мың шаршы метр. Ауа райы жылы болғандықтан мұз қатпайды. Айдындар арнайы жүйемен салқындатылады. 28 панфиловшылар саябағы мен Тұңғыш Президент бағындағы мұз айдыны мұз алаңдары түрінде жасалған.

Тексеріс қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев орынбасарларына, аудан әкімдері мен тиісті басқармаларға қалалық мұз айдындарының техникалық дайындық барысын бақылауды күшейтуді тапсырды.