Орталық Азия: жаңа әріптестік
Орталық Азия: жаңа әріптестік
156
оқылды

Өзбекстанға жұмыс са­парымен барған Ел­ба­сы Өзбекстан президенті Шавкат Мир­зиёевпен кез­десті. Ке­ліс­сөздер бары­сында Қа­­зақстанның Тұң­ғыш Прези­­­денті мен Өз­бекстан прези­­денті Орта­лық Азия елдері ара­сын­дағы қазіргі жағдай мен ынты­мақ­тас­тықты кеңейтудің перс­пек­­ти­валарын талқы­лады. Соны­мен қатар тарап­тар халық­аралық және аймақ­тық күн тәртібіндегі мәсе­ле­лер туралы пікір алмасты.

Кейін Елбасы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының екінші Консультативтік кез­десуіне қатысты. Шағын құрам­дағы кездесу қорытын­дысы бойынша төрт елдің бас­шы­лары Нұрсұлтан Назарбаевқа Орталық Азия мемле­кеттері басшыларының Консульта­тивтік жиналысының құрметті төра­ғасы мәртебесін беру туралы шешім қабылдады.

Шағын құрамдағы кез­десу­ден кейін делегация басшылары кеңейтілген форматта кездесу өткізді. Консультативтік кез­десуде сөйлеген сөзінде Қа­зақстанның Тұңғыш Прези­денті жоғары деңгейдегі ша­раға қатысуға шақырғаны үшін Шавкат Мирзиёевке риза­шы­лығын білдірді. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Қазақстанның аста­на­сында бастау алған диалог Ор­талық Азия тарихының жаңа парағын ашқанын атап өтті.

Сөз арасында Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдері арасындағы ынтымақтастықтың даму тарихы туралы да айт­ты. Кездесуге қатысушы мемле­кет­тердің әлеуетін біріктіре оты­рып, барлық елдің әл-ауқатын арттыру мақсатымен Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті «ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатын­да­ғы тату көршілік және ынты­мақ­тастық туралы келісім» жа­сауды ұсынды.

– Бұл саяси құжат біздің өзара іс-қимылымыздың негізгі принциптері мен мақсаттарын көрсетуі керек. Келісімге елде­ріміздің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын өзара құрметтеу туралы ережелер енеді, – деді Н.Назарбаев.

Басқосу барысында Елбасы өңірдегі қауіпсіздікті нығайту үшін келесі жылы Орталық Азия елдерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының кез­десуін өткізуді ұсынып, қатысу­шы елдердің үкіметтерін демогра­фия­лық дамудың жоғары қар­қы­нына байланысты туында­ған проб­­лемаларға назар аудару керек екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ Елбасы барлық мем­лекет басшыларын 15 наурызда жаңа мереке – Орталық Азия күнін атап өтуге шақырды.

Кездесуде мәдени-гумани­тарлық саладағы ынты­мақ­тастықты нығайтуға ерек­ше назар аударылды. Осы ба­ғытта Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­станның ең үздік жоғары оқу орындарында әр елдің сту­денттеріне 10 гранттан бөлуді ұсынды.

– Түркі әлемінің бесігі – Түркістан қаласы қазір қайта өркендеуді бастан кешіруде. Десе де ол өзінің мәдени, та­рихи және рухани өзегін сақ­тай­тыны сөзсіз. Өз кезегінде қала баршамыздың ортақ мақ­­­танышымыз болатын керемет мегаполиске айналмақ. Осыған орай Орталық Азияның бауыр­лас мемлекеттерінің бас­шы­ларын келесі күзде осы көне қалаға шақырамын, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сөз соңында Елбасы Ор­талық Азия елдерінің мұра­лары аясын кеңейту және тереңдету қажет екеніне тоқталды. Консульта­тивтік кездесуден соң Елбасы «Көксарай» рези­ден­циясының Құрметті қонақ­тар аллеясында Орталық Азия елдерінің көшбасшыларымен бірге ағаш егу рәсіміне қатысты және Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримовтің монументіне гүл шоқтарын қойды.


Абылайхан ЖАСАН