Алматы зілзалаға дайын ба?
Алматы зілзалаға дайын ба?
195
оқылды

Қазақстан жерінің 40 пайызға жуығы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатады. Олар – Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы облыстары және Алматы қаласы. Бірақ неге екені белгісіз, бізде сейс­мо­логия саласына деген бір салғырттық бар сыңайлы. Қазіргі заманғы дербес сейс­мокарта жоқ, бақылау стансасы аз, кадр тапшы, материалдық-техникалық жағдай нашар. Ел аумағында жыл сайын үлкенді-кішілі 10-16 мың жер сілкінісі болатынын ескерсек, дабыл қағатындай жағдай.

Жаңағы 10-16 мың сейсмоло­гиялық толқудың бірен-сараны ғана жалпақ жұртқа хабарланады. Оның әрқайсысына Алматыдағы Сейсмология институты баға бе­реді. Құлдырап, құрдымға бет алған институтқа екі жыл бұрын «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаған Досым Сүлеев басшы болып тағайындалды.

– Мен бұл жерге кризис-менед­жер ретінде келдім. Келдім де, бәрі мен ойлағаннан да жаман екенін көрдім. Бірден іске кірістім, алдағы үш жылға ақша таптым. Негізі, бұл институттың ғылыми әлеуеті өте күшті. Дүниежүзінде 9-орында тұр. Жауапты адамдар соны пайда­ланбаған, мекеме жабылып қала жаздаған, – дейді сейсмолог.

Рас, бүгінгі сейсмологияның жағ­дайы сын көтермейді. Қыл аяғы, білікті мамандар да жетіспейді. Мәселен, бұл саладағы ғылым док­торларының орташа жасы 77-де. Ал жастар ондаған жыл бойы қара­пайым инженер, қатардағы ғылыми қыз­меткер жолын ғана жүріп өтеді. Оның үстіне, мардымсыз айлық та өнімді жұмыспен айналысуға қолбайлау.

«Алматыда жақын арада ала­пат зілзала болуы мүмкін бе?» деген сұ­рағымызға бас сейсмолог екіұштылау жауап қатып, дүдәмал қылып қойды.

– Бүгін-ертең жер сілкінеді деп ешкім айта алмайды. Егер зілзаланың нақты күнін, сағатын, минутын дәл табатын ғалым шықса, оған Нобель сыйлығын беруге болады. Біз тек 50-70 пайыз ықтималдығын болжаймыз, – дейді Досым Сүлеев.

Жалпы, нақты болжам жасау үшін технология жеткілікті болуы керек. Ал 2001 жылдан бері елдегі ешбір құрылғы жаңартылмаған екен. Қазақстан бойынша қазір 63 бақылау бекеті бар. Оның төр­теуі істен шыққан, 59-ы әбден тоз­ған. Мысалы, сейсмикалық қауіп­ті аймақта орналасқан Жапо­ния­ның бір өзінде 3 мыңнан астам ба­қылау стансасы жұмыс істейді. Сейс­мология институты директорының сөзінше, бізге кем дегенде 400 бекет керек. Әйтпесе, қажет кезінде қапы қалуымыз мүмкін. Бұл кемшілік жерасты дүмпуінің қуаттылығын бағалауға, апаттың алдын алуға кедергі келтіреді.

Қазақстанда заман талабына сай сейсмокарта да жоқ. Еліміз әлі күнге дейін Кеңес Одағынан қал­ған сызбаларды қолданып отыр. Олардың ақпараты ескірген.

Кеңес Одағы тұсында «Жер сілкінгенде жиналатын жер» деп жазылатын тақтайшалардың өзі қазір ілінбейді. Жер сілкінісінен көз ашпайтын Алматы тұрғындары зілзала кезінде жиналатын қауіпсіз орындардан бейхабар. Оңтүстік астанада 12 мың адам сиятын 340-қа тарта жиналу пункті бар екен. Бұл 2 миллиондық мегаполис тұр­ғындарының бір пайызынан да кем. Ал өзге облыстарда қандай ахуал қалыптасқанын ойлаудың өзі қорқынышты. Өйткені Қазақ­стан­дағы 63 сейсмикалық бекеттің 80 пайыздан астамы Алматыда орналасқан.

Халықтың сейсмикалық сауат­тылығы төмен. Мектеп оқушы­ла­рына жер сілкінісі кезінде партаның астына тығылып отырудан басқа ештеңе үйретілмейді.

Алматыдағы ғимараттардың көбі сейсмикалық талаптарға сай салынбаған. Мамандардың пі­кірінше, 1990 жылға дейін тұрғы­зылған ғимараттардың жартысына жуығы ескірген, ал заманауи зәулім үйлердің 30 пайызы зілзалаға шы­дамайды. Кәсіпкерлердің үнем­шілдігі, құрылыс материалдарының сапасыздығы апат кезінде опық жегізетіні анық.

2016 жылы Алматы қаласы Тө­тенше жағдайлар департаментінің өкілдері 9 балдық жер сілкінісі болса, екі миллион халық тұратын қаланың жартысы жермен-жек­сен қирайтынын мәлімдеген. Сейсмологтар да мұны растайды.

1863-1936 жылдары өмір сүрген атақты сәулетші Андрей Зенков: «Мен болашаққа сенемін, Алматыда әдемі, көркем, үш-төрт қабатты, тастан, бетоннан және басқа да мықты құрылыс заттарынан ғи­мараттар салынады» депті. «Зенков неге 30-40 қабатты емес, 3-4 қабатты ғимаратты армандаған?» дейтін шығарсыз. Себебі ол 1911 жылы Алма­тыны үйінді астында қалдырған жер сілкінісін өз көзімен көрген, ой түйген. Ал жапон ғалымы Сэгава Сюке: «Егер сол кездегі 9 балдық зілзала қазір болса, Алматыда 25 мың ғимарат құлап, 100 мың астам адам қаза табуы мүмкін» дейді.

Халықты апаттан құлақтандыруға тиіс SMS-хабарламалар «болары болып, бояуы сіңген» соң барып кешігіп келетіні жасырын емес. Бұған қатысты бұрынғы Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко: «Бұл ақпарат 200 мың абонентке жетуі үшін әрбір те­лефонды табу керек. Мысалы, мил­лион тұрғынның тең жарымында қалта телефоны бар. Егер абонент мәліметтер базасының ең төменгі тұсында болса, оған ақпарат 2,5 са­ғаттан соң бірақ жетеді» деп ақ­талған.

Биыл апатты алдын ала хабар­лайтын Darmen қосымшасы іске қосылды. SMS-ескертулермен салыстырғанда аталған бағдарлама әлдеқайда жедел әрекет етеді. Алайда сейсмологтар зілзаланы күнілгері болжай алмаса, оның жеделдігінен не пайда дейсің.

Алматы қаласы 1887, 1889 және 1911 жылдары күшті зілзаланы бастан өткерген. Тарихи деректерге жүгінсек, 1911 жылғы жер сілкінісі 9-10 балға жетіп, Верныйда зардап шекпеген бір де бір үй қалмаған деседі.

Халық арасында «Жүз жылда бір рет жойқын жер сілкінеді» деген әңгіме бар. Рас-өтірігін қайдам, әйтеуір піл сауырлы қара жер оқта-текте мінез көрсетіп тұратынын ұмытпайық.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ