Көшбасшы азаматтарға жағдай жасалады
Көшбасшы азаматтарға жағдай жасалады
125
оқылды

Түркістан облысында Nur Otan партиясының кадрлық резервіне жастар мен әйел­дер және белсенді азаматтар тартылады. Бұл туралы Түр­кіс­танда өткен Nur Otan пар­тиясының Түркістан облыс­тық филиалының активінде айтылды. Жиында 2019 жыл­дың 25 қараша­сында партия Төрағасы Н.Назарбаевтың төрағалығымен өңірлік пар­тия филиалдарының өкіл­дерімен кездесу барысында жүктелген міндеттерді орын­дау және жаңа бастамалар­ды жүзеге асыру мәселелері тал­қыланды.

Маңызды жиынға облыс әкі­мі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Елбасы қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басып, партияға маңызды тапсыр­малар жүктегенін айтты. Өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, жыл басынан бері барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – фракция мүшелері түрлі мәселе бойынша биыл 10 айда 637 жеке қабылдау жүргізіп, 1 241 азаматтың мәселелері қарал­ған. Сондай-ақ партия филиал­дарының 17 қоғамдық қабылдау бөлмесіне 7 047 арыз түсіп, оның 3 297-і оңтайлы шешілген.

– Қабылдауларда басшылар та­рапынан көзбояушылық пен сыр­ғытпа жауапқа жол берілмеуі үшін әлеуметтік желіде тікелей эфир ар­қылы көрсетілуде. Осы жұмыстар нә­тижесінде тұрғын­дардың пар­тия­ға сенімі арта түсті деуге болады. Партияның кадрлық резервіне үміт­керлерді іріктеу пи­лоттық жо­басы бойынша Түл­кібас ауданы республикада алдыңғы қатардан көрінді. Бұл жобаны барлық аудан, қалаларда өткізуді жоспарлап отыр­мыз. Осы арқылы біз қарапа­йым елдің арасынан мемлекетке шынайы жанашыр, отаншыл, белсенді азаматтарды қатарымызға қосып, мәслихаттарға ұсынамыз. Партия төрағасы осын­дай міндет жүктеп отыр, – дей келе, ол депу­тат­тар мен басшы­лардың жауапкерші­лігін көтеру жөнінде де ұсыныстарын айтты.

Жиында Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің баяндамасы тың­далды. Сонымен бірге жарыссөзге шыққан Nur Otan партиясының Түркістан облыстық мәслиха­тын­дағы депутаттық фракция жетек­шісі Мұрат Төлтебаев, Түлкібас аудандық үш тілде оқытатын ма­ман­дандырылған мектеп-интерна­тының директоры Фарида Пра­лиева және «Кентау трансформатор зауыты» бастауыш партия ұйымы­ның төрағасы Хайрулла Қожабаев та пікірлерін айтып, партияны жаң­ғырту бағытындағы жұмыс­тарды қолдайтынын жеткізді.

«Пилоттық жобаны ресми жо­баға айналдырса, ауылдардан елге жанашыр адамдар шығатын еді. Сондықтан партияның облыс­тық филиалы алдағы уақытта да осын­дай жобаларды көбейтсе де­ген ұсынысым бар» деген Фарида Пра­лиева жуырда Түлкібас ауда­нын­да ұйымдастырылған партия­ның кадрлық резервіне іріктеу пи­лоттық жобасына қатысып, 4 144 үміткер­дің ішінен екінші орынды иелен­геніне қуанышты екенін айтты.

Актив отырысын облыс әкімі, Nur Otan партиясы Түркістан об­лыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев қорытындылады. Ол өз кезегінде Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық филиал өкілдерімен кездесуінде берілген тап­сырмалары бойынша жұмыс күшейетінін мәлімдеді. Партияны қайта жаңғырту бағытында елге жа­нашыр, нағыз көшбасшы аза­мат­­тарға мүмкіндік берілетінін жеткізді.

Өмірзақ Шөкеев Арысты қал­пына келтіруде, Түркістанды тү­ле­туде барша аудан, қала әкімдіктері жұмыла жұмыс істеген айтып, бар­­­лығына алғыс білдірді. Елбасы­ның Түркістанға деген ықыласы мен қамқорлығы айрықша екеніне тоқ­талды. Жиын соңында облыс әкімі жұртшылықты Тұңғыш Пре­зидент күнімен құттықтады. Осы мерекеге орай бір топ азаматқа ел Президенті Қасым-Жомарт То­қаев­тың алғыс­ха­тын, партияға жаңадан қабыл­данған 4 азаматқа партия билетін тапсырды.


Түркістан облысы