Жалақы дауы өршіп тұр
Жалақы дауы өршіп тұр
122
оқылды

Теміртау қаласында «Ар­селор Миттал» компа­ния­сының мердігер ұжым­дары GEBO ЖШС, «Арсенал Стил» ЖШС, KZ IMPEX ЖШС-нің үш жүзден астам қызметкері жалақыларын ала алмай отыр.

Жоғарыда аталған үш мердігер компанияның жұмысшылар ал­дындағы қарызы 10 млн теңгеден асып кеткен. Жұмысшылар болса кімге шағынарын білмей қина­луда. Оларға «фирма банкрот болды, басқа жақтан жұмыс тап» дегені белгілі болды.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясының баспасөз қызметі бұл келеңсіздікке өздерінің қатысы жоғын айтып, мәселеге мердігер ұйымдар жауапты деп мәлімдеген. Алайда биліктегілер үш жүзден асқан жұмысшылардың жалақы­сыз қалуына өндіріс алпауыты «Арселор Миттал Теміртау» ком­паниясының тікелей ықпал етіп отырғанын айтып отыр. Аталған компанияның GEBO ЖШС, «Арсенал Стил» ЖШС, KZ IMPEX ЖШС мердігерлік ұйымдары жұ­мысшыларына жалақы төлемеген. Компанияның аталған үш ұйымға атқарылған жұмысқа қаржы аудар­мауы жағдайды ушықтыра түскен. «Арселор Миттал Теміртау» АҚ даулы жағдайдан кейін әлгі үш ЖШС есепшотына 30 млн 800 мың теңге аударғаны да белгілі болды.

Бұл Теміртаудағы дау болса, жалпы Қазақстанда жыл басынан бері жалақы берешегіне жол берген кәсіпорын басшыларына 136 миллион теңге айыппұл салынған. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрым­бетов мәлімдеді. «2018 жылдың ба­сымен салыстырғанда жалақы бе­решегі 34 пайызға немесе 744 мил­лион теңгеге, жыл басынан бері 560 млн теңгеге төмендеп, қазіргі таңда 1 млрд 420 млн теңгені құ­ра­ды. Берешектің басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы қала­сына, Ақтөбе облысына тиесілі», – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуына қара­ған­да, жыл басынан бері берешекке жол берген кәсіпорындар бас­шыларына 1 200 ұйғарым беріліп, 136 миллион теңге айыппұл са­лынған. «Қабылданған шаралар­дың арқасында 36 мыңдай жұмыс­шының құқығы қорғалып, 5 млрд теңгенің ағымдағы берешегі өтелді. Шараларды күшейту мақсатында бүгінгі таңда еңбек инспектор­лары­ның ұйғарымын сот орган­дарының атқару құжаттар тізбесіне енгізу және жұмыс берушілердің жалақы төлемегені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту мәселесі шешілуде», – деді ол.

Біреулер жұмыстан заңсыз қысқартуға ұшырап жатса, тағы біреулерінде жалақы дауы өзекті болып қала бермек. Ал әділет іздегендерге тілекшілер мекеме мемлекеттік немесе жекеменшік болсын, жалақы беру нормасы барлығына бірдей екенін айтады. Еңбек кодексінің 134-бабы «Жа­лақы төлеудің тәртібі мен мер­зім­дері» бойынша жалақы айына кемінде бір рет немесе келесі ай­дың бірінші онкүндігінен ке­шік­тірілмей төленуі тиіс. Заң бойынша оның барлығы еңбек шартында немесе ұжымдық шартта көрсе­тіледі. Жалақы шартта көрсетілген мерзім бойынша берілуі керек әрі еңбек шартында көрсетілген мерзімнен кешіктірілмеуі тиіс. «Шарт жасасқан кезде ол құжатта нақты күндер белгіленеді. Мы­салы, әр айдың осындай жұлды­зында төленуі тиіс деп көрсетіледі. Яғни, жалақы нақтыланған мерзім бойынша аударылуы керек немесе қолма-қол берілуі мүмкін. Мұнда жұмыс берушінің жалақыны ұстап отыруға немесе кешіктіруге еш құқығы жоқ. Жұмысшы жалақыны кешіктірген жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­тің 87-бабы (Еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу) бо­йын­ша жаза қарастырылады», – дейді адвокат Тілеужан Жұма­бекұлы.

Оның айтуынша, жалақы ке­шіктірілсе, басшылық айыппұл төлеуге міндеттеледі. Жұмыс бе­ру­шіге қатысты әкімшілік шара қол­данылады. Басшылықтан 15 күн ішінде жауап қайтарылмаса, Еңбек инспекциясына шағымдану қажет. Еңбек инспекциясы сол мекемеге толықтай тексеріс жүргізеді. Ке­шік­тірілген әрбір күнге өтемақы алуға құқығы бар. Бірақ жұмыс беруші сонда да жалақыны ке­шік­тіріп, оны уақытылы төлеуден және өтемақы төлеуден бас тартса, басшылығына қатысты әкімшілік тәртіпте сотқа арыздануға болады. Инспекция сотқа жолдама береді де, қызметкер ақшасын сот ар­қылы азаматтық тәртіпте өндіріп ала алады.

Ал ұйым ешбір қарсылықсыз еңбек шартындағы ережелерді орындаса, бұл мәселені сотсыз-ақ шешуге болады. «Қызметкердің расында да еңбек шартында көр­сетілген мерзімде жалақы алмай жүргені анықталса, әкімшілік ша­ра қолданылып, көрсетілген со­малар өндіріледі. Барлығы ұйым­ға байланысты – шағын кәсіпкерлік пе, коммерциялық ұйым немесе ірі кәсіпкерлік ұйым. Мысалы, ай сайын 100 мың теңге жалақы ала­сыз. Сіздің жалақыңызды бір ай кешіктіретін болса, Ұлттық банк бекіткен пайыз бойынша ақшаны өтеп алуға болады. Былайша айт­қан­да, кешіктірілген әрбір күнге ақша өтеп алуға құқығы бар. Бұл – қызметкерге төленетін өте­ма­қы. Жұмыс беруші ақшаны заңсыз ұстағаны үшін заң бойынша ақша төлеуі тиіс», – дейді ол.

Осы ретте адвокат бірінші ке­зекте жұмыс беруші мен жұмыскер арасында шарт жасасуға кеңес береді. «Еңбек шарты жасалмаған жағдайда жұмыс беруші «бұл адамды танымаймын» деуі әбден мүмкін. Сондай-ақ мынадай жағ­дайлар болуы мүмкін. Еңбек шар­тында жалақы әр айдың оныншы жұлдызында берілетіні көрсетілсе, бірақ ол күн сенбіге немесе мереке күніне түсіп қалса, жалақы дүй­сен­біде немесе мерекелер өткен соң аударылуы мүмкін. Мұнда еш­қан­дай заңбұзушылық жоқ», – дейді Тілеужан Жұмабекұлы. Иә, жа­лақы дауы ешкімге де абырой әпермесе керек. Өйткені кім болса да, өз маңдай тері, табанақысымен тапқан ақшасын уақытында алға­ны дұрыс-ау.