Ауыл әйелінің әлеуметтік портреті
Ауыл әйелінің әлеуметтік портреті
137
оқылды

AERC ұйымы жуырда Қа­зақ­стандағы ауыл әйел­де­рі­нің бүгінгі хал-ахуалына зерт­теу жүргізді. Нақтырақ айтсақ, олардың экономикалық жағ­дайы, қаржылық мүмкіндігі қарастырылған. Сауална­ма­ға 1 424 азаматша қатыс­қан. Ауыл әйелдерінің ара­сын­да өзге өңірге қоныс ау­дар­ғысы келетіні, қазір қалаға барып, нәпақасын таба­тын­дары және қа­риялардың жал­ғыз зей­нета­­қы­сына қарап отыр­ған­да­ры аз емес екен.

Қараша айында Қазақстандағы орташа жалақы 191 мың теңге екені белгілі болды. Әрине, еліміз­де бұл еңбекақыдан 3-4 есе көбірек және сонша есе азырақ табыс таба­тын азамат жетерлік. Сондықтан 191 мың теңге қоғамдағы «алтын ортаны» көрсетіп тұр. 30 күн еңбек етіп, 50-60 мыңға жан бағатындар ауылды жерлерде және негізінен оңтүстік өңірлерде тұратынын рес­ми мәліметтер көрсетіп отыр. Мә­селен, Түркістан облысында орта­ша жалақы 122 мың теңге, рес­пуб­ли­ка бойынша ең төменгі көрсет­кіш.

Қазақ қоғамында патриархалды жүйе қалыптасқан. Нан табушы, отбасын бағушы – еркек. Бұл түсі­нік, әсіресе ауылды жерлерде тере­ңі­нен сіңген. Әйел үй шаруа­сын­да. Бірақ 90-жылдардағы дағдарыс, жұмыссыздық, нарықтың дамуы, бизнестің келуі аталған дәстүрлі ұғымды өзгертіп келе жатқанына 30 жылға жақындап қалды. Алайда әлі де болса ауылдағы әйел – тә­уел­ді тұлға, егер ол түрлі себеп­пен бала-шағасымен жалғыз қалса, оның әлеуметтік жағдайы қиын­дайтыны анық. Көпшілігінің тұ­рақ­ты табыс көзі жоқ. Оны тө­мен­дегі сандар айғақтап тұр.

Ауыл тұрмысы. Зерттеу бары­сында сауалнамаға қатысқандар­дың көпшілігі (49%) өзінің сатып алу қабілетін орташа деп бағаласа, осы шамалас әйелдер отбасындағы бір адамға шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейі­нен де аз екенін айтқан. Бір сөзбен айтса, отбасының әлеумет­тік халі ауыр. Бұдан бөлек, са­уал­нама барысында көпшілік ха­лық жағдайымыз орташа деп жауап қайырған. Дегенмен өзі тұрып жат­­қан ауылдың тұрмысы нашар бол­ғандықтан, олармен өзін са­лыс­тыра отырып, табысым «ор­таша» деген. Түптеп келгенде, оның «орташасы» республикалық дең­геймен салыстырғанда табысы төмендердің тобына кіруі мүмкін.

Соңғы 2 жылдағы зерттеулер отан­дастарымыз өз табысының 46-54% үлесін тек тамаққа жұмсай­ты­нын көрсетті. Салыстыра кет­сек, Ұлыбритания жұрты тоңа­зыт­қыш­ты толтыруға жалақысының бар болғаны 10 пайызын бөледі екен. AERC ұйымының сауална­ма­сы да бұл сөзімізді қуаттады. Ауыл халқының тең жартысы қо­лын­дағы ақшасы тек азық-түлікке, киімге жететінін айтса, 25 пайызы киім алуда таршылық көремін деген. Ал 4 пайызы тамақ та сатып ала алмайды екен.

Ауыл тұрғындарының тек 14 пайызы өздерінің сатып алу қабі­ле­тін өте жоғары деп бағалаған. Дәлел ретінде олар қымбат тауар­дан басқаның барлығына дәрменім жетеді деген. Ал көлік пен үйді сауалнамаға қатысушылар­дың тек 3,2 пайызы ғана кез келген уақытта сатып ала алады. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқан барлық ауыл әйелдерінің 64 пайызы өзінің тұрмыстық жағдайына көңілі толмайды екен. Көріп отырға­ны­мыз­дай, зерттеуге қатысқан ауыл әйелдерінің әлеуметтік жағдайы жо­ғары емес. Сондықтан олардың эко­номикалық мүмкіндігі де шек­теулі. Әрине, бұл тұрмыс сапа­сы­на, денсаулыққа, халықтың өзін-өзі бақытты сезіну деңгейіне, тіпті баланың біліміне де кері әсер етуі мүмкін.

Бір ауыл. Түрлі мүмкіндік. Зерт­теушілер ауылдағы әйелдердің ұлттық ерекшелігіне де назар ау­дар­ған. Мәселен, басқаларға қара­ғанда қазақ әйелдерінің ауылда өз баспанасына қол жеткізуге сенімі төменірек екен. Сондай-ақ қазақ әйелдері экономикалық жағдай туралы сұрақтарда көбіне «жауап жоқ» деген нұсқаны таңдаған. Бұл екі сауал ауылдағы қаракөз әйел­дердің шалқып жүрмегенін және қаржылық сауатталығы да жоғары болмай тұрғанын көрсетіп тұр. Есесіне, орыс ұлтының өкілдері өздерінің сатып алу қабілетін орташа немесе орташадан жоғары деп жиі бағалаған. Бірақ сол орыс және басқа да ұлыс өкілдері ауылда әйелдердің жұмысқа орналасуында белгілі кедергілер бар деп есептей­ді. Бәлкім мемлекеттік тілді мең­гер­меуі бюджеттік мекемеге орна­ла­суына тосқауыл шығар?

Жауаптардағы айырмашылық тек ұлттық ерекшелікте ғана емес, өңірлерге де байланысты екен. Ол түсінікті де. Кейбір аудардарда кәсіп­керлік пен өндіріс қатар дамы­са, басқалары әлі де рес­пуб­ликалық бюджеттің дотация­сында отыр. Сәйкесінше, ол аймақтарда ахуал кісі қуанарлықтай жағдайда емес. Мәселен, орталық және шы­­ғыс өңірлердің тұрғындары ауыл әйелдерінің жұмыспен қамты­луында қиындықтар бар десе, солтүстік және батыс облыс­тарда ауыл әйелдерінің қар­жылық табысқа жетудегі мүмкін­діктері жоғарырақ деп есептейді.

Табыс көлемі. Сауалнамаға қа­тысқан ауыл әйелдерінің 25 пайы­зында табыс көлемі отбасында бір адамға шаққанда 31 мың мен 50 мың теңге арасында екен. 13 пайы­зында отбасындағы әлгі көрсеткіш 50 мыңнан 100 мың теңгеге дейін. Тек 1,6 пайызында кіріс көлемі адам басына шаққанда 100 мың теңгеден жоғары. Яғни, сырттай жобалап алсақ, ауылдағы отбасы­ның табысы 50-60 мың теңгенің шамасы. Азық-түлік бағасы еселеп өсіп жатқанда бұл қаражат бір шаңырақтың бар қажетін өтей ме, жоқ па, есептей беріңіз.

Ал ауылда үйге табысты кім әкеледі? Сауалнамаға қатысқан әйелдердің сөзіне сенсек, 37 пайы­зын­да – ер азамат. Әдетте, бұл көп­балалы қазақ отбасы, әйел орта білімді және үй шаруасында, балалары кәмелет жасқа толмаған. 20 пайызында ерлі зайыптылар қатар қызмет етсе, қалған 20 пайыз жағдайда үйге табыс әкелуші – әйел адам. Сұраққа жауап берген әйел­дер­дің 11,5 пайызы «жалғыз табыс көзі – менің зейнетақым не жәр­дема­қым» деп жауап берген. Бас­қаша айтқанда, ауылдағы отба­сы­лар­дың тең жартысында әйел адам табыс табушы рөлде.

Көшсем деп едім. Ауылдағы жағдайға көңілі толмай, өзге өңір­лерге немесе елдерге қоныс ауыс­тыр­ғысы келетіндер де бар. Олар­дың үлесі 64 пайыз. Яғни, тым жо­ға­ры әрі алаңдатарлық көрсет­кіш. Мүмкіндік туса, мекенжайын өзгерт­кісі келетіндер көбіне Жам­был, Павлодар және Батыс Қа­зақ­стан облысында жиі кездеседі. Ал миграция мәселесін мүлде қарас­тыр­майтын әйелдер (85%) Түркіс­тан облысында тұрады. Ауыл әйелдері негізінен Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына көшуді құп көреді. Ресейге бет алуды да жоспарлап жүргендер бар. Мекен ауыстыру көбінің көңіліндегі ой болса да, нақты шешім қабылдаған­дар аздау. Көшетіндер – негізінен жас­тар. Ал отбасылы, бюджеттік мекемеде қызмет ететіндер әзірге түйіншегін даярлап отырған жоқ.

Ауылдағы әйел. Ол кім? Зерт­теу­ге қатысқан әйел кісілердің жасы да, экономикалық мүмкін­дік­тері де әртүрлі. 18-24 жастағы азаматшалар әдетте жоғары бі­лім­ді, екі тілде еркін сөйлейді, олар қа­ражат тұрғысында өз табы­сына үміт артады. Ал 35-44 жас­тағы, жо­ғары білімді әйелдер күйеуі­мен қа­тар табыс табуға мүм­кін­дігі бар. Бір­ден-бір себеп – тұңғыш ұл-қы­зы есейіп, өз қолы өз аузына жетіп қал­ған.

Ауылда жұмыс аз. Сондықтан сұраққа жауап қатқандардың 15 пайызының отбасында бір адам қалада жұмыс істеп, нәпақасын сонда тауып жүр. Әсіресе, бұл елі­міздің Батыс өңіріне тән құбы­лыс. Бұл ретте жол шығыны табыстың едәуір бөлігін алуы мүмкін. Сауал­намаға қатысқандар­дың тек 59 пайызы ғана жұмыс істей­ді. Олар­дың басым бөлігі (27%) – бюд­жет­тік саладағы қыз­мет­керлер. Тек ауыл әйелдерінің 17 пайызы жеке сала­да жұмыс істейді. Ауыл­да­ғы нәзік жандылар­дың шамамен 37%-ы экономика­лық тұрғыдан бел­­сенді емес, 25 пайызы үй шар­уа­­­сындағы әйелдер, 12%-ы зей­нет­келер.

Сөз соңында. Ауылда екі қолға бір жұмыс табу қиын, табыс та жоғары емес, тұрмыс ауыр. Бірақ соған қарамай, сауалнамаға қатыс­қан әйелдердің 83 пайызы өз өмі­ріне риза екен. Оның себеп­тері де бар. Таза ауа, отбасы аман, қала­да­ғыдай күйзеліс, тартыс тіршілік жоқ. Көбіне барға қанағат дейтін­дер – 18-24 жас аралығындағы жо­ға­ры білімді, қазақтілді азамат­ша­лар. Ал күйбең тіршілікке көңілі тол­май­тындар – орыстілді, орта білім­ді әйелдер.

Жалпы, аталған зерттеудің қо­ғам­дық маңызы зор. Себебі ол ауыл әйелінің келбетін, қаражатын, тұрмыс-тіршілігін және жоспарын ай­қындады. Үңілсек, ол әйелдің табысы төмен, базарда көп сауда жасауға да шамасы жете бермейді, мүмкіндік болса, ауыл мектебінде, әкімшілікте және тағы басқа жерде істейді. Жұмыс табылмаса, үйде бала қарап отыр. Мұндай әйелге үкіметтің бағдарламасына қатыс, грант жеңіп ал, өз ісіңді дөңгелет, жыл сайын скринингтен өтіп, ден­сау­лығыңды түзе, балаң шет тілін үйренсін, үйірмеге бер деу де қиын. Себебі оған жағдай жасал­маған. Ауылдағы инфрақұрылым, адам капиталы, білім де, табыс та сәйкес емес. Бірақ осыған қарамай, екеу­ден төртеу жасап, ешкімге ала­қан жаймай, отбасын бағып жүр­ген­дер қаншама? Әттеген-ай дейті­німіз, олардың саны аз. Егер ауыл әйелінің табысы көтерілмесе, ол қашанда күйеуіне, туыстарына қаржы тұрғысында тәуелді болып қала бермек. Бұл – үлкен тәуекел. Ертең жалғыз бала-шағаны қалай бағам деп, үйдегі зорлық-зомбы­лық, ұрып-соғудың барлығына тө­зіп жүре береді. Бұл «шыдамнан» бәрі де зардап шегеді. Немесе ер­тең түрлі себеппен бала-шағасы­мен жалғыз қалса, онда оның ба­рар жері, басар тауы да көп емес. Сон­дықтан ауыл әйелінің білімі де, та­бысы да жоғары болуы алдымен өзіне, кейін қоғамға пайдалы.