Шымқалада қоғамдық көлік мәселесі әу бастан-ақ шешуі қиын түйінге айналған. Қай кезден де бірін-бірі қағып-соғып жүретін автобустар, жолаушыға талас, кондукторлардың бейәдеп сөздері, күн қызара бастағаннан қоғамдық көліктердің тоқтауы, автобустардың ластығы, осының бәрі жолаушылардың ашу-ызасына тиіп-ақ жүр. Тіпті, мұндай бей-берекеттіктің соңы қайғылы оқиғаға да ұласып жүргені жасырын емес. Тізбектелген түйіткілдер автобус парктері мен жолаушы тасымалдаушы компания басшыларының жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан екені даусыз. Дегенмен бұл жолы жүргізушілердің жанайқайына құлақ түрдік.
Таяуда Шымкентте бірқатар қоғамдық көлік жүргізушілері 2 айдан бері жалақы ала алмай жүргенін айтып, бір күн бойы өздеріне тиесілі бағытқа шықпай қойды. Қалалық әкімдіктің араласуымен оң шешімге қол жеткізген олар сабыр сақтап, келісімге келген. Бұл әлеуметтік мәселенің шығуы тегін емес, көптен бері жиналып қалған ашу-ызаның салдары. Осы тұста жүргізушілердің жағдайына көңіл бөлген, олардың бас қайғысына үңілген жан бар ма деген сұрақ туындайды. Ең алдымен, Шымкентте автобус жүргізушісі тапшы. Ал ондай мамандықты, яғни «Д» санаты бойынша білім беретін бір де бір оқу орны жоқ.
Айта кетейік, үшінші мегаполисте не материалдық базасы, не арнайы оқу құралдары, тіпті үйрету көліктері де жоқ жүргізушілер даярлайтын жеке меншік оқу орталығы көп. Тіпті, олар бір бөлмені жалға алып, талапкер қабылдап, 2 ай мерзімге, егер ақшасын молынан төлесе, 2 аптада тездетіп «В», «С» санаты бойынша оқытып, қолдарына сертификат ұстатып жібере алады. Әрине, көпшілігі партада отырып сабақ оқымайтыны айдан анық. Оған өзіміз де куә болғанбыз. Оқу орталықтарына оқушысының жүргізушілік курсын меңгеруі емес, талапкерді көптеп қабылдап, ақшаны молынан табуы маңызды. Сондықтан олар жауапкершілігі жоғары «Д» санаты бойынша маман даярлағысы келмейді. Себебі оған қойылар талап та жоғары. Бірқатар оқу орталықтарына хабарласып, бұл санат бойынша тек теориялық тұрғыда білім бере алатынын естідік. Ал тәжірибеде шыңдауға оқу орындарының шамасы келмейді. Себебі материалдық-техникалық базасы, білікті маманы да жоқ.
Қалалық Полиция департаментіне қарасты тіркеу-емтихан бөлімі берген мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бергі 11 айда Шымкент қаласы бойынша «Д» санатымен 3 адам ғана жүргізуші куәлігін алған. Әрине, олардың да бұл санат бойынша еліміздің қай түкпірінен білімін жетілдіріп келгені белгісіз. Ал халқының 50 пайызы Шымкент қаласына қатынап жұмыс істейтін Төлеби ауданындағы автобус паркінің басшысы Жұмат Жылқыбаев бүгінде жүргізуші тапшылығының салдарынан автопарктегі 20-дан астам автобус иесін күтіп, қаңырап тұрғанын айтады. Бір кездері атағы дүркіреп, барлық аймақта жолақы 15-20 теңге болып тұрған тұста Ленгер қаласы тұрғындарын 5 теңгемен, 35 шақырым қашықтықтағы Шымкентке 25 теңгеден тасып, елдің алғысына бөленіп жүрген «Төлеби автобус паркінің» де бүгінгі халі мүшкіл. Ленгер – Шымкент бағыты әрбір 12 минут сайын жүріп тұратын автобустардың бүгінгі арақашықтығы неге 30-40 минутқа ұзап кетті? «Шындығына келгенде намысқа тырысып, аз ғана көлікті жүргізіп қойдық. Шыққан көліктер шығынын өтеп те жатқан жоқ. Дәл осылай жалғаса берсе, автопарктің де күні бітер уақыт та алыс емес. Мемлекет тарапынан бір де бір көмек, субсидия берілмей келеді» дейді автопарк басшысы.
Сондай-ақ «Оңтүстік автотранспорт» қауымдастығының төрағасы Дархан Қаюпов мегаполисте де маман тапшылығын тілге тиек етті. «Шымкентте автобус жүргізушілерін оқытатын бір де бір оқу орны жоқ. Тіпті, материалдық базасы толық деген жол-көлік колледжінің өзінде де «Д» санатының лицензиясы жоқ. Басшылығы жауапкершілікті мойнына жүктегісі келмейді. Шынтуайтына келгенде, қоғамдық көлік жүргізушісі болуға қазір көп жастың ынтасы да болмай қалған. Себебі үнемі жолаушылармен шиеленісте отыратын, соған сай жалақы ала алмайтын автобус жүргізушілігіне сұраныс қайдан болсын? Тұрғындар қоғамдық көлік жүргізушілерін сыртынан сынап та жатады. Ойлап қарасаңыз, жүргізушілерді де түсінуге болады. Мәселен, үйлерінен таңғы 05.00-де шығып, кешкі 23.00-де оралатын оларды отбасында осы уақыттары күліп шығарып салып, жарқырап күтіп алатын кім бар дейсіз?! Таңғы шайды көлікте отырып ішіп кетіп бара жатады. Кешке дейін басшылықтың айқайынан бөлек, қаншама кірпияз жолаушының мінезі жүйкесіне тиіп, қалжырап қайтқанда осы жүрістеріне сай жалақы алып жатыр ма? Оларға қаншалықты жағдай жасалып отыр? Осыған назар аударайықшы» дейді қауымдастық төрағасы.
Сондай-ақ ол Шымкенттегі тасымалдаушы компаниялардың да бүгінгі халі мәз емес екенін жеткізді. Осы салада тапжылмай жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан қауымдастық төрағасы мегаполистегі қоғамдық көлік мәселесін бес саусақтай білетінін жеткізді. «Әкімдік те, көпшілік те тасымалдаушы компанияларды қаржыны қырып тауып жатыр деп ойлайды. Бұл – жаңсақ пікір. Бірнеше жылдан бері басы-қасында жүргендіктен, мәселені толық білемін. Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласы өзін-өзі 40 пайыз ғана асырап отыр. Қалған бюджетті жоғары жақтан алады. Сондықтан жолаушы тасымалдаушы компанияларға заңды түрде берілуі тиіс субсидияны ешқашан бөлген емес. Соған қарамастан, жолақыны көтермей, студенттерге де жеңілдік беріп, жұмыс істеп келеміз. Ал тозығы жеткен көліктердің жүруінен тұруы көп. Оларды жөндеу үшін алынатын бөлшек құралдар қымбат. Жанар-жағармайдың құны айтпаса да түсінікті. Сондай-ақ бірқатар компанияның несиесі де бар. Өз көзіммен көріп жүрмін, несиені төлейтін уақытта шырылдап ақша іздеп кетеді» деп тасымалдаушы компаниялардың жанайқайын жеткізді қауымдастық төрағасы.
Иә, бірін айтып, бірге кетпейік. Дегенмен қауымдастық төрағасы Шымкент қаласының әкімі ақпан айынан бастап жолаушы тасымалдаушы компанияларға субсидия беретінін айтқанын, биліктің беті бері қарағанын айтып қуануда. Сол кезде электронды билеттің қолданысқа енетінін де жеткізді. Демек, келер жылы үшінші мегаполисте қоғамдық көлік мәселесінде едәуір жаңалық болып, көлік жүргізу мәдениеті сақталатын секілді. Ол кезде жолаушы тасымалдаушы компанияларға да талап күшейіп, жүргінші құқы да қорғалатын шығар деген үміттеміз. Мүмкін осы кезде жүргізушілерге де көңіл бөлініп, жалақы өссе, оларды көлік жуу мен жөндеуге араластырмай, таң ата таза киіммен дайын көлікке келіп отыратындай жағдай жасаса, автобус жүргізушісі, яғни «Д» санатына қызығатын жастар да, оны оқытатын оқу орны да ашылып қалар. Әзірге бұл арман болып тұр. Қалай болғанда да келер жылы ТМД елдерінің мәдени астанасы болатын Шымкент қаласына келген қонақтарды алдымен қоғамдық көліктер күтіп алып, шаһарды аралататынын ескерсек, қоғамдық көлік мәдениетін ертерек қолға алған дұрыс болар.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы