Атырауда екі қызын тастап кеткен әйелді полиция іздестіріп жатыр
Атырауда екі қызын тастап кеткен әйелді полиция іздестіріп жатыр
107
оқылды

Бұл туралы облыстық Полиция департаменті хабарлады.

Жұмыссыз әйел 2019 жылдан бері қаладағы Тельман көшесінде пәтер жалдап тұрған.

Атырау қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Ерлан Биғамбаев: «Әйел 5 және 3 жасар қызын жалдамалы пәтерде қалдырып, өзі кетіп қалған. Бұл туралы полицияға әйелдің Ақтау қаласында тұратын 18 жастағы үлкен қызы хабарлады. Анасы оған қоңырау шалып, жалдамалы пәтердегі екі сіңлісіне қарауды тапсырған. Бірнеше күннен бері әйелден хабар болмады. Оны танитындар соңғы рет 5 қарашада Дүтбаева көшесіндегі жалдамалы пәтерлердің бірінен көрген», – дейді.

Полицейлер тексеру кезінде бұдан бұрын да әйелдің «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабымен әкімшілік жауапқа тартылғанын анықтаған.

«Екі қызды қайтадан бейімдеу орталығына орналастырды. Балаларын тастап кеткен әйелге қатысты жинақталған құжаттар ата-ана құқын шектеу туралы мәселені қарау үшін кәмелетке толмағандардың құқын қорғау жөніндегі комиссияға жіберілді», – деді Ерлан Биғамбаев.