Отандық алманы қайдан аламыз?

Отандық алманы қайдан аламыз?

Қазақстан – алманың Отаны, алайда сол отандық алманың дәмін тату арманға айналып барады. «Ұста темірге жарымайдының» кері. Базарға барсаң, шетел­дің дәмсіз де нәрсіз алмасы қарсы алады. Арасынан қырғыздан жеткен алма көрсек, қуанатын болдық. Себебі қазақ алмасының көзге де, қолға да түсуі қиын. Сөйтсек, бізде өсетін алмаларды шетелдіктер күні­бұрын сатып алады екен. Мұны Алматы облысының әкімі Амандық Баталов астанадағы брифингте айтты. Әкімге сенсек, Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктері Алматы апортының бір жылдық қорын сатып алған. 

«Мен осында келерде бір кәсіпкермен кездестім, ол Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктері кәсіпкерлерімен бағаға қатысты дауласып жатты және менің көзімше алмасын қымбат бағаға сатуға келісті. Қазір бұрынғыдай қоймаларда жатып қалатын алма жоқ. Олар толығымен экспортқа шығарылады. Біздің алманың ерекше дәмі мен иісі шетелге танылған», – деді облыс әкімі. «Алма, піс, аузыма түс» деп отыр­ғанда, шетелдіктер алдын ала келісім жасап, апортымызға құда түсіп жатыр.

 

Ішкі нарықты қамтуға қауқар бар ма?

Ішкі нарықты отандық ал­мамен қамтамасыз ету үшін жұ­мыс істеп жатқан кәсіпкерлер жоқ емес. Солардың арқасында ішкі нарықтағы сұраныстың тең жартысы қамтамасыз етіліп отыр. Бірақ бұл тоқмейілсуге себеп емес.

Жеміс-көкөніс шаруашы­лы­ғы ғылыми-зерттеу институты­ның басқарма төрағасы Серік Садықовтың айтуынша, бір адам жылына 15 келі алма тұтынуы тиіс. Ал біз 15 келі емес, 10 келі алма тұтынып жүр екенбіз. Оның басым бөлігі импорт алма. Әрбір қазақстандық жылына тиесілі 15 келі алма тұтынуы үшін елімізде жыл сайын 250-270 мың тонна алма жиналуы керек екен. Бұл көрсеткішке жету үшін алма бақтарын көбейту қажет. Ал оған дейін алманың 40 пайызын жеткізіп отырған Қырғызстан, Өзбекстан, Польша мен Қытайға телміруге тура келеді.

Ал шындығында, Қазақ­стан­ның ішкі нарықты отандық ал­мамен қамтамасыз етуге әлеуеті жетеді. Мұны С.Садықов айтып отыр. Тек ол үшін алма бақта­ры­ның аумағын екі есе көбейту қажет.

– Бүгіндері алма бақтары елі­міздің оңтүстік өңірлерінде – Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында өсіріледі. Батыс Қазақстан облысының да алма өсіруге әлеуеті бар. Бұл өңірдегі алма бақтары кеңес дәуірінде танымал болған. Қостанай, Шы­ғыс Қазақстан, Павлодар облыс­тарында да алма өсіруге мүмкін­дік бар, – дейді ол.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі алма өсірушілер сыртқы нарыққа жұмыс істеуге бейім, себебі ол жақ­та алманы қымбатқа сата ала­ды. Біздің алманың негізгі тұ­тынушысы Ресейде қазақ­стан­дық алма қымбат тұрады. Сон­дықтан отандық алма өсірушілер бұл нарықтан кетуге құлықсыз.

Айта кетейік, былтыр елі­мізде бағбандықты дамытудың салалық бағдарламасы қабыл­дан­ды. Сол бағдарлама бойынша 2027 жылы бау-бақша аумағы 45 мың гектардан 92 мыңға көбеюі керек.


Алма экспортында 76-шы орындамыз

Әлем нарығына шолу жасаған сарапшылар жыл сайын алма экспортының көлемі 1,5 пайызға өсіп отырғанын айтады. World's Top Exports дерегіне сүйенсек, 2017 жылы алма экспортының 40 пайызы Еуропаға, 25 пайызы Азия­ға тиесілі болған. Алма экс­портында Қытай көшбасшы бо­лып отыр, бұл көршіміз алма экс­портынан ғана 1,5 млрд дол­лар табыс тапқан. АҚШ пен Ита­лия 900 млн доллар табыспен екінші орында тұрса, алғашқы бестікті Франция мен Чили то­лықтырған. ТМД елдерінің ара­сында Әзір­байжанның көрсет­кіші жоғары. Әзірбайжаннан кейін әлемдік экспортта Бела­русь, Украина, Ресей және Өз­бекстан тұр, қыр­ғыз ағайын да қара жаяу емес – 52-ші орында. Ал Қазақстан 76-шы орынды қанағат тұтқан.


Бұл саланың проблемасы ре­тінде өндірістің техникалық жа­рақтануының төмендігі, қайта өңдеу секторының дамымауы, сақтау орындарының жетіспеуі жиі аталады. Жергілікті нарықта отандық бағбандар импортпен күз бен қыста ғана бәсекелесе ала­ды. Себебі бұл салада білік­ті­лігі жоғары маман жетіспейді. Өсімдіктану магистрлері жоқ. Сондықтан мамандарымызды АҚШ, Италия, Германия мен Жапонияға жіберіп оқытып алу артық болмас еді дейді осы са­ла­ның басы-қасында жүргендер.

Алматы облысы бағбаншылар қауымдастығының басшысы Арсен Рысдәулетовтің айтуынша, жыл сайын елімізде алма бағы­ның көлемі артып жатыр. Бірақ оған ауқымды инвестиция мен кәсіби күтім қажет. Сауатты агро­номдар жетіспейді. Бұл соңғы жиырма жылда осы саладағы білім бағдарламасының жаңар­мауымен байланысты.

– Себебі Кеңес Одағы ыды­раған соң жоғары оқу орындары дәстүрлі бақты күтіп-баптау жөнінде білім беруді жалғастыра берді, ал бұл кезде Еуропа мен АҚШ-та қарқынды алма бақта­рын дамыту жүріп жатқан бола­тын. Қарқынды алма бағы көшет отырғызған соң бір жылдан ке­йін-ақ өнім береді, ал дәстүрлі алма бағы 3-4 жылдан кейін ғана өнім береді, – дейді ол.

Қарқынды алма бағының дәс­түрлі алма бағынан өз ерек­ше­лігі бар. Қарқынды алма ба­ғын­да ағаштардың жанында торлы тіректер түрінде тірек жү­йесі орнатылады. Тыңайтқыштар суға қосылып, тамшылатып суа­ру жүйесі арқылы таралады. Қар­қынды алма бағының шығыны көп болғанымен, ол жылдам ақ­та­лады. Алма бағының бұл түріне инвестицияны еліміздегі мұнай-газ саласы мен банк секторындағы кәсіпкерлер құйып келеді. Соңғы жылдары алма бақтарын қаржы­ландыруға қытай, үнді және араб инвесторлары қызығушылық танытып отыр екен. Себебі олардың өз елінде сапалы азық-түлік жетіспейді. Мысалы, Қы­тайда алманың бағасы қымбат, сондықтан ол елдің инвесторлары қазақстандық алма бақтарына қаржы құюға дайын. Ондағы мақсат өздерінің нарығын сапа­лы алмамен қамтамасыз ету. Бұл біздің елде өскен алманың тағы да өзге елдің нарығына шығаты­нын білдіреді. Экспортқа өнім шығарған жөн-ақ, алайда сондай экологиялық таза өнімді ішкі нарыққа да молынан шығарса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ алма бизнесіндегілер үшін экс­порт тиімді болып тұр.


Алманы сақтаудың амалын білген жөн

Алма бизнесі табысты кәсіп саналады. Сондықтан да есепке жүйрік ел алма өсіруге ден қой­ған. Мысалы, Еуропада жердің тап­­шы­лығынан 1 гектар жерге қар­қын­ды алма бағын өсіріп-ақ та­быс тауып отырғандар бар. Біздің елде қарқын алма бағын өсіру үшін 1 гектарға 70 мың долларға дейін қаржы қажет екен. Жұмса­латын қаржы көлемі көшеттерге, инфрақұрылымның құны мен тамшылап суару жүйесі сияқты бірнеше факторға бай­ланысты өзгеруі мүмкін. Жамбыл облысы­ның Тұрар Рысқұлов ауданында қарқынды алма бағын қолға ала­ған SV – Agro ЖШС алманың 13 түрін өсіріп жатыр. Оның басым бөлігі қысқа сақ­тауға қолайлы күздік алмалар. Келешекте жеміс қоймаларын салу көзделуде. Оның өзі ел тұр­ғындарын жыл он екі ай эколо­гиялық таза өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, шет елге де шығаруға мүмкіндік бермекші. Интенсивті алма бақ­тарын дамы­ту жұмыстары көр­шілес жатқан Меркі ауданында да қарқынды қолға алынған.

Бағбан шаруашылығы сала­сындағы мамандар 2018 жылды алманың жылы болды деп са­най­ды. Тіпті, алма өсірушілер өнімін қайда өткізерін білмей, басы қа­тыпты. Осы кезде отандық алма өсірушілердің маркетинг пен логистика саласында білімі жоқ екені білініп қалған. Біз ал­маны қайда, қалай сақтаймыз деп жүр­генде АҚШ-та тоңазыт­қышта бір жыл сақталса да, бү­лінбейтін жа­ңа алма сұрпы са­тылымға шықты. BBC агентті­гінің хабарлауынша, жаңа сұрып­ты шығаруға 20 жыл жұмсалыпты. Cosmic Crisp деген атау берілген алманы Вашингтон штаты уни­верситетінің ғалым­дары Honeycrisp және Enterprise гибрид сорт­тарынан алғаш рет 1997 жы­лы шығарған екен. Ва­шингтон шта­тының фермерлері бұл сұрыпты алдағы 10 жыл бойы өздері ғана өсіруге құқық алған. Алма то­ңазытқышта 10-12 ай сақталғанда өзінің түсі мен дәмін баяу жоғал­тады.

Әу бастағы мәселеге қайта оралсақ, отандық бағбаншылар ішкі нарықты отандық алмамен қамту үшін не істеуі керек? Біз қашанғы сыртқы нарықты таза өніммен қамтамасыз етіп, өзіміз импорт алманы тұтынамыз? Арсен Рысдәулетовтің пікірінше, ол үшін халықаралық институт­тармен серіктес болып, ғылым мен білімді жан-жақты дамыту, студенттер мен ғалымдар үшін тәжірибелік стансаларды құру қажет деп санайды. Сонымен бірге несиені субсидиялау және ар­зандату арқылы бизнеске, отан­дық бағбандарға қолдау көрсету маңызды. Бұған қоса, Сиверс ал­ма­сының отаны ретінде Қазақ­стан­ның маңызын арттыру қажет.