Тоқаевтың тапсырмасы: 2021 жылы педагогтердің жалақысы тағы 25% өседі
Тоқаевтың тапсырмасы: 2021 жылы педагогтердің жалақысы тағы 25% өседі
Президент тапсырмасы шеңберінде 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы тағы 25% өседі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, - деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Биыл Президент тапсырмасымен педагогтердің жалақысы 25 пайызға ұлғайтылды. Сонымен бірге 2021 жылы да 1 қаңтардан бастап педагогтер айлығы тағы 25 пайызға көбейеді. Біз мұнда тек қана мектеп мұғалімдерін айтып отырған жоқпыз, балабақша педагогтері, қосымша білім беру, колледждер мен жоғары оқу орындарының мамандары да мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылып, еңбекақылары көбейіп жатыр», - деді А. Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Өз сөзінде министр педагогтерге берілетін түрлі қосымша төлемдер бар екенін еске салды.
«Біліктілік санатына қарай еңбекақының 30-дан 50 пайызға дейінгі көлемін қосымша алуға болады. Өз ісінің шебері болса, ай сайын еңбекақыға қосымша 50 пайыз төлем алып отыруға болады. Пәнді ағылшын тілінде жүргізгені үшін, дәптер тексергені үшін, сынып жетекшілігі үшін төленеді. Биыл алғаш рет әріптестеріміз магистрлік дәрежесі үшін 27 мың теңге көлемінде қосымша төлем ала бастады», - деп түсіндірді Білім министрі.