Қазақстанда Парламентаризм институты құрылды
Қазақстанда Парламентаризм институты құрылды
Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Парламенттің жанынан Парламентаризм институты құрылды, деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы өзінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Парламент жанынан заңдардың сапасын арттыруға ықпал ететін тиісті құрылым құруды тапсырды. Үкімет Парламентпен бірлесіп Парламентаризм институтын құру үшін қажетті шаралар қабылдады. Жаңа құрылым қызметінің негізгі нысанасы – заңнаманың тиімділігін талдауды (нормативтік құқықтық актілерді талдау) қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының заңнамасын дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеу арқылы Қазақстанда парламентаризмді дамыту және оның тиімділігін арттыру. Осындай институттар бірқатар дамыған елдің заң шығарушы органдарының жанында жұмыс істейді. Олардың жұмысы қабылданатын заңдардың сапасын қамтамасыз ету қажеттілігіне тікелей байланысты. Заң жобаларын мұқият пысықтау нақты салаларда арнайы білімді талап етеді. Парламентаризм институты депутаттарға заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттілігін ғылыми негіздеуді, жаңа нормаларды енгізуді, заң жобаларының өзін әзірлеуді және қажет болған жағдайда қаржылық-экономикалық есептерді дайындауды, сондай-ақ заңдарды іске асырудың ықтимал экономикалық, әлеуметтік, заңдық, экологиялық салдарларының болжамдарын әзірлеуді қоса алғанда, олардың заң шығару бастамасы құқығын іске асыру бойынша жәрдемдесетін болады. Мұнда депутаттық корпуспен бірге Үкіметтік нұсқаларға баламалы заңнамалық нормалар әзірленетін болады. Бұл қабылданатын заңдардың сапалы пысықталуына ықпал етеді. Бұдан басқа, жаңа құрылым Мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың құқықтық тәсілдерін зерделеумен, экономикалық және қоғамдық өмір салаларын заңнамалық реттеуді оңтайландыру жөнінде ұсыныстар әзірлеумен, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың тиімділігін талдаумен айналысады. Сондай-ақ институт заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу, дамыған шет елдер парламентшілерінің тәжірибесін зерделеу үшін қоғамда әлеуметтік және сараптамалық сауалнамалар жүргізетін болады. Алдағы кезеңде жаңа құрылым мемлекеттік тіркеу рәсімінен өтіп, оның жарғысы бекітіледі. Институттың қызметі қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді, өйткені ол көзделген бюджеттік шығыстар шеңберінде жүзеге асырылады.