Мемлекет сыбайлас жемқорлық қаупін одан ары төмендете бермек. Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
Палата Төрағасының байламынша, құжат мемлекеттік сатып алулардың ашықтығын арттырады және сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтады. Жобаны талқылау барысында депутаттар өтпей қалған тендерлер бойынша бір көзден сатып алу туралы келісім бекіту тәжірибесін шектеуді ұсынды. Олардың айтуынша, бұл шенеуніктердің конкурстық құжаттаманы сапасыз жоспарлауы кесірінен болады. Сондықтан құжаттама шарттарына өзгеріс енгізіп, байқау рәсімін қайтара өткізу ұсынылып отыр. – Шенеуніктер үшін жеңілі, қолайлысы осы: мемлекеттік сатып алу конкурсын өтпеді деп жариялап, бір көзден сатып алу шартын бекіте салады. Осы арқылы өзіне қажетті компанияны жеңімпаз етеді. Бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне, елімізде мемсатып алулар арқылы орасан зор қаражат үлестіріледі, – деді Спикер. Сонымен қатар ел Президенті Қ.Тоқаев мемлекеттік сатып алулар процесін оңтайландыруды тапсырды. Қолданыстағы заңда жеткізушілермен тікелей келісімшарт бекіту арқылы бір көзден сатып алудың нақты негіздері көзделген. Депутаттар бұл норманы толықтырды: тапсырыс берушіден тендерді ұйымдастырудың барлық бәсекелі әдісі таусылғанда ғана осы мүмкіндікті пайдалану талап етіледі. Бұл ретте бір көзден сатып алу бойынша тапсырыс берушінің бірінші басшысының дербес жауапкершілігін бекітетін норма көзделіп отыр. Тиісінше, осы талапты орындамаған меморгандар басшысына 100 АЕК (2021 жылы 291 мың 700 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. – Осының бәрі мемлекеттік сатып алулардың тиімділігін арттырады және ең бастысы, коррупциялық тәуекелдерді төмендетуге мүмкіндік береді, – деді Н.Нығматулин. Нұрлан Зайроллаұлы мемлекеттік сатып алу саласында басшылардың қызметін міндетті рейтингтік бағалау заң деңгейінде бекітілетініне назар аударды. Ол ең алдымен мемлекет мүддесін сақтай отырып, ашық жұмыс істеуге жол ашады. Бұдан бөлек, бір көзден сатып алу негіздерін қысқарту ұсынылды. Атап айтқанда, бүгінде 100 АЕК-ке дейінгі көлемде тауарларды және құны 500 АЕК-ке жетпейтін жұмыстар мен қызметтерді тендерсіз, бір жеткізушіден алуға рұқсат етілген. Депутаттар мұны жоймақ ниетте. Яғни, заң жобасын Сенат өзгертпей қабылдаса, бұларға да байқау жариялау міндетті болады. Мұның сыртында сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі. Оның арасында рейтингтік-балдық жүйені, шеңберлі (рамочный) келісімді, сондай-ақ «электронды дүкенді» пайдаланатын конкурстар бар. Отырыста «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы құпталды. Хаттама Қазақстанның өлім жазасының күшін жою бойынша халықаралық міндеттемелерді қабылдауына бағытталған. Қазақстан хаттамада көрсетілген ескертпені құптап отыр. Оған сәйкес, соғыс уақытында жасалған әскери сипаттағы аса ауыр қылмыстар үшін кінәлі адамға өлім жазасын қолдануға рұқсат етіледі.Айхан ШӘРІП