«Әліппе» кирилл қарпінде шығады
«Әліппе» кирилл қарпінде шығады

Келесі жылдан бастап оқушылар «Әліппемен» оқи бастайды. Ал қайта оралған «Әліппе» кирилл қарпінде шықпақ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай дейді.

«Біздің алдымызда тұрған мақсат – осы «Әліппемізді» ертерек оқу бағдарламасына кіргізу. Латын әліпбиі бойынша тиісті шешім қабылданды, бұл шешім бойынша латын әліпбиіне көшу жұмыстары кезең-кезеңімен өтетін болады. Ал бізге келесі жылдан бастап, «Әліппемен» оқи бастау керек. Сондықтан келесі жылы қабылданып, енгізілетін «Әліппе» кирилл қарпінде болады. Одан кейін мектептерде кезең-кезеңімен латын әліпбиіне көшу жұмысы басталғанда, әрине «Әліппені» де латын қарпіне көшіреміз. Бұл жалпы қиын шаруа емес. Ең бастысы, оқулықтың мазмұны», – дейді министр. Тамыз айында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мектеп бағдарламасына сәйкес, 1-сыныптарға 1-2 тоқсан «Әліппе», 3-4 тоқсан «Ана тілі» енгізілетінін айтқан еді. «Әліппені» енгізу 2021-2022 оқу жылына жоспарланып отыр.

Ж.НҰРЛАН