Түріктер «Абай» телехикаясын тамашалайды
Түріктер «Абай» телехикаясын тамашалайды
156
оқылды

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Абайдың 175 жылдығына арнап таспалаған тарихи телехикая  Түркияда көрсетіледі. Бұл туралы телерадиокорпорациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Мәлімет бойынша, Түркияның мемлекеттік TRT телерадио­корпорациясы аталған телехикаяны эфирден беруге ұсыныс білдірген. Қазір екі арна келісімшарт қамына кірісіп кеткен. Айта кетерлігі, TRT телерадиокорпорациясы Нұр-Сұлтан қаласынан ақпарат таратады. Сондай-ақ ТМД-дағы үздік онлайн-кинотеатр есебіндегі IVI.RU платформасы да «Абай» телехикаясын көрсетуге қызығушылық танытқан. Сол үшін арна қызметкерлері келіссөз жүргізіп жатыр. Ал 6 бөлімнен тұратын телехикая ағылшын және орыс тілдеріне аударылып жатыр. «Абай жолы» роман-эпопеясындағы негізгі оқиғаларды бейнелеген туындының режиссері – Мұрат Бидосов. Телехикая кеңесшісі – белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков. Ал басты рөлді еліміздің Еңбек сіңірген қайраткері Болат Әбділманов сомдады.

Айбике ЖАНАСЫЛ