Қымбат баспаналар қаласы
Қымбат баспаналар қаласы

Қазақстандағы ең қымбат пәтер жарты миллиард теңге тұратын көрінеді. Мұны Urban Awards ұйымының сарап­шы­лары анықтаған. Ал риэл­тор­лар пікірі басқа: олар мұ­ның тек саудаға қойылған бас­­паналар арасындағы ең қым­­баты екенін ескертеді. Ал жо­­ғары лауазымды шенеу­­ніктердің, қалталы биз­­нес­­мендердің сән-салта­нат­ты кең сарайлары бұдан әлде­қайда бағалы, құнды. Бірақ мұндай жылжымайтын мүлік, әрине сатылмайды: қо­жайы­­­­ны өткізу үшін емес, өзі тұру үшін жабдықтаған.

2,5 миллион адам үйге мұқтаж

Индустрия және инфра­­құры­лымдық даму министрлігінің де­­регінше, елімізде баспанаға зәру адамдар саны артуда. Бұған негізгі екі фактор – жылжымайтын мү­­ліктің жоғары бағасы және ха­лық­тың сатып алу қабілетінің тө­мендігі ықпал етіп отыр. «Тұрғын үйге мұқтаж азамат­тардың саны 2,5 миллион адамға жетті. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандардың 170 мыңнан астамы – табысы аз адамдар. 180 мың адам мемлекеттік қызметшілер және бюджеттік ұйым­дардың қызметкерлері сана­тына, ал 50 мың адам жетім балалар, ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балалар санатына жатады», – деді ведомство. Бұдан бөлек, «Қазтұты­нуқа­дағалау» (Казпотребнадзор) бір­лестігі өзі жүргізген зерттеу қоры­тындысына сүйене отырып, Қазақ­станда баспананың қолжетімділік деңгейі бойынша ел өңірлерінің антирейтингін жасап шықты. Ұйым­ның дерегінше, бәрінен бұ­рын елордада және Алматыда үй алу қиын, тым қымбат. Екі мегаполисте, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары екені мәлім. Онда неге пәтерге қол жеткізу күрделі? Сарапшылардың түсіндіруінше, оның бірнеше факторы бар: бі­ріншіден, елорда тұрғындары са­нының өсу серпіні құрылыс қар­қынынан жоғары. Екіншіден, әлеу­меттік, арзан тұрғын үйді алуға үміткер мемлекеттік қызмет­шілер­дің саны көп. Үшіншіден, қаланың астана мәртебесі де негізгі рөл атқарады. Сондай-ақ «Қазтұтыну­қада­ғалау» рейтингі бойынша еліміздің батыс өңірлерінде тұрғын үй тапшы. Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында әрбір онын­шы отбасы үй кезегінде тұр. Бұдан әрі антирейтингте солтүстік және орталық өңірлер – Қостанай, Пав­лодар, Ақмола, СҚО және Қара­ғандыда орналасқан. Өйткені оларда баспана аз салынады. Онда қалайша бұл облыстар рейтинг басында жоқ? «Мұны демографиялық про­­цес­термен түсіндіруге болады. Солтүс­тік және орталық өңірлерімізде бала туу көрсеткіші төмен. Тұрғындардың көп бөлігі жыл сайын Ресейге тұрақ­ты тұруға көшіп кетуде. Осы­ған байланысты кезекте тұрғандар, «жетімбұрыш» жағалағандар саны айтарлықтай төмендейді» делінген бірлестік қорытындысында. Оңтүстік өңірлер антирейтинг соңына жайғасты. Сарапшылардың тұжырымдауынша, бұған оң­түс­тікте отбасылардың көбі ауыл­дық жер­лерде өмір сүретіні себеп­кер. Аза­маттар қарап отырмай, саман мен кірпіштен өз бетінше үй салып алады. Нәтижесінде, оң­түстіктегі ауылдарда бір аулада, бір телімде бірнеше үй салынғанын байқауға болады. Бұған қоса, «Қазтұты­нуқа­дағалау» оңтүстікте әкімдіктің үй кезегіне тұруда әкімшілік ке­дер­гілер көптігін алға тартты. Сал­дарынан нақты қанша адамның үйсіз-күйсіз екенін білу қиын.

Медеу ауданы – байлар мекені

Urban Awards сарапшылары на­рыққа мониторинг жүргізіп, сау­дадағы ең қымбат пәтерді анықтады. Олардың мәліметінше, еліміздегі ең құны жоғары тұрғын үй Алматы, Нұр-Сұлтан және Ақтау қалала­рында. Ал Қарағанды облысынан басқа өңірлерде құны 150 миллион тең­­­­геден жоғары бірде-бір баспана та­былмаған көрінеді. Оларда тіпті құны 50 миллион теңгеден асатын пәтер сирек! Мысалы, Атырауда жаңа тұрғын үйлердегі ең қымбат пәтер үшін – 90 млн, Шымкентте – 59 млн, Оралда – 51 млн, Ақтөбеде – 40 млн, Көкшетауда 31 млн теңге сұралады. Қазақ металлургиясының «аста­насы» Қарағанды қаласының қақ ортасында тұрғызылған «На Чи­жевского» тұрғын үй кешені ғана өзінше дараланбақ: девелопер 279,47 шаршы метрлік пәтерді 195,62 миллион теңгеге сатуда. Әзірге өтпеген. Алматыда «Юбилейный» ық­шам­­­­ауданында, Медеуге апа­­ратын Горная көшесінде бой кө­теріп жат­қан Orchard Residences тұрғын үй ке­­шенінде жалпы ауданы 258,6 шар­­­шы метрді құрайтын пәтердің құны жарты миллиардтай – 491,34 мил­лион теңге тұратыны белгілі болды. Ақтау қаласының элиталы ау­данында – Каспий жағалауында тұрғызылған Aqtau Residence клуб­тық тұрғын үйінде 303,33 шаршы метрлік пәтер 364 миллион теңгеге бағаланып отыр. Нұр-Сұл­танда Baisanat тұрғын үй кешенінде 325,8 шар­шы метрлік пәтер алу 277 мил­лион теңгеге түспек. Мұн­дағы бір бөлмелі пәтер  ба­ғасының өзі 73,7 миллион тең­геге дейін ба­рады. Астанадағы Есіл өзенінің жаға­лауында орын тепкен Akbulak Riviera-да 279,92 шаршы метр бола­тын 6 бөлмелі пәтерді құрылыс холдингі 266 миллион теңгеге ба­ғалауда. Қазақстандағы ең қымбат пә­терлер рейтингінде бірінші тұ­ғыр­лар сол бұрынғыдай еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматыға тиесілі. Тал­дау көрсеткендей, салтанатты сарайлардың көбі мегаполистің Медеу ауданында орналасқан.

«Баға өскен жоқ, теңге құнсыздануда»

Елордалық риэлтор, жыл­­жымайтын мүлік агенттігінің ме­неджері Руслан Сейілтаев бұл сомаға таңғалудың өзін әбестік санайды. «Бұған елде ұдайы жүретін де­­вальвация кінәлі. Мысалы, 1997 жылы Мәскеуде көпқабатты, ескі үйдегі екі бөлмелі пәтердің 357 мил­лион рубльге сатылып жатқа­­­нын білдім. Бірақ оған ешкім қай­ран қалмайтын. Себебі сол кезде талай жыл жүрген жойқын деваль­вация кесірінен 1 доллар бағамы 5 мың 960 рубльге жеткен болатын. Ал әлгі баспана 60 мың долларға саудаға қойылған. Біздегі жағдай сон­ша­лықты масқара болма­ға­нымен, мәз емес», – дейді ол. Сарапшы еліміздегі ең қымбат (491 млн теңге) пәтердің 1 шаршы метрінің құны 1,9 миллион теңге болатынын қаперге салды. «Бұл шамамен 4,5 мың дол­­­лар­дан астам. Бірақ еске түсірсек, 2010-жыл­дары елордада Триумф, Триумфальный, Хайвилл секілді «элит» санатындағы үйлердің бә­рінде шаршы метр құны 4,5 мың­нан басталатын. Қазақ­стандық­тардың сатып алу қабілеті тө­мендеген сайын құрылыс ком­­­пания­­лары да тәбетін басып, бағаны күрт құл­дыратты. Бүгінде оңтүс­тіккореялық компания салған Хай­виллде шар­шы метрі үшін 1-1,2 мың дол­ларға пәтер табуға болады», – деді Руслан Сейілтаев. Шетелге саяхаттап шыққан қа­зақстандықтар елордадағы элиталы пәтердің бағасы Түркия, Мысыр, тіпті Испания секілді елдердегі теңіз жағасындағы екі деңгейлі (қосқабатты) виллалардан қымбат екенін байқап жүр. Нұр-Сұлтан­дағы үйін сатып, сол елдерге тұ­рақты тұруға көшіп кеткен қазақ­стан­дық­тар жетерлік. Мұның сыры неде? Отандастарымызға осындай қызмет көрсетіп жүрген Atabek Еstate компаниясының тең қожайы­ны Александра Кабак­чының түсін­діруінше, бар мәселе тұрғын үй құрылысы ерекшеліктерінде және климатта. «Түркияда арзанқол үйлер жеңіл, қымбат емес материалдардан тез тұрғызылады. Сіздердегідей құ­рылыс компаниялары ауыр тех­никаларды көп тартпайды. Оларда Қазақстандағыдай қыста жылыту жүйелері қарастырылмаған. Қа­быр­­ғалары өте жұқа. Көршіңіз таңға дейін думандатса, соның ортасында отырғандай сезінесіз. Бұған да дайын болу керек. Қа­зақтар көп қызығатын Аланияда, Стамбұлда жақсы үйлер бар, бірақ олар өте қымбат тұрады. Арзанқол баспанаға қызыққанша, дұрысына, құнды­сына қол жеткізген жөн», – дейді ол. Әйткенмен, Қазақстанда да аза­маттар тұрғын үй сапасы құл­дырап бара жатқанына жиі ша­ғымданады. Импорттық құ­рылыс мате­риал­да­ры­на тым тәуел­ді құ­рылыс ком­­паниялары дол­ларға шаққан­дағы бағаның құл­дырауын сапаны тө­мендету арқылы өтейтін болса ке­рек.

Елдос СЕНБАЙ