Супермаркеттер «соғысы»
Супермаркеттер «соғысы»

Біздің елде супер­мар­кеттер арасында біртүрлі «соғыс» жүріп жатыр. Аты­сып-шабысатын емес, баға саясаты арқылы нарықтан ысыратын ымырасыз соғыс. Бұл – сауда саласындағы соғыстың классикалық тә­сілі. Бұл соғыстың солдаты – маркетолог, жеңімпазы – тұтынушы. Әзірге жеңіс туы Magnum дүкендер желісіне өткендей. Жеңіс туын тұ­рақ­ты желбірету тынымсыз еңбек пен бәсекелестерден басым тұруды талап етеді. Өйтпеген  жағдайда  Ramstore желісінің кебін киеді.

Бизнес заңы: біреулер келеді, біреулер кетеді...

Иә, еліміздегі Ramstore дүкендер желісі жабылып жатыр, бұл ақпарат тұтынушыларды елең еткізбей қоймады. Себебі «қабағынан қар жауған» дүкеншінің алдында именіп сауда жасап келген тұтынушыларды өркениетке бір табан жақындатқан осы Ramstore желісі еді. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарында батыс үлгісіндегі инфрақұрылымы бар алғашқы сауда орталығы ретінде ашылған Ramstore супермаркеттер желісі тұтынушы талғамын өсіруге ықпал етті. Алайда соңғы жылдары тұтынушымен арасы алшақтап кетті, кесірінен сатылым азайды. Ramstore желісінің иесі – түріктің Migros ticaret A.Ş. компаниясы супермаркеттердегі сатылымды са­раптап, желіні жабу туралы шешім қабылдады. Өйткені осы жылдың алғашқы жартысында біздің елдегі сатылымы Migros Ticaret A.Ş. ком­панияның жалпы сатылы­мы­ның 0,8%-ын ғана құраған. Сарапшылар Ramstore желісінің жабылуынан саяси астар іздеудің қажеті жоқ екенін айтады. Қазақстан франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Кисиковтің пікірінше, Ramstore супермар­кеттерінің жабылуына азық-түлік бөлшек сауда нарығындағы бә­секенің күшеюі себеп, бары сол. – Көп жыл бойы алдыңғы шепте болған бұл желіге бәсекелес фор­маттар пайда болды. Сәтті бәсеке дегеніміз не? Бұл – өзгеру және өзгерген жағдайға бейімделу қабі­леті. Ал Ramstore өзгеруге ұм­тылмады, – дейді ол. Консалтинг компанияның бас директоры Лев Тетин Ramstore желісінің жабылатыны 5 жыл бұрын белгілі болған деп отыр. Ramstore супермаркеттер желісін басқарушы компания сол кезден бері сатып алушы іздей бастаған, бірқатар келіссөз болғанымен, бірде-бір сатып алушымен келісім жасал­мапты. Себебі желі бағасын тым қымбатқа бағалаған. Салдарынан уақыттан ұтылған топ-менеджерлер жауапкершілігі төмендеді. Оның үстіне, жаңа супермаркеттер ашу тоқтап, айналымдағы қаражат азайған. Маркетологтердің пайы­мынша, бұл желінің жабылуы қа­зақстандық нарыққа еш әсер етпейді. Себебі оның орнын басқа ри­тейлер басады, желінің тұрақты клиенттері жаңа өнім мен жақсы ассортименті бар оператордың тұтынушысына айналады. Енді өзге супермаркеттер Ramstore тұты­нушылары үшін күреседі. Бұл ретте жылына 20-30 супермаркет пен гипермаркет ашып жатқан Magnum-ның бәсі артық тұр. Жылына бұл желі арқылы 3 миллионнан астам адам сауда жасайды екен. Еліміздің 9 өңірінде 85 филиалын ашып үлгерген компания негізі қаланған 13 жылдың ішінде бюджетке 38 млрд теңге салық төлепті. Жыл сайын төлеген салығы көбейіп келеді. Мысалы, биылдың өзінде бюджетке 9 млрд теңге құйған. Маркетолог Нұржан Әбдіра­зақтың айтуынша, Қазақстанда супермаркеттер нарығы қа­лып­тасты. – Бірақ атап өтер нәрсе бар, бұл нарықта әр өңірдің өз лидері мен монополистері бар. Алматыда Magnum, Ақтөбе мен Орал қалаларында «Дина» мен «Анвар» супермар­кеттері. Бірақ бұл брендтер тұты­нушы талабын зерделеп отыр­маса, ғұмыры ұзаққа бармайды. Себебі кез келген бизнестің даму кезеңі болады. Ramstore баға саясаты мен маркетингті босаң­сытып, бәсекеге төтеп бере алмады. Magnum секілді супермаркеттер алдын орап кетті», – дейді.

Ramstore-дың орнын қай ритейлер басады?

Ramstore шетелдік бренд бо­латын. Түрік компаниясы­ның бастамасымен жұмыс істеді. Са­тылым азайып еді, жаба салды. Ал шет мемлекеттердегі белгілі сауда желілері жарты ғасыр бұрын құрылған. Мысал ретінде фран­цуздың Auchan Holding корпо­рациясының Auchan азық-түлік гипермаркет желісін айтуға бо­лады. Auchan Holding әлемнің 17 мемле­кетінде 4 мыңға жуық дүкен ашқан. Бұл желіде 350 мыңнан астам адам еңбек етеді. Соның 2,5 мыңнан астамы холдинг ак­ционерлері са­налады. 2017 жылы жылдық ай­налымы 52 млрд еуро­ны құраған желі Қазақстанға келген емес. Көрші Ресейде ал­ғашқы гипер­маркетін 2002 жылы  ашып, бүгінде оның санын 109 гипермаркет, 191 супермаркетке жеткізген. Ресейдің 41 мыңнан астам азаматын жұ­мыспен қамтып отыр. Ал Қаз­ақ­стандағы Ramstore желісі жа­былған соң жүздеген адамның жұмыссыз қалғаны анық. Кезінде сол желі қазақ­стан­дық­тарды жұ­мыспен қамту үшін ашылды емес пе? Оның үстіне, ол еліміздегі ал­ғашқы супермаркет желісі бол­ғандықтан, ашылуына сол кездегі Президент, бүгінгі Елбасы қатысқан еді... Айтқандай, 2007 жылы әлгі француздың Auchan холдингі тү­ріктің Enka компаниясымен келісім жасап, бір гипермаркеті мен 13 дүкенді ұзақмерзімді жалға алады. Мәміледен кейін ребрендинг жа­сап, Enka компаниясының Ramstore дүкендерін Auchan Citi етіп өзгертіп жібереді. Біз мұны неге айтып отырмыз? Қазақстандағы Ramstore супермаркеттерінің орнына сал­мақты ритейлердің келетіні ай­тылып жатыр. Алайда атауы құпия күйінде тұр. Сол ритейлер Auchan болуы мүмкін бе? Жауабы әзірге белгісіз. Ресейлік «Пя­терочка» желісі келеді деген ақпарат тарап еді, ол да бос сөз болып шық­ты. Қазақстан нарығына қай ри­тейлер келсе де ұтылмайды, себебі каран­тин кезінде табысының көп бөлігін азық-түлікке жұм­сай­тын­дардың көшін біз бастадық. Жалпы, біздің елде супер­мар­кеттер нарығына қатысты ақпарат аз. Супермаркеттердің ресми сайты сатылымдағы тауар мен өткізілетін акциялар мен жеңілдіктердің жарнамасына ғана толып тұр. Ал шет мемлекеттердегі ірі супер­маркеттер желісінің иелері мен табысы туралы мәліметті ашық де­реккөзден жылдам табасыз. Біздің мысалымыздағы Auchan сауда желісінің қожайыны кім, табысы қанша, қанша салық төлейді, бәрі-бәрі белгілі. Ал Қазақстандағы супермаркеттердің қожайыны туралы мардымды ақпарат жоқ. Мысалы, Magnum-ның иесі туралы ақпарат әртүрлі. Ашық деректерді ақтара келе, Magnum Cash & Carry-дің негізін қалаған Александр Гарбер екенін білдік, бірақ бүгінде оның қолында бұл желінің бірде-бір акциясы қалмаған. Forbes Kazakh­stan-ның Қазақстанның 50 бай бизнесмені рейтингінен орын тиген ол Prima Distribution, Prima бал­мұздақ, Prima Outlet Group, Prima Brand-тің және Magnum желісінің жет­кізушілері саналатын TG Trade, Tea House иесі. Гарбер негізін қалаған брендтің бүгінгі иесі басқа – Caspian Trading Investment Co. Ltd еншілес компаниясы. Айт­қандай, Magnum желісіне KaspiBank құрылтайшысы Вячеслав Кимнің де қатысы бар. Ол өзінің банктегі акцияларының бір бөлігін сатып, одан түскен қаражатты Magnum Cash & Carry акцияларын сатып алуға жұмсаған. Сөйтіп, Magnum-ның 35% акциясының иесі атанды. Түптеп келгенде, қарапайым тұтынушы үшін Magnum-ның да, басқаның да иесі кім екені маңызды емес. Маңыздысы – сапалы әрі арзан өнімге қол жеткізу. Өкінішке қарай, соңғы кезде супермаркеттер сөресінен мерзімі өткен, құрттаған өнімнің шыққаны туралы жазылып жүр. Сондықтан супермаркеттің қожайыны кім болса да, сапалы өнім ұсынуға тырысқаны жөн. Әйтпесе, нарықтағы орнын басқаға босатуына тура келеді... Сөйтіп, супер­маркеттер «соғысында» жеңі­ліске ұшырайды.

халимаХалима БҰҚАРҚЫЗЫ