Күнгейден теріскейге: көш көлікті ме?
Күнгейден теріскейге: көш көлікті ме?
201
оқылды

Жақында сенатор Айгүл Қапбарова мемлекет қолға алған ша­ра­ға қара­мастан, өңірлердегі көші-қон мәселесі толық ше­шіл­мегенін айтып, де­путаттық сауал жол­дады. Халық қалаулысы сол­­түстік аймақтарға оңтүстік тұрғындарын көшіру жұ­мысы ақсап тұрғанына, қоныс ау­дарғандарға қолайлы жағдай жасалмағанына қынжылды. Рас, қынжылатын жөні бар. Теріскейге қазақтарды қап­та­тып жіберсек, Никонов, Федоров, Жири­новский сияқты орыс шовинистерінің аузына құм құйылар еді ғой...

Қазақстанда 2013 жылы «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы қабылданға­ны мәлім. Бағдарлама шеңберінде тұрғылықты халқы сиреген, жұ­мыс күші тапшы cолтүстік өңір­лерге халқы тығыз ор­наласқан оң­түстік аймақтардан аза­маттарды көшіру жұмыстары бас­талған. Үкіметтің мұндай ауқымды ша­руаны қолға алуына оңтүстік және солтүстік облыстар арасындағы демо­графиялық теңсіздік әсер еткен. Себебі еліміздің солтүстік, орталық, шығыс аймақтарында жан саны қатты кеміген болса, керісінше, оңтүстік пен батыста 3,5 млн адамға артқан. Ал бір ғана ШҚО-да 393 мың адамға бір-ақ тө­мендеген. 2018-2019 жылдары СҚО-дан 10 мыңға тарта адам көшіп кетіпті. Осы облыста 20 жылда 300-ге жуық мектеп жабылып, бастауыш және орта мектепте оқитындар 8 мыңға азайған. Мектеп ғимараттары аукционға қойы­лып, сатылып жатыр. Фельд­шерлік-акушерлік пункттердің есігіне қара құлып салынған. Кітапханалар мен мәдениет ошақтарын айтудың өзі орынсыз. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі соңғы 10 жылдағы ішкі миграцияға талдау жасап, Түркістан, Жамбыл, Маңғыстау және Алматы облыстары тұр­ғын­дарының бір бөлігін ШҚО, СҚО, Павлодар және Қостанай облыстарына көшіру қажет екенін анықтаған. Егер өңірлер ара­сындағы бұл мәселе дұрыс ше­шілмесе, 2050 жылға қарай солтүстіктегі ха­лықтың саны миллион адамға қыс­қарып, оңтүстік өңірде халық саны 5,2 млн адамға артады екен. Мемлекет осы олқылықтың орнын толтырып, де­мография мәселесін реттеуді көздейді. Бағдарлама іске қосылғалы 20 мыңнан астам адам солтүстікке қоныс ау­дарыпты. Олар тұрғын үймен, жұмыспен қамтылады. Кәсіп аша­мын дегендерге егін және мал шаруашылығымен ай­налысуға жер телімдерін, босап қалған ғимараттарды беру жағы да қарас­тырылған. Қоныс аударған отбасының әрбір мүшесіне 88,3 мың теңге (35 айлық есептік көрсеткіш) көлемінде ақша төленеді, коммуналдық шы­ғындар мен жалға алынған баспананың ақысын өтеуге бір жыл ақшалай көмек көр­сетіледі. Балалары балабақшаға, мектепке кезексіз қабыл­данады. Биз­нес-жоспар ұсынғандар 6 пайыздық төмен мөлшерлемемен несие, «Бизнес бастау» бойынша тегін курс­тардан өтуге жолдама алады. Алайда оңтүстікке кері қайтқандар де кездеседі. Мә­селен, 2016 жылдан бері СҚО-ға еңбек күші артық өңір­лерден 6,5 мың адам көшіп барса, оның 8 пайызы солтүстікті жерсінбей, қайтадан туған өлкесіне оралыпты. Кейбірі теріскейдің ауа райына үй­рене алмаса, кейбірінің бағдарлама бойынша көрсетілетін көмекке көңілі тол­маған. көш Осы орайда Айгүл Қапбарова қо­ныс аударғандарға арнап салынған баспананың сапасы сын көтермейтінін мәлімдеген. «Мемлекет беретін тұрғын үйлердің көпшілігі қазіргі заманғы өмір сүру стандарттарына, санитарлық нор­маларға сәйкес келмейді. Кейбір үйлер, қоныс аударушылардың айтуынша, апатты жағдайда тұр», – дейді сенатор. Иә, «сырты бүтін, іші түтін» үйлердің қабырғасы қазірдің өзінде қақырай бастапты. Жемқорлық дейтін жегі құрт осы бағдарламаның да өзегіне түскені өкінішті. Қазан айында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев cол­түстікке көшіп барғандарды ын­таландыру үшін жәрдемақы мөлшерін екі есе, яғни 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін өсіруді тапсырды. Дегенмен 70 АЕК-ті 204 190 теңге деп есептеп, оның орташа жалақы көлемінде ғана екенін ескерсек, әлеуметтік көмекті әлі де арттыру керегі айдан анық. Сондай-ақ Президент шетелден кел­ген қазақтар сол­түстікке қо­ныс­танса, бірден үй беріледі деп сүйін­шіледі. Не­­­гізі, қандастардың көбі Оңтүстік Қазақстан облысына (21,2 пайыз), Алматы облысына (16,3 пайыз), Маңғыстау об­­лысына (13 пайыз), Жамбыл облысына (9,4 пайыз) ірге тебеді екен. Ақмола об­лысын таңдайтындар да баршылық. Бірақ жері кең, адамы аз СҚО, Қос­танай об­лыстарынан ат-тонын ала қашуға бейіл. Таяқтың екінші ұшы солтүстік өңірдегі ұлттық үлес мә­селесіне ті­реледі. Үкімет бұл туралы үндемесе де, қар ас­тындағы қарғын судай астыртын саясат жүргізіп отырғаны күмәнсіз. Неге десек, қазіргі таңда СҚО-да орыс­тар 49 пайыз болса, қазақтар 34 пайыз, Қостанай об­лысында орыстар 41 пайыз болса, қазақтар 40 пайыз екен. ШҚО, Павлодар, Қарағанды, Ақмола об­лыстарында да славянтектес ха­лықтың қарасы мол – 25 пайыздан асады. «Бос жатқан жер жау шақырады» дейді қазақ. Ресейлік дума депу­тат­тарының әңгімесі осы мақалдың мә­­­ніне бойлауға мәж­бүрлейді. Әсіресе, Грузия мен Украинадағы жағдайлардан кейін етек-жеңімізді қымтай түсуге тиіспіз. Жалпы, 2013 жылдан бері күн­гейден теріскейге 20 мыңнан астам адам қо­ныс ауда­рыпты. Далиып жат­қан бес облысқа 20 мың түгіл 200 мың­ның өзі аздық ететіні ақиқат. Сон­дықтан көштің қар­қынын қатайту қажет. Ол облыстарда қазақтардың үлес салмағы өссе, бірқатар саладағы саяси ұстанымдарды қайта қарауға болар еді. Қалың қазақ қара ормандай иін тіресіп отырса, Петропавл мен Павлодардың атын өзгерту де қиынға соқпас еді. Ешкімнің «құқығын» таптамай, еш­кімнің қас-қабағына жалтақтамай, маңызды мәселелер өз-өзінен табиғи жолмен шешілер еді.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ