Желтоқсан айы Ішкі істер министрлігі үшін қайырымдылық айы болды деуге болады. Мерекеге толы кезеңде полиция қызметкерлері мұқтаж жандардың мерейін үстем ете түскен. Республика бойынша өткен бұл қайырымдылық акциясына барлық құрылымдық бөлімше қатысты. Бірі – көпбалалы отбасылар мен қарияларға азық-түлік себетін апарып қуантса, енді бірі – донор болып, қан тапсырды. Мерекелік ілтипаттан өмірден өткен әріптестерінің отбасыларын да тыс қалдырған жоқ.
Мұндай іс-шаралар полиция қызметінің де бір бөлшегіне айналған. Қызылорда облысының Жалағаш ауданы полиция бөлімі қызметкерлерінің өткізген кезекті қайырымдылық акциясы осыған дәлел. Іс-шара аясында полицейлер Жалағаш психологиялық-педогогикалық түзеу мекемесінде оңалту сабақтарына қатысатын балалардың отбасыларына азық-түлік пен шаруашылық заттарын табыс етті. Тәртібі қиын балалардың отбасы үшін мұндай көмектің маңызы зор екені анық. Сондай-ақ Шиелі ауданының полицейлері де қайырымдылық іс-шараларына бір кісідей атсалысты. Олар аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып, азық-түлік жеткізіп берсе, Байқоңыр қаласындағы полиция өкілдігінің қызметкерлері де мұқтаж отбасыға азық-түлік себетін апарып берді. Ал мақтааралдық полицейлер өмірден өткен әріптесі Әділхан Айымбаевтың үйіне барып, қал-жағдайларын біліп, Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап қайтты. Марқұмның жұбайы Болсынай Айымбаеваға гүл шоқтарын және азық-түлік себеттерін табыстады. Полиция аға сержанты Әділхан Айымбаев ішкі істер органдары қатарында ширек ғасыр бойы абыроймен қызмет атқарып, 2018 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан болатын. Ғұмыры қысқа болған оның артында үш ұл, бір қызы қалды. Ал Шымкент қаласы Еңбекші ауданы ПБ жеке құрамы №4 балалар үйі тәрбиеленушілеріне қайырымдылық көмек жасады. Қазір әлемді әбігерге салған қауіпті індет таралуының алдын алу мақсатында мекемеге бөгде азаматтардың кіруіне шектеу қойылған. Сондықтан сауапты іске ниет еткен тәртіп сақшылары балаларға карантиндік шектеулерге байланысты аса қажетті санитарлық заттарды және кеңсе тауарларын жеткізіп берді. Нақтырақ айтқанда, 1 дана түрлі түсті принтер, 2 дана кварцтау аппараты, 500 бетперде, 2 дана термометр, 2 дана Wi-Fi құрылғысы мен 15 литр антисептик құралын сыйға тартты. №4 балалар үйінің тәрбиеленушілері Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Е.Жұмаханбетовтің бастамасымен қамқорлыққа алып, мұнда тұрақты түрде қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып келеді. 1957 жылы құрылған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатта 75 бала тәрбиеленіп жатыр. Республикалық іс-шара аясында қылмыстық атқару жүйесі қызметкерлері де «Жақсылық күнін» ұйымдастырды. СҚО бойынша ҚАЖД-ның жеке құрамынан тұратын 20 адам департамент бастығының орынбасары Александр Кочкин мен пробация қызметіне басшылық жасау бөлімшесінің бастығы Руслан Жүсіповтің басшылығымен өтеусіз донор болып қан тапсырды. Департамент қызметкерлері үшін қан мен оның компоненттерінің оңтайлы қорын құру және үздіксіз қамтамасыз ету миссиясына атсалысу – жылдар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрлі акция. Өйткені күн сайын әртүрлі апаттан, жарақаттан, күрделі операциядан зардап шеккендерге, сондай-ақ онкологиялық аурулары бар балаларға көп мөлшерде қан қажет. Өз кезегінде «Облыстық қан орталығының» мамандары СҚО бойынша ҚАЖД жеке құрамына дән риза. Маңғыстау облысының пробация қызметкерлері де қайырымдылық акциясына өз үлестерін қосуда. Олар әрдайым пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарға көмек қолын созып келеді. Коронавирусқа байланысты пандемия кезінде көптеген адам жұмысынан айырылып, қаржылық қиындыққа тап болғаны белгілі. Бұл қиындықтар пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарды да айналып өткен жоқ. Себебі олардың басым көпшілігі – өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар. Олар карантиндік шектеу шаралары енгізілген кезде табыс көздерінен айырылды. Мысалы, екі баласы бар пробация есебінде тұрған әйел жұмыссыз қалған. Уақыт өте келе ақшасы таусылып, пәтер жалдауға, азық-түлікке ақша таппай қиналған. Пробация бөлімінің қызметкерлері оған жалға алуға тұрғын үй іздесіп көмектесті. Пробация қызметкерлерінің қоғамдық қорлармен өзара іс-қимыл жасауы нәтижесінде сотталған азаматтарға азық-түлік пен киім-кешек таратылды. Полиция қызметкерлері алдағы уақытта да мұндай қайырымдылық шараларын жалғастырады.Нұрлан ҚОСАЙ