– Ақтоты Рахметоллақызы, жақында Мемлекет басшысы «Мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң мәдениет саласындағы өзекті мәселелерге нүкте қоя алды ма?
– Бұлай кесіп айтуға келмейді. Себебі бір ғана заңның шешімімен барлық түйткілдің түйінін түбегейлі тарқату әсте мүмкін емес. Сол себепті аталған заңмен мәдениет саласындағы өзекті мәселелерге нүкте қойылды деп айту қисынсыз. Десек те, бірқатар проблеманың шешімін табуға септігін тигізгені рас. Айталық, осы заңмен «Мәдениет туралы» заңға кітапхана және баспа ісі, мәдени-бұқаралық іс-шаралар, шығармашылық одақтарды қолдау және басқа да мәселелерге өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соның ішінде музыкалық шығармаларды орындаушылардың фонограммаларды пайдалануы жөнінде көрерменге хабарлау нормасы енгізіліп отыр. Осы орайда, қолдану практикасында бұл норманы бұзу фактілерінің саны артқан жағдайда әкімшілік жауапкершілік шараларын енгізу жөнінде мәселені уәкілетті орган – Әділет министрлігімен бірге қарастырады. «Мәдениет туралы» заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар бойынша қол жеткізген басты жетістігіміз әрі жеңісіміз мемлекеттік мәдени нысандар ешуақытта жекешелендіруге жатпайды. Мысалы, «Қазақфильм» ғимаратын жекешелендіруден сақтап қалдық. Сондай-ақ осы заңның 21-бабына сәйкес, бірқатар мәдениет ұйымына «Ұлттық» мәртебесі берілді. Олар: Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, М.ƏӘуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Қазақстанның Ұлттық кітапханасы бар. Күні кеше Алматы қаласында болып, аталған ұйымдардың ұжымымен кездесіп қайттым. Олар бұл жаңалықты зор қуанышпен қабылдады. – Жаңа заңға сәйкес, бұдан былай барлық жарнамалық өнімде және кассалар жанында міндетті түрде фонограмманы пайдалану бойынша хабарлама берілуі тиіс. Бұл шектеу әншілердің фонограммамен ән айтуына түбегейлі шектеу қоя ала ма? – Иә, іс жүзінде заңда ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар орындаушылардың фонограмманы қолданатыны туралы көрерменді алдын ала хабардар етуге міндетті. Фонограммаларды пайдалану тәртібі заңға сәйкес арнайы актімен айқындалады, құжатта фонограмманы пайдаланылатыны туралы көрерменді хабардар етудің тиісті ережелері бекітіледі. Актінің жобасы әзірленді, онда фонограмманы пайдалану туралы ақпарат барлық жарнамалық өнімде көзделеді деп көрсетіліп отыр. Осылайша, музыкалық туындыларды орындаушылардың ойын-сауық қызметтерін көрсету кезінде фонограммаларды пайдалануы туралы нұсқау афишаларда, сөз сөйлеу бағдарламаларында, жарнамалық проспектілерде және басқа да баспа ақпаратында қамтылады, сондай-ақ теле және радио жарнамаларында және жарнамалық роликтерде белгіленеді. Сонымен қатар тиісті ақпарат касса жанындағы аймақтарда да орналастырылуы керек. Көрерменнің құқығын қорғау мен талғампаз тыңдарманның шынайы өнерді бағалауына жол ашу деген осыдан басталады. Өйткені көрерменге фонограмма қолданылатын концертке ақы төлеу немесе одан бас тартуға еркіндік беріледі, бұл билеттің бағасына да әсер етеді. Әлгінде айтқанымыздай, аталған норма алғаш рет енгізіліп отыр, сондықтан нәтижеге қарай шешім шығарамыз. Егер осы норма бойынша құқықбұзушылықтар көп тіркелсе, министрлік ӘҚБтК-де жауапкершілік нормасын енгізу бойынша жұмыстарды бастайды. Бұл ретте ӘҚБтК-не жекелеген дербес заң жобасымен түзетулер енгізілетінін ескеру қажет және бұл жағдайда министрлік мәселені уәкілетті орган – Әділет министрлігімен пысықтайды. Заң жобасын әзірлеу барысында, яғни норманы енгізбес бұрын біз мәдени-бұқаралық іс-шараларды өткізу кезінде фонограммаға тыйым салу мәселесін пысықтадық. Бұл үшін халықаралық тәжірибе де, кәсіби сарапшылардың, орындаушылар, продюсерлер, ұйымдастырушылардың, ивент компаниялар қауымдастығы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің пікірлері де ескерілді, нәтижесінде бүгінгі жағдайда фонограмманы пайдалану туралы көрерменді міндетті түрде хабардар ету мәселесі ең қолайлы шешім болды. Бұл да өте тиімді құрал екеніне сенімдіміз, сөзсіз оң нәтиже береді және плюстық фонограмманы қолданатын орындаушылар санының азаюына ықпал етеді. Себебі әртістер тыңдарман тарту үшін жанды дауыста орындауға жанын салары хақ. Сонымен қатар мәселені пысықтау кезінде өңірлердің техникалық мүмкіндіктері ескерілді, біздің нарық бүгінде фонограммадан толық бас тартуға дайын емес. Осыған байланысты шектеу шараларын кезең-кезеңімен енгізу көзделіп отыр. – Пандемия мәдениетке де кесірін тигізбей қойған жоқ. Жоспарда бекітілген фильмдер биыл жарыққа шыға алмады. Бұл кино саласына шығын әкелмеді ме? – Коронавирус пандемиясы күнделікті өмір салтымызды сап тыйып, оқшаулануға мәжбүрлегені рас. Соның ішінде спорт пен мәдениет саласына да кесірін тигізді. Дегенмен осындай сындарлы кезеңде де мәдениет пен спорт саңлақтары, қайраткерлері халықтың еңсесін көтеруге тікелей атсалысып, жаңа форматта жұмыс істеуге жол ашты. Яғни, пандемия кезінде мәдениет саласында жұмыс бір сәтке де тоқтаған жоқ. Білім беру ұйымдарында сабақ, дәрістер онлайн форматта өтті. Оркестр, театрлар да өз өнерін көрерменге онлайн форматта ұсынды. Өзге мемлекеттерде театрлары жабылып, оркестрлер тарап жатқанда елімізде жаңа өнер ошақтары құрылғанын өздеріңіз естідіңіздер. Ал сіз айтқан кинематография саласы расында шығынға ұшырап, коронавирус індеті киноиндустрияны тұралатып тастағаны рас, себебі барлық фильмнің түсіру жұмыстары тоқтатылды. Кинотеатрлардың жабылуы, премьералардың белгісіз уақытқа шегерілуі бәрімізге оңайға соқпады, тіпті жылдар бойы жасалған прокаттау схемалары бір мезетте бұзылды. Кино түсіруге кеткен ақшаның басым бөлігі кинотеатр арқылы ғана кері қайтарылады. Ал оқшауланған кезде бұл процесс тұрғындар денсаулығына қауіп төндіретінін ескеруіміз керек. Алайда бұл тұста да бірқатар жұмыс атқарылды. Министрлік «Қазақфильм» қорындағы фильмдерді республикалық телеарналар мен әлеуметтік желілер арқылы көрсетіп жатыр. Киногерлер түсірілім алаңында жұмыс істей алмағанымен, шығармашылық жұмыс жалғасып жатты. Бірі – фильм сценарийін, бірі жұмыс кестесін реттеумен айналысты. Қазір жалпы 49 киножоба өндірісте екенін және өндіріс барысында қатаң санитарлық талаптардың сақталып жатқанын атап өткім келеді. 2020 жылы режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Шыңырау», жапон киногерлерімен бірлесіп түсірген (режиссерлері Ерлан Нұрмұхамбетов пен жапондық режиссер Лиза Такеба) «Барымташылар. Уақыт жолдары» атты көркем фильмдерді прокатқа шығару жоспарланған болатын. Өздеріңіз білетіндей, елімізде карантин жарияланған күннен бастап бірінші болып жабылған кинотеатрлар енді ғана қайта іске қосылып, белгіленген талаптар бойынша көрермендерді қабылдап жатыр. Алайда қазір кинотеатрлардың болашақтағы қызметі туралы бір нәрсе айту қиын болып тұр. Соған қарамастан жоғарыда айтылған фильмдер келесі жылы үлкен экранға шығады деп үміттенеміз. – Әртістер қауымы көбіне өздерін-өздері көтеріп жүр. Ал сол мәдениет пен спорт саласының қызметкерлерін мемлекеттік деңгейде қолдау мәселесі қалай жүзеге асуда? – Мәдениет және спорт қызметкерлерін қолдау –жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі. Қолдау бойынша істеліп жатқан жұмыстар да аз емес. Мысалы, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде орта есеппен 50%-ға дейін, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды. 2020 жылдың басынан бастап кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлемақы берілетін болды. Республиканың құрметті атақтары мен мемлекеттік наградаларына ие болған шығармашылық және мәдениет қызметкерлерін, сондай-ақ Қазақстанның мәдениетін құруға, сақтауға, дамытуға зор үлес қосқан дарынды жас шығармашыл жандарды мемлекеттік тұрғыда қолдау үшін жыл сайын 75 адамға Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Жыл сайын ғылым, мәдениет және өнер саласындағы дарынды жастар Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры сыйлығының лауреаты атанып келеді.Кинотеатрлардың жабылуы, премьералардың белгісіз уақытқа шегерілуі бәрімізге оңайға соқпады, тіпті жылдар бойы жасалған прокаттау схемалары бір мезетте бұзылды. Кино түсіруге кеткен ақшаның басым бөлігі кинотеатр арқылы ғана кері қайтарылады. Ал оқшауланған кезде бұл процесс тұрғындар денсаулығына қауіп төндіретінін ескеруіміз керек.
Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларының лауазымдық жалақыларының 1,75 коэффициенті сақталған. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп және колледж педагогтерінің жалақысы жыл сайын 2023 жылға дейін 25%-ға ұлғайып отырады (2020 жылы – 25%, 2021 жылы – 50%, 2022 жылы – 75%, 2023 жылы – 100%). Спорт саласындағы жаттықтырушы-оқытушылар, мұғалімдер, 4 мектеп-интернат, колледж бен спорт колледжі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтеріне сабақтан тыс спорт жаттығуларын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде қосымша ақы беріледі. Бұдан бөлек, спортшылардың допингке қарсы зертханасының, Ұлттық допингке қарсы орталықтың қызметкерлеріне, денешынықтыру және спорт жөніндегі республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының, Спортты дамыту дирекциясының қызметкерлері мен жаттықтырушыларына лауазымдық жалақының 100% мөлшерінде жаңа қосымша ақы белгіленді. Осылайша, олардың жалақысы 2 есеге артты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі дамытуды, жұмыстың ерекшеліктері бар мамандар үшін төлем мәселесін пысықтауды жоспарлап отырмыз. Бұл мамандықтың беделін арттырып қана қоймай, салаға білікті кадрлардың келуіне ықпал етеді. Осы орайда, барлық облыс басшыларымен арнайы меморандумға қол қойғанымызды да айта кеткім келеді. Өңір басшылары осы меморандум негізінде және заңға сәйкес жас педагогтер мен дәрігерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдауды мәдениет, өнер және спорт саласындағы мамандарға да көрсететін болады. Әр әкімдікпен келіссөздер жүргізіп, мәдениет, өнер, спорт саласы өкілдерінің тұрғын үймен қамтамасыз етуі, балаларының балабақшаға алынуынан бастап барлық әлеуметтік мәселелерін шешуге көмек қолын созуы керек деген шешімге келдік. – Мәдениет пен спорт – мемлекеттің сыртқы имиджін қалыптастыратын күш. Осы екі салада жаңа жарық жұлдыздар шығару бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Дұрыс айтасыз, ел мәдениеті мен спортының жетістіктері Қазақстанның халықаралық аренадағы абыройын асқақтататыны айқын. Еліміздің мәдениетінде де, спортында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. Қазақ өнері қазақстандық ауқымнан шығып, ғаламдық масштабтарға бағыт түзеп отыр. Мәселен, таяуда Павлодар облысы Ақсу қаласының тұрғыны Иманбек Зейкеновтың америкалық орындаушы Saint JHN-тің Roses әніне ремиксі Billboard музыкаға арналған журналының жыл қорытындысы бойынша бірінші орынға көтеріліп, жылдың үздік би әні деп танылды. Ал «Балалар еуровидениесі» байқауында жеңімпаз атанып, екінші орын алған жас әнші Қарақат Башанованың талантына бүкіл әлем қол соқты. Өздеріңізге белгілі, жақында талантты боксшымыз Данияр Елеусінов Американың беделді промоутерлік ұйымының белдігіне ие болды. Негізі, мұхит асып, қазақ спортын әлемге танытып жүрген спортшыларымыз баршылық. Жәнібек Әлімханұлы – өзінің бағын кәсіби бокстан іздеп жүрген талантты жастарымыздың бірі. Күні кеше ғана IBF және IBO титулдарын қорғап, жойқын жеңісімен жанкүйерлерін қуантқан Геннадий Головкин бар. Бүгінде қазақ боксшылары әуесқой, кәсіпқой бокста болсын, бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеп, өзін әлемдік деңгейде мойындатты. Сонымен қатар олимпиадалық спорт түрлерінде таланттар өсіп келеді. Қазақстандық каратэші Дархан Асадилов Токио Олимпиадасына тарихи лицензияны иеленді. Себебі бұған дейін каратэ олимпиада ойындарының бағдарламасына енбеген еді. Бұған қоса, Дархан өз салмағында әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Ал гимнаст Нариман Құрбанов жуырда ғана Венгрияда өткен Әлем кубогінің жеңімпазы атанды. Милад Карими деген жас гимнасттан да көп үміт күтеміз. Жалпы, ел спортының мықты резерві қалыптасып келеді. Спорт түрлері бойынша ұлттық құраманың әлеуеті жоғары. Дарынды балаларды әр өңірден тауып, оларды мәдениет және спорт саласында арнайы мамандандырылған орта және жоғары оқу орындарында оқытып, сонымен қатар түрлі халықаралық спорт жарысы мен өнер байқауына қатыстырып, шеберлігін шыңдасақ, болашақта солардан еліміздің халықаралық аренадағы абыройын асқақтататын жарық жұлдыздар шығады деген сенімдемін. – Халықтың саулығы – басты мәселе. Спорт – халықаралық жарыстарда елдің әлеуетін әйгілейтін сала. Пандемия жағдайында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған қандай тың бастамаларыңыз бар? – Спорт – денсаулық кепілі, саламатты өмір салты дегеніміз – дені сау азамат, дені сау ұрпақ. Ұлт саулығын, ұлт сапасын ойласақ, бұқаралық спортты назардан тыс қалдыра алмаймыз. Министрлік тарапынан бастама жетерлік. Оларды денешынықтыру және спорт мәселесіне қатысты заң жобасына енгізіп, Парламентке тапсырдық. Бұл заңда көп мәселе шешімін тапқалы отыр. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортқа қолжетімділігі артатын болады. Олар тұратын тұрғын үй кешенінен бастап спорт сарайлары мен жаттығу залдарында жүріп тұруға жағдай жасалады. Ауыл аймақтарда денешынықтырумен айналысу деңгейін арттыру міндетін қойып отырмыз. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді. Спорт үйірмелері мен секцияларын, балалар мен жасөспірімдердің денешынықтыру клубтарын ұйымдастыруға енді әкімдіктер де жұмылдырылады. Бала денсаулығының мықты болуы, дұрыс жетілуі мектепке дейінгі кезеңде қалыптасады. Бұл орайда біз ұлттық ойындарға үлкен көңіл бөліп отырмыз. Ұлттық спорт түрлерін денешынықтыру бағдарламасына енгізуді заң жүзінде бекіттік. Министрлік барлық облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада, ірі аудан орталықтарында балалар үйірмелерінің қызметін қайта жаңғыртуға бағытталатын ақшалай қаражатты қайта бағдарлау шараларын іске асыруда. Халықты бұқаралық спортпен айналысуға тартудың маңызды компоненттерінің бірі – саламатты өмір салтын насихаттау. Министрлік қабылдаған кешенді жоспарға сәйкес, телевизиялық сюжеттер, фильмдер, бейнероликтер, акциялар, мастер-кластар, флешмобтар, ашық есік күндері, әртүрлі конкурстарды іске асыру қарастырылған. Жалпы, барлық жас санаттары арасында денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатын халықты қамтуды 2025 жылға қарай 45 пайызға немесе 7,5 млн адамға жеткізуді көздеп отырмыз. – Қазақ өнері қай деңгейде? Қамшы басатын тұсымыз, қолға алар ісіміз қайсы? – Қазақ өнері өзіне лайықты биігінде тұр. Мен мұны өнердің кез келген саласындағы саңлақтар, әлемдік ареналарда алдыңғы орындардан ойып тұрып орын алған азаматтарымыз, талайдың таңдайын қақтырған таланттарымыз арқылы дәлелдей аламын. Өнер неге өз биігінде? Әлбетте, өнердің деңгейі тек жарыстардағы жетістіктермен өлшенбейді. Оған «Ел іші – өнер кеніші» дейтін халқымыздың өнерге бір табан жақын және өнерліні көкке көтеретін кісілік қасиеті де негіз болады. Дегенмен қай нәрсенің де жүйесі болмаса, бекер. Мәселен, өнер адамдарының кәсіби тұрғыда маман болып қалыптасу жолдары (өнер мектептері, колледждер, университеттер, ЖОО-дан кейінгі біліммен) жүйеленген, талаптының шеберлігін шыңдайтын, кейін сол адамнан маман даярлайтын оқу орындары да жетерлік. Ал ел экономикасы мен сыртқы иммиджінің төте туннелі саналатын туризм саласында білікті кадрлар тапшы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Орталық Азияның ежелгі қалаларының бірінде – Түркістан қаласында Халықаралық туризм және спорт университетін ашуды қолға алдық. Университет Орталық Азиядағы осы саладағы алдыңғы қатардағы жоғары оқу орны болмақ. Аталған жаңа ЖОО туризм саласының ғана емес, спорт және қолөнер және қалпына келтіру бағыттары бойынша жоғары бәсекеге қабілетті мамандар даярлайтын болады. Қазір бұқаралық спортты дамытамыз деп жанталасып жатырмыз ғой, ал оны да алға сүйрейтін – кәсіби кадрлар, яғни спорт жаттықтырушылары. Дәл осы маман да қазір қат болып тұр. Сондықтан алда ашылатын университетке артар үміт орасан. Бірақ жоғары оқу орнында жаттықтырушы болуды таңдайтын талапкерлер көп болуы үшін жас ұрпақты спортқа баулу керек. Бұл үшін біз үйірмелер жұмысын жандандыруды қолға алып жатырмыз. Сондықтан алдағы уақытта спорт саңлақтарының саны артып, мықты бапкерлер қатары толығады деген сенімдемін. Мәдениет және спорт саласындағы жетістіктерді үнемі бақылап, назардан тыс қалдырмайтын тілші қауымға да алғысым шексіз. – Әңгімеңізге рақмет!Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС