Нәсібін қара жерден тауып жүрген шаруаларға қажеттісі – ағын судың келуі. Алайда бүгінге дейін Жамбыл облысы қырғыз суына тәуелді болып келгені жасырын емес. Сол себепті де жергілікті билік осы мәселеге айрықша мән беріп, қоймалар мен каналдардың құрылысын бастаған-ды. Алайда мұндай шаралар қырғыз суына тәуелділіктен арылта ала ма?
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы директоры Қазыбек Бедебаевтың айтуынша, бүгінде мекеменің теңгерімінде 7 су қоймасы, 11 су торабы, 2 бөгет және жалпы ұзындығы 3 342 шақырымды құрайтын 491 канал бар екен. – Биыл Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы 5 ауданда 310 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Ал «Суармалы жер тиімділігін арттыру мақсатында «Ирригациялық-дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2 кезеңі бойынша Жамбыл және Қордай аудандарында қолға алынған құрылыс жұмыстары 2021 жылы толығымен аяқталады. Жоспарлы жұмыс діттеген межесіне жеткенде 10 мың гектар жер айналымға қосылады. Дәл сондай Шу ауданындағы каналдардың құрылысы да келер жылы бітеді деп күтілуде, – дейді директор. Шу мен Мойынқұм аудандарын ағын сумен қамтамасыз ететін Тасөткел су қоймасы қазір 57 пайызға толған. Келер жылдың суы көпжылдық орташа көрсеткішке сәйкес болса су тапшылығы болмайды. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы сыйымдылығынан 17 пайызға ғана толып отыр. Қордай ауданындағы Қарақоңыз су қоймасы да 25 пайызға толған. Қақпатас су қоймасы болса, 10 пайыздық межені ғана көрсетіп тұр. Ақкөл көлі 21 пайызға жетсе, Ынталы, Бүркітті және Жартас су қоймаларында су тапшылығы болмайды деп жоспарланып отыр. «Әрине, аталған су қоймаларына жиналатын су көлемі жауын-шашын мен таудан келетін қар суына да байланысты. Алайда келер жылы құрылысы аяқталатын каналдар ағын судың мол қорын жинауға көмектеседі дегенге сенім мол», – дейді филиал директоры. Облыс әкімдігі Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбековтің сөзіне сүйенсек, коммуналдық меншіктегі су қоймаларының жағдайы алаңдатарлық күйде екен. – Коммуналдық меншіктегі 106 су қоймасы арқылы суғарылатын жер көлемі 8 100 гектарды құрайды. Бүгінде су қоймаларында 5,35 миллион текше метр су жиналған. Жалпы, қоймалардың жобалық сыйымдылығы – 132,3 миллион текше метр. Көктемге дейін 96,4 миллион текше метр су жиналады деп күтілуде. Алайда 9 су қоймасына су жиналмау қаупі бар. Мәселен, Жамбыл ауданындағы Сұлукөл су қоймасы қазір құрғап жатыр. Биыл шілде-қыркүйек айларында құрылған жұмысшы топ су қоймалары маңындағы 2 110 гектарды пайдалануға болатынын анықтады. Бірақ аталған жерлер қойма деңгейінен жоғары тұрғандықтан, оған су үнемдеу технологиясын пайдалану керек. Міне, осы жұмысқа аудан әкімдері көңіл бөлмей, 106 су қоймасының тек Ақсу, Сарғау және Береке сияқты үшеуінде ғана су үнемдеу технологиясы орнатылып отыр. Жалпы, су қоймаларының бүгінгі жағдайына келер болсақ, 41-нің техникалық жағдайы жақсы, 40-ы орташа және 25-де төмен. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 130 миллион теңгеге 10 су қоймасы ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар 5 су қоймасын жөндеуге 50 миллион теңге бөлінді. Осы жерде айта кетерлігі, соңғы 2 жылда жөнделген 32 су қоймасына 220 миллион теңге қазына қаржысы жұмсалды. Яғни, 1 қойманы жөндеуге 6,9 миллион теңге жұмсалуда. Егер «Жамбыл су қоймасы» мекемесіне 1 экскаватор мен 15 тонналық жүк көлігін алып берсе, шығын 50-60 пайызға дейін азаяр еді. Оған дәлел Майтөбе су қоймасын жөндеу сметасы 6 миллион теңгені құраса, оған өз күшімізді салып цемент, жанармай және темір бұйымдарына бар-жоғы 500 мың теңге шығындадық. Осы жүйені қазір біз жоғары жаққа ұсынып отырмыз, – дейді басқарма басшысы. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жөнделген Жуалы ауданындағы бұрын су мүлде жиналмаған Қайрат, Береке, Жарбұлақ және Шетбұлақ су қоймаларына су жинау мүмкіндігі туса, 6 су қоймасында дамбыларды нығайту жұмыстары жүргізілген. Осының есебінен келер көктемде ағын су мол болады деп күтілуде. Мұны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та «Орталық коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте айтып, алдағы жылдары Жамбыл облысы қырғыз суына тәуелділіктен арылатынын хабардар еткен. Әсіресе, аймақ басшысы биыл күрделі жөндеу көрген Ақкөл су қоймасы мен келер жылы қосымша жаңартудан өтетін Тасөткел су қоймасына айрықша сенім білдірді. Сондай-ақ Бердібек Машбекұлы құрылысы келер жылға өтпелі нысандар да ағын судың мол қорын жинауға септігін тигізетініне үміт артты. Әрине, қоймаларды жаңартып, каналдарды тазалау ағын суды шаруаларға жеткізуде көп септігін тигізетіні анық. Алайда бұл қырғыз суына тәуелділіктен толықтай арылтады дей алмаймыз. Ал айыр қалпақты ағайын Жамбыл облысын көктем сайын ағын сумен қысатыны баршаға белгілі. Сондықтан бізге сыйымдылығы жоғары су қоймасы қажет екені айдан анық. Бұл жөнінде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Қордай мен Байзақ аудандарынан үлкен су қоймаларын салу туралы бастамасынан хабардар еткен. Енді тек осы жобалардың жүзеге асуын күтейік.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы