Балаға зәбір көрсету балабақшадан бастала ма?
Балаға зәбір көрсету балабақшадан бастала ма?
131
оқылды

Атырауда бір жыл бұрын болған оқиғаға қайта оралу қоғамда дау туғызды. Өткенге қайта оралуды адам қала­майды. Бірақ әділетсіздікке төзуге де болмайды. Ба­лабақшадағы баласына тәрбиеші тарапынан  болған  қол көтерудің «жылы» жабылуы  ата-ананың жанын жегідей жеген соң болған оқиғаға оралудан өзге амал қалмады...

Өткен жылы қараша айында  №20 «Алтын балық» бала­бақша­сында тәрбиешінің бүлдіршінге бірнеше рет қол көтергені ба­қылау камераларына жазылып қалған. Бір жылдан астам уақыт ата-анасы қалалық білім бөлімі, облыстық басқарма, полиция және про­куратураның әрекетін күтті. Нә­тиже болмаған соң  бала­ның ата-анасы әлеуметтік желі арқылы жұрт­шылық назарын аударуды ұйғарды. Жәбірленуші баланың әкесі Мем­лекет басшысына, Бас про­куратураға, Ішкі істер министріне, Білім министріне, Атырау облысы әкіміне, Қазақстан Респуб­лика­сындағы бала құқықтары жө­нін­дегі уәкілетті өкілі Аружан Сайын­ға көпшілік алдында жү­гінді. Баланың әкесі Рашид Төке­шев әлеуметтік желідегі жаз­басында ұлына зор­лық-зомбылық көрсету, жәбірлеу және түрлі дене жарақатын салу фактісі бала­бақшаның бейне­бақылау камера­сына түскенін,  25 бейнежазба бар екенін  баяндап отыр. Сондай-ақ ол баласының ПДБ (психи­калық даму бөгелісі) диагнозымен неврологте есепте тұрғанын, тәрбиеші өзін қалай ренжіткенін, оның тәніне соққы қан­дай дәрежеде болғанын тү­сіндіре алмайтынын жазған. Ал әлеу­меттік желі арқылы тараған бейне­жазбада тәрбие­шінің бүкіл әрекеті көрініп тұр. Әкесі қалалық білім беру бө­ліміне, полицияға және Атырау прокуратурасына әлде­неше рет жүгінгенін, бірақ әділет­тілікке қол жеткізбегенін атап өтті. Сайып келгенде, өткен жыл­дан бері тергеу ісіне қанағат­танбаған ата-ананың әлеуметтік желідегі үндеуіне орай жуырда арнайы бри­финг өтті. Атырау қалалық білім беру бөлімінің бас­шысы Фаруза Шангереева бала­бақша­дағы оқиға туралы  өзінің қабыл­дауына келген баланың ана­сынан біл­генін және тәр­бие­шінің әре­кетіне арыз жаз­ғанын айтты.
– Осын­дай дерек бойынша тексеру жүр­гізу біздің құ­зырымыз­ға кірмейді. Біз бұл ша­ғым­ды Бі­лім беру сапасын қам­тамасыз ету жөніндегі облыстық де­партамент­ке жолдадық. Бала­бақша мең­герушісі түсініктеме жазып, өз еркі­мен жұмыстан кету туралы өтініш берді. Тәрбиеші түсініктеме жа­зудан бас тартты, бізбен оның адвокаты хабар­ласып, барлығы сотта түсін­дірілетінін айтты.
Қылмыстық тергеуден басқа Білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі департаменті тек­серу жұмыстарын жүргізді. Осы мекеме басшысының орынбасары Бердібек Таишев тексеру нәти­желері бойынша тәрбиешінің айып­пұлмен ғана жазаланғанын хабарлады. Атырау облысы  Полиция де­партаменті  Тергеу басқар­ма­сының бастығы Нұрмұхамбет Мүтәлиев осы оқиғаға бай­ланыс­ты тәрбие­ші­ге қатысты тергеу әрекеті аяқ­талып, іс сотқа жібер­іліп жат­қанын растады.

Балабақша – баланың өз қатар­ластарымен қарым-қатынасқа түсіп, орта таңдауына, тәрбие­шілер тарапынан оқуға ынталы болуына жағдай жасайтын ұжым­дық ме­ке­­ме. Бұл мекемеде дені сау бала да, ден­сау­­лығында ақауы бар бала да тәрбие алуға құ­қы­лы.

Оның айтуынша, сотқа дейінгі ке­шенді сараптама жүргізіліп,  тергеу амалдары аяқталған. Бүгін­гі таңда тергеу амалдарының қо­рытын­дысымен жәбірленуші ба­ла­­ның ата-анасы танысуда. Жә­бір­ленуші тарап тергеу қо­рытын­дысымен танысқан соң қылмыс­тық іс сотқа жолданатын болады. Біз балабақшада тәрбие­шісінен зәбір көрген баланың анасына бірнеше рет хабар­ласқанымыздан нәтиже шық­пады. Сайып келгенде,  бала­сымен қоса өздері де бірнеше ай бойына күйзелісті өткеріп отыр­ған ата-ананы мазалаушылар аз болмасы анық. Ал кеше түнде  Instagram же­лісіндегі жазбасы өшіріле бергесін  Р.Төкешев түнгі уақытта хабарлап, жазбасын әлеуметтік желіде сақ­тау үшін Instagram stories-не жүк­теп отырғанын баяндаған жазба қалдырыпты. Әлеуметте қоз­ғау салған осы оқиғаға қатысты елі­міз­дің барлық өңірлерінен бала­бақшаларда баланы ұру оқи­ға­сының жиілеп кеткенін жазып, бейне­камералар­ды бақылауға алу қажеттігін жа­зуда. Айтарлығы өт­кен жылы тәрбиешіге жаза қол­данарда бала  денсаулығына бай­ланысты тәр­биеші не себептен өзіне қол жұм­сағанын және тә­ніне тиген соқ­қыны қандай дәре­жеде алғанын айта алмауы қыл­мыс­тық істің қозғалуына қолбай­лау болуы мүмкін деген болжам да айтылуда. Қалай десек те, ата-ана баланы балабақшаға тек­ке бермейді. Балабақша – бала­ның өз қатар­ластарымен қарым-қатынасқа түсіп, орта таңдауына, тәрбие­шілер тара­пынан оқуға ынталы болуына жағ­дай жасай­тын ұжым­дық меке­ме. Бұл меке­ме­де дені сау бала да, денсау­лығында ақауы бар бала да тәрбие алуға құ­қылы. Ал олар­дың осы құқығын бұзуға ешкімнің заңды да, мораль­дық тұрғыда да қақы жоқ екенін педа­гогика ма­ман­дары жа­ды­ларынан шығарып ал­ған секілді. Жалпы, біздің елімізде науқас балаларды жәбірлеу үрдіске айна­лып барады.  Мұндай оқиғалардың  Атырау өңірінде қайталана беруі, осы салада бұл мәселеге ден қо­йып, бақылауға алатын уақыт келгенін көрсетіп отыр. Әйт­песе, халық бұл жағдайды әлеу­мет­тік желі арқылы жеткізбес еді.

Tyrsin

     

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы