Алматыда Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылып жатқан «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы бойынша дайындалған «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығы, «Ұлы даланың көне сарындары» үштомдығының 2-ші томы, сондай-ақ «Ежелгі дәуір әдебиетінің» бестомдығының 2, 3-ші томдары көпшілікке таныстырылды.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында «Дала фольклорының антологиясы» мен «Ұлы даланың көне сарындарын» жасау керегі туралы тапсырмасын институт қызметкерлері аса зор жауапкершілікпен орындағанын айтып өтті.
Бұл туындылар – халықпен бірге жасасып келе жатқан үлкен мәдени, тарихи тағылымға толы танымдық рөл атқарушы рухани күш. Бұрынғы дәстүрлі қоғамда ол әдебиеттің, өнер мен педагогиканың қызметін атқарды. Сол себепті ұлттың дүниетанымы, философиясы, этикасы, эстетикасы, тарихы айшықты да анық көрініс тапқан.
Жұмыс барысында Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаз-оқытушылары мен өнерпаздар, қажеттігіне қарай өңірлердегі дәстүрлі өнер мектептерінен де жыршы-орындаушылар тартылды. Аудиожазба мен цифрландыру жұмыстары арнайы студияларда жүзеге асырылды. Оның баспаға дайындау жұмыстарын институттың ғалым-мамандарынан жасақталған арнайы шығармашылық топ жүзеге асырды және олардың жұмысына редакциялық алқа, жобаның ғылыми жетекшісі, ғылыми және жауапты редакторлар, ғалым-сарапшылар, сондай-ақ институттың ғылыми кеңесі басшылық жасады. Басылымдарға белгілі отандық ғалымдармен қатар алыс-жақын шетел оқымыстылары да сараптама-пікірлер жазды.
«Фольклорлық мұрамыздың жауһарлары іріктеліп берілген бұл антологияның алғашқы бес томы өткен жылы жарық көрді. Оқырманға биыл ұсынылған антологияның алтыншы томына магиялық фольклор, кәсіпке қатысты фольклор, маусымдық ғұрып фольклоры мен отбасылық ғұрып фольклорының таңдаулы үлгілері топтастырылды. Ал жетінші том прозалық фольклордың ертегі жанрына арналған. Мұнда хайуанаттар туралы, қиял-ғажайып, батырлық, новеллалық, сатиралық ертегілердің таңдаулы үлгілері жинақталды. Сегізінші том прозалық фольклордың аңыздық жанрларына арналған. Томға мифтердің, хикаялардың, аңыздардың, әпсаналардың, хикаяттардың, ауызекі әңгімелердің іріктелген үлгілері берілді. Тоғызыншы томға халық өлеңдерінің қара өлең, хат өлең, ән өлең, терме, толғау сияқты түрлері жинақталса, оныншы томға мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, шешендік сөздер, нақылдар, өсиет және қанатты сөздер секілді шағын жанрлар топтастырылды», – деді «Дала фольклорының антологиясы» онтомдығының жауапты редакторы, филология ғылымдарының кандидаты Тоқтар Әлбеков.
Мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асырылған тағы бір тың жоба «Ұлы даланың көне сарындары» антологиясының жетекшісі, өнертану ғылымдарының кандидаты Айнұр Қазтуғанова антологияның 2-томының шығарылуына білікті кәсіби мамандар, күй өнерін тарихи-теориялық тұрғыдан зерттеген күйтанушы-ғалымдар, көне аспаптардың сақталуына ерекше үлес қосып жүрген белсенділер жұмылдырылып, домбыра күйлерінің аймақтық дәстүрлерін жалғастырған күй шеберлерінің тәжірибесі мен білімі ортаға салынғанын айтты.
Елімізде алғаш рет жүйелі түрде іске асырылып отырған «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясының» басты мақсаты – ұлы даланың ежелгі заманнан бергі жазба мұралары мен әдеби жәдігерлерін жинақтап, жүйелеп, зерттеп, жас ұрпақ назарына ұсыну, түркі халықтарына ортақ ежелгі және орта ғасыр әдеби ескерткіштерін неғұрлым толық жарыққа шығару. Жоба жетекшісі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Ежелгі дәуір әдебиеті және түркітану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Қыдыр Төрәлі «Ұлы дала жауһарлары» сериясы «Ежелгі дәуір әдебиеті антологиясының» екінші және үшінші томына енген әдеби жәдігерлер туралы айтып өтті.
Бірнеше томнан тұратын серияның әр томы редакциялық бас алқаның кіріспе мақаласымен ашылып, соңында жазылған түсініктемелерді қамтиды.
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ