"Даниал Ахметов Согра ауданындағы №23 мектептің директорын қызметінен босатып, Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының басшысына сөгіс жариялады", – деп хабарлайды Liter.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өзінің Instagram-дағы парақшасында «Согра ауданындағы №23 мектептің директоры жалған ақпарат бергені үшін қызметінен босатылды» деп жазған.
Өткен аптада Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке Согра ауданындағы №23 мектептің қосымша ғимараты таныстырылды. Әкімнің сапары кезінде онда асхана жұмыс істеп тұрған, мектеп басшылығы жаңа ғимаратта сабақ өтіп жатқанын хабарлаған.
Бұл жаңалықты көрген оқушылардың ата-аналары әкімге бұл «көзбояушылық» екенін айтып шағымданған. Облыс әкімдігі тарапынан жасалған тексеріс бұл ақпаратты растады.
«Бұл мектептің директоры қызметінен босатылды. Облыстық білім басқармасының бастығы нысанды кешіктіріп тапсырғаны және біле тұра жалған ақпарат бергені үшін сөгіс алды», – деп жазды Даниал Ахметов Instagram-да.