Қартаю мен ортаю

Қартаю мен ортаю

Қазақстан халқы қатты қартайып барады. Жақында сарапшылар осындай статистика жариялады. Егер 2014 жылы тұрғындардың 6,8 пайызы 65 жастағы адамдар болса, 2018 жылдың соңында бұл көрсеткіш 7,5 пайызға жеткен. Болжам бойынша 2050 жылға қарай елдегі қариялар саны екі еселенеді.

Негізі, бұл мәселе бүкіл әлем­нің бас ауруына айналған. Әсі­ресе, Батыс Еуропаны ерекше есең­гіретіп отыр. Өйткені халық­тың қартаюы көптеген эконо­ми­калық һәм әлеуметтік түйткілге түрткі болуы мүмкін. Билік қан­ша жерден азаматтарды бала туу­ға ынталандырса да, одан мар­дымды нәтиже шығатын түрі жоқ.

Экономикалық ынтымақ­тастық және даму ұйымының (OECD) зерттеуіне сәйкес, 2060 жылға таман Кәрі құрлық дү­ниежүзілік экономикаға ықпал ететін құдіретінен айрылады. Енді бір 50 жылда еңбекке қа­білетті Мексика мен Индонезия егде тартқан Германияны басып озады. Бірақ мұндай проблема Еуропада ғана емес, Жапония сияқты индустриалды дамыған мемлекеттерде де байқалады. Күн­шығыс елінде ерлі-зайып­ты­лар перзент сүюге құлықсыз. Бала санын бір-екеуден асыр­майды.

Кейбір ғалымдар халықтың қартаю процесін «апаттар ға­сыры», «жаппай соғыстар ғасы­ры», «қантөгістер ғасыры» сана­латын өткен жүзжылдықпен бай­ланыстырады. ХХ ғасыр адам­­заттың жақсылыққа, ізгі­лікке деген үмітін өшірді. Сол кезеңде жазылған романдар, поэ­малар мен картиналар күй­зеліске шалдыққан сырқат сана­дан туғанын анық аңғартады.

Адамзат Бірінші дүниежүзі­лік соғыстан оңалып үлгермей, Екін­ші дүниежүзілік соғысқа шатыл­ды. Одан кейін әлемнің әр түк­пі­рінде жалғасқан майдандар да гу­манитарлық драманы жал­ғас­тырды. «Біз қандай әлемде өмір сүріп жатырмыз?» деген сұ­рақ адам баласының санасын сансы­ратып жіберді. Қысқасы, екі бір­дей жаһан соғысын бастан кеш­кен және индустриясы да­мыған елдерде қартаю көрсеткіші жо­ғары. Бұл кездейсоқтық па? Кім білсін...

Жаңа технологияның арқа­сында тұрмыс жайланды, уақыт молайды. Алайда адамдар өсіп-өніп, ұрпақ өрбітуге емес, өліп-өшіп жұмыс істеуге көбірек ден қойды. Рухани құндылықтардың орны ауысты.

Сонымен әлем жұртының қар­таю себебіне өзімізше ой жүгірттік. Ал оның салдары қан­дай болмақ?

Алдымен экономикалық жа­ғына үңілейік. Халық қартайса елдегі тұтыну саласын түбегейлі өзгертуге тура келеді. Жастар мен кәрілердің талғамы әртүрлі бол­ғандықтан, өндірістік бағыт өзге­ріске ұшырайды, тауар түр­лері мен қызмет көрсету секторы жа­сы ұлғайған клиенттердің қажет­тілігіне бейімделеді. Жеке­леген технологиялық опе­ра­ция­лар, көліктер, құрылғылар мен құрал-жабдықтар егде жұмыс­шы­лардың сұранысына ыңғай­ланады.

Халық қартайса зейнеткер­лердің үлесі артып, зейнетақы шығындары көбейеді. Мәселен, Қазақстанда 2019 жылдан 2050 жылға дейін әлеуетті қолдау коэф­фициенті екі есе төмендейді деген жорамал бар. Яғни, 65 жас­тан асқан бір зейнеткерге ең­бекке қабілетті жастағы 3,5 адам­нан келеді. Салыстырып көрейік: 2018 жылдың соңында бір зей­неткерге 6,8 жұмысқа жарамды адам, ал 2014 жылы 7,5 адамнан айналатын. Бұл көрсеткіш еңбек нарығына, экономика деңгейіне әсер етеді, мемлекет қазынасына зіл батпан жүк түседі.


Халық қартайса отбасы институты да зардап шегеді. Бүгінде Батыс Еуропа мен Шығыс Азия елдерінде кереғар ахуал қалыптасқан: көзі тірі ата-әже көп те, оларға еркелейтін немере аз.


Халық қартайса денсаулық сақтау саласының да ауыр сал­мақтан белі қайысады. Неге де­сеңіз, жасы ұлғайған сайын әрбір адамның медициналық көмекке мұқтаждығы өседі. Сондықтан емдеу мекемелерінің желісін ке­ңей­тіп, денсаулық сақтау жүйесін қайта құрып, қосымша қаражат тарту қажет. Мемлекет науқас­тарды назардан тыс қалдырмау үшін қосымша ресурс іздеуге мәж­­бүр болады. Жалпы, бұл – қазір­ден бастап қамданатын жағдай.

Халық қартайса отбасы инс­титуты да зардап шегеді. Бүгінде Батыс Еуропа мен Шығыс Азия елдерінде кереғар ахуал қалып­тасқан: көзі тірі ата-әже көп те, оларға еркелейтін немере аз. Осылай кете берсек, ертең бізде де бір адамнан тұратын отбасылар үйреншікті көрініске айналады. Қарттар үйі көбейеді. Қоғамды жалғыздық жайлайды.

2017 жылдың күзінде Бейжің қаласында қартаю үрдісіне қарсы күрес мамандарының алғашқы дүниежүзілік саммиті өтті. Бас­қосу барысында сарапшылар адам өмірінің ұзақтығы 150 жас­қа дейін жетуі мүмкін деген бол­жам жасады. Ғалымдардың пікі­рінше, қартаю – тіршілік заңы, дегенмен оны дәрігерлер мен генетиктердің бірлескен күшімен тежеуге болады. Егер қартайған тұрғындардың орташа жасы 100-ге жетсе, онда зейнет жасын 80-ге дейін ұзартудан басқа жол қалмайды. Бұл өз кезегінде жұ­мыссыздыққа, әлеуметтік шие­леніске әкеп соғады. Қазірдің өзінде Қазақстанда зейнет жасын ұлғайту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.

Әйтсе де, сарыуайымға са­лынып, ақырзаман шақырмайық. Ақ сақалды аталар мен ақ самай­лы әжелер бар жерде береке бар. Ғұлама Қадыр ақын айтады:

– Күш-жігерін жастардың берер ме еді қарттарға,
Кейбір қарттар секілді тартыншақ бір артқы арба.
Бар ақылын қарттардың берер ме еді жастарға,
Су сияқты керек ол жалын толы бастарға.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ