Қарағандыда әлі де Әлиханға орын жоқ
Қарағандыда әлі де Әлиханға орын жоқ
157
оқылды

Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданына ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның есімін беру мәселесінің көтерілгені­не жеті жыл уақыт өтті. Қазіргі Парламент депутаты Нұрлан Дулатбеков 2012 жылы об­лыс­­тық ономастикалық ко­мис­­сияға Майқұдыққа Алаш қайраткерінің атын беру ту­ра­лы ұсыныс жолдайды. Алайда бұл мәселе халыққа түсін­діру жұмыстары жүр­гізілмеген деген желеумен жылдан-жылға кері шегеріліп келеді. Жеті жыл – аз уақыт емес. Кө­мірлі шаһардың тұрғын­да­рына Әлихан Бөкейханның өмі­рі мен қызметін наси­хат­тап, түсіндіруге жеткілікті уақыт. 

Октябрь ауданында 250 мың­нан аса халық тұрады. Басым бө­­лігі ауылдан көшіп келген жер­гі­­лікті ұлт. Майқұдық халқы Әли­хан­­ның кім екенін түсіндіруге мұқ­­таж емес. Тек жергілікті билік аудан атын өзгертуден туатын қиын­­дықтан қашқақтайтын се­кіл­­ді. Ондай долбарға негіз де бар.

Биыл Қарағанды қаласында ескірген көше атауларын ауыс­ты­ру туралы қоғамдық тыңдау өтпе­ді. Былтыр жыл соңында қаладағы 17 көшенің атын өзгерту туралы екі рет қоғамдық тыңдау өткізіл­ген болатын. Көше атауларын өз­гертуді қолдап 400 адам жинал­ды. Қарсы болған ешкім жоқ. Ал биыл неге бұл мәселені жоспардан сызып тастағандары беймәлім. Қала әкімі мен оның аталған сала­ға жауапты орынбасары үшін бұл маңызды мәселе емес сыңайлы.

2014 жылы Қарағанды облысы Тілдерді дамыту жөніндегі бас­қар­масының cол кездегі бас­шы­сы болған Өмірзақ Аман­тайұлы «Биыл ономастика комис­сия­сында Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкей­хан­ның есімін беру, Новоселов көшесіне Жанқожа батырдың, Ленин көшесіне Әбілқас Сағы­нов­тың, Лободы көшесіне Мәди Бәпиұлының, Волочаевская көшесіне Әсет Болғанбаевтың, Молоков көшесіне Олжабай батырдың, Кривогуз көшесіне Қасым Аманжоловтың, Гоголь көшесі мен Республика даңғылын Абай даңғылы деп атауды сұраған тілектер қаралатын болады» деп газетімізге сұхбат берген еді. Со­дан бері бұл көшелердің аты өзгер­ген жоқ, кеңестік атаулар әлі сыңсып тұр.

 

Октябрь қашан ауысады?

2016 жылы Алаш көсемінің 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО­ көлемінде аталып өтті. Атал­ды деген аты ғана. Жетім қыздың тойындай, облыс орта­лы­ғынан шалғай жатқан ауданда ырымы жасалды. Сол тойда облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібе­ков «Қарағанды облысын­да Әлихан Бөкейхан атындағы аудан пайда болады» деп мәлімдеді. Іле-шала Қарағандыда он шақты ғана мүшесі бар «Сарыарқа» атты пікір­талас клуб мүшелері жина­лып, әкімнің мәлімдемесіне қар­сы шықты. Пікірталас клубы­ның мүшесі Юрий Мирзоев «Қара­ғанды облысының әкімі Н.Әбді­бековтің Ә.Бөкейханның атын Октябрь ауданына беру туралы ұсынысына қарсымыз», – деді. Тұтас халықтың алдында уәде берген әкім 10 адамнан тұратын клубтан қаймығып, бұл мәселені жабулы қазан күйінде қалдырды.

2017 жылы кеншілердің мәде­ниет сарайында сол кездегі аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков халыққа есеп берді. Екі сағатқа созылған кездесуде отызға жуық сұрақ қойылды. Оның ішінде тек жалғыз сұраққа Н.Әбдібеков нақты жауап бере алмады. Ол Октябрь ауданына Әлихан Бөкей­ханның есімі беріліп, ескерт­кіші ашылады деген уәдесіне қатысты болды. Қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов Октябрь төңкерісінің қазаққа әкелген зұлматы туралы 18 минут баяндады.

– Кеңес үкіметі құлаған шақта біз Кеңес үкіметін сатып кеттік. Себебі ол кезде ұлттың батыры өз әкесін сатқан Павлик Морозов болды. 70 жыл ішінде Кеңес үкіметі 70 миллион адамды өлтіріпті. Сіз, әкім мырза Октябрь ауданы Әлихан Бөкейханның есімі беріледі деп уәде бердіңіз. «Октябрь» қазаққа не алып келді? Азамат соғысы, қызыл террор, 4 миллион адам көз жұмды, Қа­зақстанның өзінде 500 мың адам қаза тапты. Ақтар қызыл­дар­мен, қызылдар ақтармен соғысты. Ақтар да, қызылдар да қазақтарды еш аяусыз өлтірді. Қазақтың қан­шама қайраткерлерін жер ау­дар­тып жіберді. Қайтып кел­ген­дерін жазалады. 1992-1996 жылдары Мос­квада 600 көше атауын өз­герт­ті. Орталық Октябрь ауданы­ның аты ауыстырылды. Бірде-бір Москва тұрғыны қарсы болып, көшеге шыққан жоқ. Одан кейін Октябрь алаңының атын өзгертті. Октябрь алаңының атауын өз­герт­кенде де ешкім қарсы шық­пады. Ленинград қаласында­ғы Октябрь ауданын, Ленин ауданы­ның атауын ауыстырды. Қара­ған­дыдағы Октябрь ауданына қашан Әлихан Бөкейханның есімі бе­рі­ле­ді? – деді Айтқожа Фазы­лов. Облыс әкімі ақсақалдың сұрағын жауапсыз қалдырды.

 

Ленин көшесіне телміре қараймыз

Облыс көлеміндегі көше­лердің 28 пайызы егемендігімізге сай келмейтін қисынсыз атаулар. Бұл, әсіресе Қарағанды, Шах­тинск, Теміртау, Саран қала­ла­рында, Осакаров, Абай, Бұқар жырау аудан­дарында кең көрініс тапқан. Соңғы жылдары ономас­тика жұмыстарын жүргізуге жа­рия­ланған мораторийлерге бай­ла­­нысты бұл жұмыстар тоқтап тұрды. Ұлттық санақ пен сайлау науқаны кезінде азаматтардың мекен­жа­йын­­­дағы мәліметтердің дәлдігіне көз жеткізу үшін уақыт­ша бірнеше мараторий жария­ланды.

Қарағанды ономастикасы қайта жанданып, өзінің тарихи атаулары қалпына келген кезең 1990-2000 жылдар болды. Ұлттық ономастиканың дерек қоры мен ғылыми-тұжырымдамалық және әдістемелік негіздері біршама же­тіл­­­ді. Бұл жылдары Қарағанды об­­­лысында бұл саясат өз нәти­же­сін көрсетіп, бірнеше қала, аудан, кент, ауыл және басқа да білім беру, мәдени ұйым секілді нысанның атауы өзгерді. Мәсе­лен, Мичурин ауданы Абай ауда­ны, Ульянов ауданы Бұқар жырау ау­да­ны, Совет ауданы Қазыбек би ау­­даны, Никольский қаласы Сәт­баев қаласы болып қайта өзгер­­тіл­ді.

Қарағанды – Қазақстандағы Абай атындағы көшесі жоқ жал­ғыз шаһар. Есесіне, Ленин көше­сі­не зәулім ескерткішін қонды­рып, жанына Ленинге арнап музей ашып, кинотеатрға «күн кө­семі­нің» атын беріп, кеңестік кезеңді насихаттап отыр. Яғни, мемлекет­тік саясат тәуелсіздік құндылық­тарын, рухани жаңғыру бағдарла­масын насихаттап жатса да, бұл ауқымды әрі маңызды ұлт­тық бастамалар «Октябрь төң­ке­рі­сі­нің көсемі» жылжымаған Қа­­ра­­­ғандыға еш қатысы жоқ сы­­ңай­лы.

Ақын, «Алаш» сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы Әли­хан­­ға қиянат жасалып отыр деп есептейді.

– Әлихан Бөкейханға өз дең­ге­йінде құрмет жасалмай отыр. Біз­дің әкімдіктегілер бір-екі қар­сы­лықтан именіп, Алаш қай­раткерінің атын беру мәселесін жылдан-жылға кері шегеріп отыр. Өзге ұлттарға жалтақтаудың қа­же­ті жоқ. Біз орыс мемлекетінің тарихы мен әдебиетін Абай арқы­лы таныдық. Абай бізге бір ғасыр бұрын орысты танытып кетті. Біз сияқты олардың өтке­ніне құр­метпен қарайтын ел жоқ. Ал біз өз тарихымызды, елді­гімізді осын­­дағы өзге ұлт өкілдеріне әлі таны­та алмай отырмыз. Олар біз­дің тарихты білмейді. Сол себеп­ті қарсы болып отыр. Өз ардақ­ты­лары­мызды біз құрметте­месек, басқалар сыйлай ма? Әли­ханды террорист деп айтыпты «Сары­арқа» клубында. Оларға тек сондай ақпарат берілген. Жер­гілікті билік осы уақытқа дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізбесе, Әлиханның кім екенін олар қайдан білсін? Әлиханға аудан атын беруді қоғамдық талқылауға салудың өзі ұят мәселе. Оны да­уыс­қа салмай ақ беру керек», – деді Серік Ақсұңқарұлы.

Қоғам белсендісі Айтқожа Фазылов Алаш ардақтысының есі­мін даулап жүргеніне аз уақыт болған жоқ.

– Осы облысты басқарған бір­не­ше әкімнің қабылдауында он-он бес рет болып, осы мәселені көтер­дім. Еш нәтиже жоқ. Бұл аудан­ның бұрынғы аты Сталин болатын. 1964 жылы Октябрьге ауыстырды. Содан бері 45 жыл өтті Октябрьдің атын жамылғаны­на. Ол тарихи атау емес. Кеңестік кезең қанына сіңіп кеткендер қимай отыр. Мәселен, Спасскіде қуғын-сүргін көргендерге арнап елу-алпыс ұлтқа монумент орна­тылған. Оның ішінде қазаққа арнал­ған ескерткіш жоқ. Сол қырғында қазақтың үштен бірі қырылды. Мен осы туралы ішкі саясатқа айтқанмын. Қай жерге қояйық деп сұраған, сол күйі із-түссіз кетті, – дейді белсенді.

– Біз, қазақ халқы Әлиханның қадіріне жеткен жоқпыз. Оның бір көрінісі жер-жерде Әлихан­ның атымен аталатын елді мекен­дер мен мекемелер жоқ. Ол әуелі туған жері Қарағандыдан баста­луы керек. Сонда бұл біздің Әли­хан­ның алдындағы парызымызды өтегеніміздің көрінісі болар еді. Алашқа мүлтіксіз қызмет еткен Әли­ханды бағалап жатса, қазақ хал­қының, Қарағандының көре­гендігі болар еді. Әлихан – дос­тық­тың символы. Ол тең құқық­тық мемлекет құрғысы келді. Әли­хан еш ұлтқа жат емес. Бүкіл адамзаттың бақытын армандаған тұлға, қазақтың ұлт көсемдерінің бірі. Октябрь ауданына Әлихан­ның есімі берілгені дұрыс деп ойлаймын, қолдаймын, – дейді жазушы Дидар Амантай

Бүгінде облысқа келген жаңа бас­шының қарқыны қатты. Әлеу­мет­тік желілерде халықпен тіке­лей байланысқа шығып, мәсе­ле­нің тамырын дөп басуда. Шалғай аудандарды аралап шықты. Алай­да Әлихан мәселесі тағы да назар­дан тыс қалып барады. Ұлт көсе­мінің атқарған еңбегі, оны қазіргі және кейінгі ұрпаққа паш ету бір ауданның атауын ауыстыруға қа­рап қалмағаны белгілі. Алайда қазақ үшін келмеске кеткен қан­құй­лы Октябрьден еліне еңбегі сіңген Алаш арысы анағұр­лым жақын әрі ардақты екенін еске салғымыз келеді.


Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, 
Қарағанды облысы