Жақсылық жасап жарысайық...
Жақсылық жасап жарысайық...
326
оқылды
Қайырымдылық қазақ­тың қанында бар. Қолда болса басқаның мұқтажын қаржылай шешу немесе үй салғанда асарлатып қол ұшын беруден қаш­пай­мыз. Бірақ көмек сұ­рап халықты ал­даушы­лар да қылаң бе­ріп қала­тыны бар...

Арамдық...

Жақында «туған ағам ауру, соның еміне қаражат керек» деп жылу жинаған Павлодар тұрғыны құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түсті. Тексеру кезінде анықталғандай, алаяқтың ағасы сап-сау әрі бөлек тұратыны, інісімен араласпайтыны белгілі болған. «Ер адам таныстарына ағасының қатерлі ісік ауруына шалдыққанын және емдеуге шұғыл ақша керек екенін айтып ақша алған. Адамдардың мейірімі мен сенімін пайдаланып, бес павлодарлықты алдап, бес мил­лион теңгеден астам қаржы­сын алып кеткен» деп хабарлады Павлодар облыстық полиция де­пар­таментінің баспасөз қыз­меті. Күдікті алдау арқылы жинаған ақшаны өзіне жұмсаған.

Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейін­гі тергеу жүргізілуде. Егер сот күдіктіні кінәлі деп таныса, онда оған мың айлық есептік көрсет­кішке дейін немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық қызмет көрсету айыппұлы салынады.

Сондай-ақ аталған бап бойын­ша мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге бас бос­тан­дығы шектелуі мүмкін.

Қазақстанда 2015 жылы 16 қарашада «Қайырымдылық туралы» заң қабылданды. Алайда заңда қайырымдылық жұмыс­та­рын бақылаушы, жүйелеуші мекеме көрсетілмеген. Нақты қанша адам алаяқтықпен ақша жинап жүргені тағы белгісіз. Соң­ғы кездері елімізде, әсіресе, ірі сауда орталықтарының алдында науқас балалардың еміне деп қаржы жинаушылар да көбейіп кеткен. Жазда ел арасында «Мейі­рімділік» еріктілер қоғамының атын жамылған алаяқтар бар екені белгілі болды. «Осындай алаяқтардан абай болу үшін 2006 жылдан бері қайырымдылық ақшаны қолма-қол жинамаймыз. Әрбір балаға банктен арнайы шот ашып, көпшіліктен түсетін қар­жы­ны сонда сақтаймыз және әр 10 күн сайын жиналған қордың шығыны туралы сайт арқылы есеп беріп келеміз» деп Аружан Саин көпшілікке жар салды. Алаяқ­тықты әшкерелеуге қатыс­қан Zko.kz сайтының журналисі «Үміт оты» атты қордың сеніміне кіріп, оларға ерікті болып жұ­мыс­қа тұрады. Нәтижесінде, ха­лық­тан жиналған ақша бала­ның еміне емес алаяқтардың қал­та­сы­на кетіп жатқаны анық­талған.

Мұндай сорақы іс шет мемле­кет­терде жиі тіркеледі. Брази­лияда 130 мың фунт стерлинг ұр­­лаған (шамамен 59 100 000 тең­ге) ер адам тұтқындалды деп жаз­ды Stan.kz. Ол қатты науқа­с­та­нып қалған ұлының еміне жұмсалуы тиіс ақшаны оңды-солды өз мұқтажына жұмсаған. 37 жастағы Матеус Альвесті полиция 22 шілдеде елдің солтүстік-шығы­сын­да, теңіздің жағалауында ор­на­ласқан бес жұлдызды қонақ­үй­де ұстады. Оны тұтқындау кезінде бөлмесінен қымбат сағат, дизай­нер­лік киім, әтір және есірткі табылған болатын. Ауыр дертке шалдыққан бала қымбат тұратын препараттың алты инъекциясы­нан құралған курстан өтуі тиіс болған. Дәрінің әр дозасы 81 мың фунт стерлинг (37 233 000 теңге) тұрады. Бір жыл ішінде қайырым­ды­лыққа берілген ақшаның, қайырымдылық акциялардың, краудфандингтік шаралардың көмегімен 216 мың фунт стерлинг жиналған болатын. Аталған шараларға танымал спортшылар, полицейлер, қарапайым тұрғын­дар қатысқан. Баланың анасы күйеуім ақша ұрлап кетеді деп ой­ламаған екен. Өйткені ол әйе­лі­нің көз алдында әрдайым адал, ұлын жақсы көретін әке болған.   Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды...

Адалдық...

Негізінде, елімізде қайырым­ды­­лық­пен айналысып, халықтың ықы­ласына бөленіп жүрген ұйым­дар жетерлік. Мысалы, «Дара», «Сәби», «Ниет», «Бауыр­жан», «Добровольное общество милосердие» сияқты қайырым­ды­лықпен айналысатын ұйымдар мен Асқар Жакулин, Болат Өте­мұра­тов атындағы жеке қайы­рым­дылық қоры бар. Аружан Саин жетекшілік ететін «Добро­воль­ное общество милосердие» қайырымдылық қоры 2006 жылы негізі қаланғаннан 2018 жылға дейін 348 баланың еміне 2 млн АҚШ долларынан асатын қаржы жинаған. 2018 жылдың өзінде қор­ға 281 млн теңгеден астам қара­жат түскен. Оның 16,5 млн теңге­ден көбі SMS-тен түскен қаржы. Мұнымен қоса отандық компаниялар да қайырымдылық­пен айналысады. 2016-2017 жыл­да­ры еліміздегі компаниялар қайы­рымдылық пен демеу­шілікке 131 млрд теңге көлемінде қаржы бөл­гені белгілі болды. Аталған ұйымдар тек науқас­тардың еміне ақша жинап, мұқтаждарға көмек қолын беру­ден бөлек, мектеп, аурухана, спорт­залдар салуға көмек қолын созады.

Жыл басында бес баланы өрт жалмағанда халықтың қабырғасы қайысты. Әркім көмек ретінде қаржылай көмек беруге ұмтылды. Соңғы екі жүз теңгесін салғандар да болды. Мешітте арнайы шот ашылып, марқұмдардың әке-шешесіне сол түскен қаржыға пәтер алып берді. Бұл «көп түкірсе – көл» дегенді растай түседі...

Әлеуметтік желілерде де жақ­сы­лық жасап жарысып жатқандар көп. Олардың бір жақсы жері әр түскен тиынға есеп беруінде. Кө­бі­не жалғызбасты аналар, мүге­дектерге азық-түлік, киім-ке­шек­пен көмекте­седі. Ал көпба­лалы отба­сыларға пәтер сыйлап жат­қан­дар да бар. Мысалы, 2018 жы­лы Шымкентте мектеп бітір­ге­ніне 20 жыл толған түлек­тер 7 баланың анасына үй алып берді. Игі іс биыл да жалғасын тауып, Түр­кістан облысы Шардара ауда­ны Қоссейіт ауылындағы «Сыр­да­рия» жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері 20 жылдық­қа орай Волоткиндер отбасына баспана тарту етті. Үйлі болып, қуанышқа кенелген Андрей және Анастасия Воло­китиндердің 9 перзенті бар. Отағасы Андрей тұр­мыстық техникаларды жөн­деу­­мен, ал әйелі Анастасия мен балалары шаруа қожалықта­рында жал­данып жұмыс істейді. Соны­мен бірге ауыл әкімдігімен бір­ле­сіп, электр жарығы мен ауызсумен де қамтамасыз етті.

Түйін.

Әрине, жақсылық жасап жарысып, қолында болса бөліс­кенге не жетсін?! Бірақ кейде өз қарақан басының қамын ойлап, ақ ниетке нұқсан келтіру­шілер шығып жатады. Сондықтан алданып қалмас үшін ақпарат­тар­ды тексеріп алған абзал. Өйт­кені жәрдем беремін деп, алаяқ­тар­дың қал­тасына қаражаты­ңыз­ды қолы­ңызбен салып беруіңіз әбден мүмкін.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ