Қайырымдылық қазақтың қанында бар. Қолда болса басқаның мұқтажын қаржылай шешу немесе үй салғанда асарлатып қол ұшын беруден қашпаймыз. Бірақ көмек сұрап халықты алдаушылар да қылаң беріп қалатыны бар...
Арамдық...
Жақында «туған ағам ауру, соның еміне қаражат керек» деп жылу жинаған Павлодар тұрғыны құқық қорғау қызметкерлерінің қолына түсті. Тексеру кезінде анықталғандай, алаяқтың ағасы сап-сау әрі бөлек тұратыны, інісімен араласпайтыны белгілі болған. «Ер адам таныстарына ағасының қатерлі ісік ауруына шалдыққанын және емдеуге шұғыл ақша керек екенін айтып ақша алған. Адамдардың мейірімі мен сенімін пайдаланып, бес павлодарлықты алдап, бес миллион теңгеден астам қаржысын алып кеткен» деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі. Күдікті алдау арқылы жинаған ақшаны өзіне жұмсаған.
Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Егер сот күдіктіні кінәлі деп таныса, онда оған мың айлық есептік көрсеткішке дейін немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық қызмет көрсету айыппұлы салынады.
Сондай-ақ аталған бап бойынша мүлкі тәркіленіп, екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығы шектелуі мүмкін.
Қазақстанда 2015 жылы 16 қарашада «Қайырымдылық туралы» заң қабылданды. Алайда заңда қайырымдылық жұмыстарын бақылаушы, жүйелеуші мекеме көрсетілмеген. Нақты қанша адам алаяқтықпен ақша жинап жүргені тағы белгісіз. Соңғы кездері елімізде, әсіресе, ірі сауда орталықтарының алдында науқас балалардың еміне деп қаржы жинаушылар да көбейіп кеткен. Жазда ел арасында «Мейірімділік» еріктілер қоғамының атын жамылған алаяқтар бар екені белгілі болды. «Осындай алаяқтардан абай болу үшін 2006 жылдан бері қайырымдылық ақшаны қолма-қол жинамаймыз. Әрбір балаға банктен арнайы шот ашып, көпшіліктен түсетін қаржыны сонда сақтаймыз және әр 10 күн сайын жиналған қордың шығыны туралы сайт арқылы есеп беріп келеміз» деп Аружан Саин көпшілікке жар салды. Алаяқтықты әшкерелеуге қатысқан Zko.kz сайтының журналисі «Үміт оты» атты қордың сеніміне кіріп, оларға ерікті болып жұмысқа тұрады. Нәтижесінде, халықтан жиналған ақша баланың еміне емес алаяқтардың қалтасына кетіп жатқаны анықталған.
Мұндай сорақы іс шет мемлекеттерде жиі тіркеледі. Бразилияда 130 мың фунт стерлинг ұрлаған (шамамен 59 100 000 теңге) ер адам тұтқындалды деп жазды Stan.kz. Ол қатты науқастанып қалған ұлының еміне жұмсалуы тиіс ақшаны оңды-солды өз мұқтажына жұмсаған. 37 жастағы Матеус Альвесті полиция 22 шілдеде елдің солтүстік-шығысында, теңіздің жағалауында орналасқан бес жұлдызды қонақүйде ұстады. Оны тұтқындау кезінде бөлмесінен қымбат сағат, дизайнерлік киім, әтір және есірткі табылған болатын. Ауыр дертке шалдыққан бала қымбат тұратын препараттың алты инъекциясынан құралған курстан өтуі тиіс болған. Дәрінің әр дозасы 81 мың фунт стерлинг (37 233 000 теңге) тұрады. Бір жыл ішінде қайырымдылыққа берілген ақшаның, қайырымдылық акциялардың, краудфандингтік шаралардың көмегімен 216 мың фунт стерлинг жиналған болатын. Аталған шараларға танымал спортшылар, полицейлер, қарапайым тұрғындар қатысқан. Баланың анасы күйеуім ақша ұрлап кетеді деп ойламаған екен. Өйткені ол әйелінің көз алдында әрдайым адал, ұлын жақсы көретін әке болған. Ер адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды...
Адалдық...
Негізінде, елімізде қайырымдылықпен айналысып, халықтың ықыласына бөленіп жүрген ұйымдар жетерлік. Мысалы, «Дара», «Сәби», «Ниет», «Бауыржан», «Добровольное общество милосердие» сияқты қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар мен Асқар Жакулин, Болат Өтемұратов атындағы жеке қайырымдылық қоры бар. Аружан Саин жетекшілік ететін «Добровольное общество милосердие» қайырымдылық қоры 2006 жылы негізі қаланғаннан 2018 жылға дейін 348 баланың еміне 2 млн АҚШ долларынан асатын қаржы жинаған. 2018 жылдың өзінде қорға 281 млн теңгеден астам қаражат түскен. Оның 16,5 млн теңгеден көбі SMS-тен түскен қаржы. Мұнымен қоса отандық компаниялар да қайырымдылықпен айналысады. 2016-2017 жылдары еліміздегі компаниялар қайырымдылық пен демеушілікке 131 млрд теңге көлемінде қаржы бөлгені белгілі болды. Аталған ұйымдар тек науқастардың еміне ақша жинап, мұқтаждарға көмек қолын беруден бөлек, мектеп, аурухана, спортзалдар салуға көмек қолын созады.
Жыл басында бес баланы өрт жалмағанда халықтың қабырғасы қайысты. Әркім көмек ретінде қаржылай көмек беруге ұмтылды. Соңғы екі жүз теңгесін салғандар да болды. Мешітте арнайы шот ашылып, марқұмдардың әке-шешесіне сол түскен қаржыға пәтер алып берді. Бұл «көп түкірсе – көл» дегенді растай түседі...
Әлеуметтік желілерде де жақсылық жасап жарысып жатқандар көп. Олардың бір жақсы жері әр түскен тиынға есеп беруінде. Көбіне жалғызбасты аналар, мүгедектерге азық-түлік, киім-кешекпен көмектеседі. Ал көпбалалы отбасыларға пәтер сыйлап жатқандар да бар. Мысалы, 2018 жылы Шымкентте мектеп бітіргеніне 20 жыл толған түлектер 7 баланың анасына үй алып берді. Игі іс биыл да жалғасын тауып, Түркістан облысы Шардара ауданы Қоссейіт ауылындағы «Сырдария» жалпы орта мектебінің 1999 жылғы түлектері 20 жылдыққа орай Волоткиндер отбасына баспана тарту етті. Үйлі болып, қуанышқа кенелген Андрей және Анастасия Волокитиндердің 9 перзенті бар. Отағасы Андрей тұрмыстық техникаларды жөндеумен, ал әйелі Анастасия мен балалары шаруа қожалықтарында жалданып жұмыс істейді. Сонымен бірге ауыл әкімдігімен бірлесіп, электр жарығы мен ауызсумен де қамтамасыз етті.
Түйін.
Әрине, жақсылық жасап жарысып, қолында болса бөліскенге не жетсін?! Бірақ кейде өз қарақан басының қамын ойлап, ақ ниетке нұқсан келтірушілер шығып жатады. Сондықтан алданып қалмас үшін ақпараттарды тексеріп алған абзал. Өйткені жәрдем беремін деп, алаяқтардың қалтасына қаражатыңызды қолыңызбен салып беруіңіз әбден мүмкін.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ