«Балуан Шолақ» жүлде алды

«Балуан Шолақ» жүлде алды

Qazygurtfilm кино­сту­­дия­сы­ның төл туын­дысы «Бал­уан Шо­лақ» көркем фи­льмі Үндіс­­тандағы Ха­лықа­ралық кино­фес­ти­вальде жүлде алды.

Осымен 50-ші рет өткен «А» дә­режелі IFFI-2019 кино­фес­ти­ва­лін­де әлемнің түкпір-түкпірінен кел­ген 300 фильм бақ сынады. Соның ішінде 60-тан астам фильм­нің әлемдік тұсауы кесілді. Сценарийін Дулат Исабеков жаз­ған, Нұргелді Садығұлов режис­сер­лік еткен фильм «Алтын пав­лин­ге» ие болды. Сыйлықты Нұр­гелді Садығұлов пен актер Ерке­бұлан Дайыров алып қайтты.

Туындының қоюшы режиссері Нұргелді Садығұлов салтанатты кештегі әсерімен бөлісіп, байқау­дың маңызын айтып берді.

– Үндістанның Гоа қала­сын­да 50-халықаралық «Алтын павлин» кинофестивалі өтті. Бай­қау­ға 300-ден астам кино қатысты. Біз қатысқан бөлімде 60-тан астам кино болды. Бұл негізгі конкурсқа жатпайды. Әлемдік премьера деп белгіленеді. 60 фильмнің ішінде 6 фильм арнайы жүлдеге ие болды. Еркебұлан Дайыров екеумізге «Алтын павлин» сыйлығын табыс­тады. «Балуан Шолақ» фильмі ар­қылы елімізді, балуан атамызды таныстырып қайттық. Көпшілік жылы қабылдады, зал лық тол­ды. Осының арқасында басқа кино­фестивальдерден де шақыру түсті,– деді режиссер.

Сонымен бірге Нұргелді Серік­ұлы қазақ киносын Үндіс­тан­ның жылы қабылдағанын жеткізді. Еліміздің табиғатына тамсанып, ұлттық мәдениетті, өнерді киноға арқау еткенімізге тәнті болыпты.

«Фильмде оларға ең қатты ұна­­ған дүние – біздің елдің таби­ға­ты. Балуанның ерлігі. Өйткені үндіге өте жақын тақырып екен. Өздерінде де «Балуан Шолақ­қа» ұқсас елін-жерін қорғаған ба­тырлар бар екен. Олар соған ұқ­сатты. Драматургиясы ұнады. Қо­нақүйге тоқтаған бірінші күн­нен Еркебұланды «Балуан Шолақ» деп елдің бәрі танып, алдынан шығып жатты. Фести­валь ерекше әсер сыйлады. Туындыда Кереку, Жа­лаңаш, Кеген, Көкшетау, Зе­ренді, Бурабай, Алматы өңі­рін түсірдік. Тұмса табиғат шетелдіктерді де тамсандырды. Тіпті «сендерге ке­ліп кино түсірсек бола ма?» деп сұрақ қойды. Елімізде «Ұлттық киноны қорғау» орталығы барын, сол жерде жұмыс істеуге жағдай жасал­ғанын айтым. «Балуан Шо­лақ­тың» Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілгенін, бас продюсері Сәбит Әбдіқалықовтың еңбегін атап өттім», – деді ол.

Әлемдік премьерасы Гоада өт­кен көркем фильмді «Хабар» және «Қазақстан» ұлттық телеар­насы эфир­ден көрсетті.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ